шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Пойызға тас лақтырған бала

Пойызға тас лақтырған бала

Өркен ауылынан келе жатқанмын. Алыстан теміржол бойында ойнап жүрген үш кікентай баланы көзім шалды.

Ар жағынан жүйткіп келе жатқан жүк пойызымен жарыса жүгірген әлгі балалардың бірі жерден тас алып, вагондарға лақтыра бастады. Лақтырған сайын өзі де пойызға жақындай түседі. Қалған екеуі қорқасоқтап қарап тұр. «Апыр-ай, қате болмаса жарар еді» деп әлгі баланы уайымдай бастадым. Әйтеуір пойыз да өте шықты, балалар да теміржолдан түсіп, ауылға қарай бет алды.

Үшеуін шақырып алып, ішіндегі тентегінен неліктен пойызға тас лақтырғынын сұрадым. Бастапқыда аспаннан түскендейтүк білмегенсіп тұрған жылтыр бала бәрібір жауап алмай қоймайтынымды білді ме, сәлден соң «мен едім» деді төменшіктеп. Қатесін мойындағанына ішім жылып, ағалық ақылымды айта бастадым.

-Теміржол бойында жүру, тас лақтырып, пойызбен жарысу қаншалықты қауіпті екенін білесіңдер ме?

-Иә... -Жақында болған жағдай естеріңде ме?

-Қандай?

-Теміржол бойында пойыздың жүк көлігімен түйіскенін айтам.

-Иә, білеміз. Ана жерде ғой. Балалар жамырасып, анаукүні болған апатты оқиға орнын көрсетіп жатыр. Алайда көргенін түйіп, нәтиже шығара қоятын естияр балалар емес еді. Қызық көріп пойызға кесек лақтырып ойнап жүріп, орны толмас өкінішке ұрынбасына кім кепіл?

Иә, қараусыз жүрген баланың қатесі көп болатыны белгілі. Ал, оларды аяғы жеткен жерге дейін жіберіп қойып, алаңсыз жүретін ата-анаға не деуге болады? Көзінің ағы мен қарасындай сүйкімді балақайлар бір қатеге ұшыраса, бірінші болып қайғыратын жандардың бала қараудағы жайбарақаттығы қайран қалдырады кейде. Қараусыз, жолда, әсіресе, теміржол бойында балалардың ойнап жүруі үлкен қатеге ұрынудың төте жолы десек, артық емес. Шойынжолда асыр салған балалардың зияны алдымен өздеріне, содан соң өзгеге тиюі ықтимал. Оны теміржол бойында орын алып жатқан түрлі оқиғалардан білуге болады. Соңғы жылдары республикамыздың ішкі жолдарын, соның ішінде өңір арасын жақындататын темір жол желілерін жетілдіруге көп көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде жолаушылар тасымалында оң өзгерістер пайда болғанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, пойыздар маршуттарының саны көбейді. Бұл бір жағынан, жауапкершілік жүгінің де молайғанын білдіреді. Өйткені, темір жол – аса қауіпті аймақ. Ол салғырттыққа, абайсыздыққа жол бергендерге және жүріс ережелерін сақтамағандарға кешірім жасай алмайды. Мұның себебі, мамандардың айтуынша, жүріп келе жатқан пойызды лезде тоқтату мүмкін емес екен.

Деректерге сүйенсек, теміржол бойындағы жағымсыз оқиғалар санының азаймай отырғанын көруге болады. Бұл жайында Атырау жол дистанциясының бас инженері Ж.Жұнтұрбаев былай дейді: «Өткен жылдарға қарағанда темір жол бойында пойыздар қозғалысына қауіп төндіру фактілері көбейіп, үлкен стансыларда рельс бойында адамдардың ішімдік ішкен күйде жүруі, жасөспірімдердің құлаққап киіп жолға шығуы, мектеп жасындағы балалардың темір жол бойында ойнап, жол үстіне немесе рельс түйіспелеріне темір-терсектерді қойып кетуі зиян тигізуде. Өтіп бара жатқан тепловоздардың, вагондардың терезелеріне тас лақтыру, байланыс және дабылдық қондырғыларды бұзу, бұған қоса келе жатқан пойыз алдынан ара қашықтықты сақтамай, мектеп оқушыларымен бірге ересек жаяу жүргіншілер де өту ереже тәртібін бұзатындығын айта кеткен жөн».

Жоғарыда айтып өткендей, темір жол бойында балалардың қараусыз жүруінен туындаған оқиғалардан да деректер келтіре кетуге болады. Ж.Жұнтұрбаевтың айтуынша, басқаны айтпағанда, биылдың өзінде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамы бойынша адамдардың, соның ішінде жасөспірімдердің пойызға басылу оқиғасы сейілмей отырған көрінеді. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек, осы жылдың 11-қаңтарында №692 «Ақтөбе - Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының №265 бекет тұрғыны 1999 жылы туылған Ж.Төремұрат деген азаматша жүріп бара жатқан пойызға мінбекші болып астына түсіп, келеңсіз оқиға орын алған. Ал, 15-наурызда Түркістан стансысында 2002 жылы туылған жасөспірім қыз бала тепловозға басылыпты. Сондай-ақ, 17-наурыз күні №809» Павлодар – Астана» жолаушылар пойызына Павлодар бөлімсшесінің №434 блок постында 2006 жылы туылған жасөспірім бала басылғаны хабарланған. 10-сәуір күні №18 «Москва – Бішкек» жолаушылар пойызына Талас стансысында 2010 жылы дүниеге келген жасөспірім бала басылып, қайғылы оқиға тіркеліпті. Хантау стансысындағы 12-мамыр күнгі оқиға да өкінішпен аяқталған. Тақ жол аралықта өтіп бара жатқан №3003 жүк пойызының табанына басылған бала өмірімен қоштасқан. Білгеніміздей, иесіз, бағымсыз ірі қара малдардың өріске шығып, темір жол бойында жайылуы да локомативтердің шұғыл тежеу қолдануларына әкеліп соқтырады.

-Осыдан кейін пойыздардың қозғалыс кестесі бұзылып, релістен шығу, аударылу оқиғалары орын алуы ықтимал. Ал, жолда тұрып қалған пойыздардың әрбір минуты мемлекетіміздің экономикасына орасан зор шығындар әкеледі. Міне, осы оқиғаларды еске түсіре отырып, темір жол бойындағы қателіктің арты орны толмас өкінішке ұласатынын ұғынып, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарасақ екен, - дейді маман.

Баланы айтамыз-ау, ол түгілі малды да темір жол айналасында бағудың өз тәртібі бар. Әр елді мекеннің шаруа қожалықтардың мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. Мал сол белгіленген учаскелердің ішінде бағылады. «Сондықтан, жергілікті әкімшілік темір жол айналасынан шаруаларға жайылымдық жер берер кезде теміржолдың қауіпті аймақ екендігін ескерсе екен» дейді сала қызметкерлері.

«Темір жол көлігі» туралы және басқа да темір жол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, нұсқаулықтар бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандаулы бағуға ғана рұқсат берілген екен. Ал, темір жолдан 2000 метр қашықтыққа дейінгі малдар үнемі қадағалумен бағуға рұқсат етілген. Егер бұл заңдылық сақталмаған жағдайда темір жолдың жиегіне мал жайғаны үшін және жол етегіндегі қардан қорғағыш ағаштарды болмаса құмнан қорғағыш қамыстарды басқа да темір жол материалдарын бүлдірген болса, мал иесіне ҚР Заңының «Көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқықбұзушылық туралы 30-бөлімнің 559-бабына сәйкес әкімшілік шара қарастырылған. Бұл малыңызды бағусыз қалдырғанда тартылатын жауапкершілігіңіз. Ал, қараусыз қалған баланың қасіретін басқа бермесін деп тілейік.

Көбіне көп темір жол бойында ойнап жүретін балалардың ата-аналары, басқа да үлкендер ескеріп жүрсе деген ниетпен қолға алған мақаламызды жазу барысында осындай мәліметтерге кез болдық. Алланың өзі сақтасын дейік, бірақ, жоғарыда келтірген жаға ұстатарлық жағдайлар ертеңгі болашағымыз - бала өміріне салғырт қараудан туындап отырғанын айтпасқа лаж жоқ.

Серікбол Панабердиев

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru