шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно
Сотқа келген әр адам істі бейбіт шешуге мүдделі болуы тиіс

Сотқа келген әр адам істі бейбіт шешуге мүдделі болуы тиіс

Аудан орталығында болған облыстық соттың судьялары Гүлмира Исамберлиева, Раиса Аққұлова, кәсіби медиатор Рысты Қалиева жергілікті тұрғындармен кездесті. «Жалын» мәдениет үйінде аудандық соттың ұйымдастыруымен өткен жиын «Татуласу-сотқа дейін және сотта» деп аталды.

Онда аудан әкімі Марат Мурзиев сөз сөйледі және аудандық соттың төрағасы Алтыншаш Мағзомова «Медиацияның пайдасы» жайында баяндама жасады.

Бұдан кейін сөз облыстық соттың судьялары мен кәсіби медиаторға берілді. Облыстық соттың судьясы Г.Исамберлиеваның айтуынша, «Медиация туралы» заң қабылданғаннан бері медиация институтын дамыту бағытында облыс бойынша көптеген жобалар мен шаралар жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – халық бірлігін сақтау үшін медиация институтының мүмкіндіктерін қолдану арқылы әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтау, алдын алу және реттеудің түрлі жолдарын табу, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы маңызды серіктестік тетігі мен диалог аумағын дамыту. Осыған сәйкес барлық аудандарда медиация орталықтары ашылып, қоғамның әлеуметтік осал тобына жататын тұлғаларына дау-дамайлар мен туындаған келіспеушіліктер бойынша құқықтық көмек көрсетіліп, тегін медиация рәсімдері жүргізілген.

– Сотқа түскен істердің арасында өзара келісіммен бітуге мүмкіндігі бар даулар жетерлік. Мысалы, екі адамның арасындағы қарызды қайтармау, кішігірім ұрлық-қарлық жасау, жер учаскелерін анықтау, мүлікті бөлуден туындайтын арыздар жиі кездеседі. Осындай мәселелермен сотқа келгенімен, істің шиеленіспей шешілгенін екі тараптың да қалап тұратыны байқалады. Сондықтан да медиация институтының пайдасы зор, – дейді судья Раиса Аққұлова. Ал кәсіби медиатор Рысты Қалиева көпшілікті ойландырып отырған «Кімдер медиатор бола алады және оларға қандай талаптар қойылады?» деген сұраққа жауап берді. – Медиаторларға қойылатын басты талап – тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім беру. Медиаторлардың қызметі кәсіби негізде кәсіпқой медиатормен жүргізіледі. Кәсіби емес негізде қырық жасқа толған, кәсіпқой емес медиаторлар тізімінде тұрған адамдар және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Ал, жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар, кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған адамдар және отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады. Ол кәсіпкерлік қызметке жатпайды.

Тағы бір айта кетер жайт, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Жиында Тұщықұдық ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырлиева мен кәсіби емес медиатор Гүлбану Кабулова дауласқан тараптарды татуластыру бағытындағы тәжірбиелерімен бөліссе, тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Аяпберген САЛИХОВ,

Суретті түсірген Әбілмажан Шарапиденов.

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru