Жыр алыбы мен Мәдениет қайраткерінің есімдері берілді

Жаңа жылдың алғашқы айының аяқ шенінде ауданның білім, мәдениет саласында жағымды жаңалық орын алды.

«Атырау облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Жалпы білім беретін Чапаев бастауыш мектебі» мемлекеттік мекемесі - «Исатай ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жамбыл атындағы жалпы білім беретін бастауыш мектеп» мемлекеттік мекемесі, сондай-ақ, «Тұщықұдық селолық Мәдениет үйі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны «Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің «Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып аталатын болды.

Сөйтіп, кезінде Жамбыл атындағы сегіз жылдық мектебі аталған білім ордасы қоныс теуіп, одан жүздеген шәкірт білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қаққан Тұщықұдық ауылының Разведка мөлтекауданындағы бастауыш мектеп жыр алыбының есімін қайта жаңғыртты десек болады.

Ал, мәдениет үйіне аты берілген Мәдениет қайраткері Нариман Үлкенбайұлы туралы ауылдастардың бәрі біледі. Өйткені, осында еңбек жолы басталған, биыл туғанына 80 жыл толатын белгілі өнер иесі - ауылдың мәдени өміріне айтарлықтай із қалдырған жан. Кезінде тағы бір тұщықұдықтық өнер жанашыры, марқұм Ғатау Рамазанов өзінің бір естелігінде: «1957 жылы «Чапаев», «Молотов» колхоздары қосылып, совхоз құрылғаннан кейін екі ұжымшардың көркемөнерпаздар ұжымдары бірігіп, үлкен творчестволық ұжымға айналды. Оның үстіне ұжымға арнаулы оқу орнын бітіріп келген Нариман Үлкенбаев, Өтеген Марданов сияқты өнерлі жастар келіп қосылды.

Осыдан бастап көркемөнерпаздар ұжымының әні де, сәні де түзеліп, ауыл өнері өрге домалай бастады» деп жазғаны да барды. Мәдениет үйінің мерейін асырған осынау сегіз қырлы, бір сырлы тұлға Аққыстау халық театрының да қанаты қатайып, төрт тарапқа танылуына да өлшеусіз үлес қосты дей аламыз. Табан ізі қалған Тұщықұдыққа ат басын жиі бұрып тұратын үлкен өнер иесі енді өзінің есімін иеленген мәдениет үйі сахнасынан тамылжыта ән төккен сәттері де кешегідей көз алдымызда.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521