Жұмажан Қадимовтың жаңа кітабы шықты

Өңірімізге танымал еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы, талай жылдан бері өлке тарихын түгендеумен айналысып жүрген Жұмажан Қадимовтың баспадан күні кеше басылып шыққан «Талайлы тағдырлар» атты кітабы өткен аптада аудандық кітапханада тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.

Кітапхана оқырмандары мен ауданның әр округтерінде тұратын ардагерлер, тарихшылар, журналис-тер және жастар өкілдері қатысқан шараның көркін Тұщықұдық мәдениет үйінің өнерпаздары кіргізді.

Әуелі автордың өзі кезекті еңбегін оқырмандарға таныстырып, артынан кітаптың лентасын қию рәсімін еңбек ардагерлері Шәріп Сыдиқов пен Сүндет Дауылбаевтар атқарса, аудандық газеттің бас редакторы Аслан Мұратұлы, еңбек ардагері, тарихшы Ерболат Насимуллин және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов кітапқа әдеби, тарихи шолу жасады. Жалпы алғанда, өлкенің тарихына арналған шежірелі еңбекте Нарын құмы етегінде өрбіген тарихи оқиғаларға шынайы суреттеулер беріліп, мұрағаттан алынған құжаттық дәлелдемелер сәтті әрі нақты өрілген деп баға беруге болатындай.

Бірінші кезекте сонау Шыңғыс дәуірінен бастап Әбілқайыр кезеңіне дейін, одан Нұралы, Қасым, Бөкей, ең аяғы Жәңгір кезеңдерін шебер жеткізіп, оқиға желісінен шықпай, ауқымы зор тарихты қалай сапырса қос өзен бойынан алшақтамай, сол аумақты ғана қамтып, сол аумаққа тиесілі оқиғалар мен тарихи сәттерге ғана кеңінен тоқталып, бір деммен оқитындай етіп жазып шыққаны қуантты. Әйтпесе, тарих деген жал-құйрығы ұстатпайтын, ауқымы терең, ішінде өтірігі мен шындығы қатар жүретін дәлелі көп құжат болғанымен, оны талай жерде сан түрлі құбылтып жүрген тарихшылар жетерлік қой.

Кітаптың бірінші бөлімінде баршамызды Жәңгір озбыр, шаруалар көтерілісін аяусыз жаншыған қанішер деп оқытқан саясатты да тым жоққа шығармай әрі ол кісінің индивид ретіндегі жеке басының тым тәуір тұстарын дәлелдермен келтіріп, қазақ қоғамы үшін атқарған істерін, атап айтқанда Ордада мектеп аштырғанын, көшпелі қазақ қоғамын отырықшы елге айналдыруға күш салғанын, қазынашылық, орман техникумы ғимараттарын салдырып, әкімшілік басқару стилін енгізгені де бұрмаланбай, әділ айшықталыпты. Екінші жағынан алғанда, Жәңгір қанша жерден сауатты, білімді, айлакер болғанымен, өзі басыбайлы бекітіп, мөр басып, қол қойып берген бес аралды жеме-жемге келгенде жер дауы және басқа да әділетсіздіктер үшін өзіне қарсы шыққан Исатай Тайманұлынан алып, Қарауылқожаға беріп, өзін Мыңтөбеге көшірген тұстарын да автор шебер жеткізіп, тарихи оқиғаларды екіжақты көрсете білген. Яғни, тарихи тұлғаларды тек біржақты суреттемей, барынша ашық, әділ жеткізіп, келер ұрпақ алдындағы тарихи бейнелерді байсалды суреттеген.

Әрине, кітаптың біраз бөлігі тарихи хикаят болғандықтан онда келтірілген тарихи оқиғалар да, келтірілген кісі аттары да өте көп кездеседі. Тіпті, кейіпкерлер мен оқиғалардың тым шиеленісіп кететіндігі сондай, кейбір жерлерде жазушы түгілі, оқушының өзі шатысып, оқыған жерлерді қайта парақтайтын да тұстар болады. Оны енді автордың көп ізденгендігі мен өзі келтірген пайдаланылған әдебиеттер тізімінің молдығынан деп түйіндедік.

Иә, шетін түртсең – тарих, түгін тартсаң майы шығатын киелі де қасиетті Нарын елі туралы, ол топырақты басып өткен хандар мен батырлар, билер мен сұлтандар және ақындар туралы әр жылдары талайлы еңбектер жазылып, қалың-қалың кітаптардың басылғаны ақиқат. Бірақ ғылымның шегі болмайтыны секілді тарихтың да шеті, түйінделер тұсы жоқ. Ендеше, бұл тақырып зеттелген, енді ашар жаңалық бола қоймас десек, қателесеміз. Әлі сиясы да кеппеген «Талайлы таңдырлар» кітабы автордың өзі біліп, өзі түйіндеген пайымдарға толы еңбек болары сөзсіз.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521