шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Каналға су қашан жіберіледі?

Адам да, мал да сусыз күн көре алмайтыны бағзы заманнан белгілі. Сондықтан бұрынғылар «Су - тіршілік көзі» деп бекерден-бекер айтпаса керек.

Әсіресе, биыл каналға тез арада су айдалмаса, малдарымыз судан тарығатын түрі бар. Өткен жылы каналымызға су дұрыс жіберілмей қалып, көп қиыншылық көргеніміз бар. Желтоқсан айында мұз қатып жатқан мезгілде сонау Манаш құдығынан айдалған су қыста жетпей қалды. Бұл мәселе ауылдық округ әкімінің есеп беру жиналысында да айтылды.

Онда күнара бұрқырап соғып тұрған топырақтың әсерінен каналдың кейбір жерлері төмпешік болып, тайыздап кеткені, одан құтылудың бір жолы каналды тереңдетіп қаздыру керектігі жөнінде ұсыныс айтылған еді. Жиында аудан әкімі М.Мурзиев алға қарай судың каналға мезгілінде айдалатынын және каналды тереңдетіп қазу мәселесі қолға алынатынын айтқан болатын.

Бұл каналдар кезінде теңізге қарата бірнеше жерден әр бағытқа кеңшардың малының қонысына, отырысына байланысты қазылған-ды. Сол каналдардың көбінде бүгіндері су жүрмей, бітеліп қалды. Ал, біздің сұрайтынымыз - Жанбайдың тұсынан өтетін жалғыз каналдың жыры. Сол каналмен мезгілінде айдалатын судың жайы. Бұл канал сонау кеңшарлар құрылған 1960 жылдардан бұрын қазылған. Содан бері еш жөндеу көрмеген. Әр жерінен теңіз тасыған жылдары бұзып кеткен. Канал бойын жағалап шыққанда суы жоқ үзілген жерлерінде су іздеп шұбырып жүрген малды көреміз. Әр шұңқырда бөлініп қалған суды ішіп жатады.

Су бір жағынан қысса, шөп екінші жағынан алқымнан алуда. Кезінде кеңшарлар бар кезде далалыққа, шабындық жерлерге су жіберіп, жоңышқадан бастап, шөптің түрлерін өсіргенін көріп едік. Шөп шығарып бер деп отырғанымыз жоқ. Біздікі каналымызға су жіберсе екен деген тілек. Жарықтық анамыз «Өзің үйде аш отырсаңда, қорадағы малың ашықпасын» деп айтып отырушы еді. Кеңшардың уақытында шөп таусылып қалған бір жылы қойлардың бір-бірінің жүнін жеп қойғанында көргеніміз бар. (Ол уақыттарда қыс қатты болатын). Ертең жаз айларында күн ысығанда қалдық шалшық құрттаған судан мал су ішіп, бауырқұрт деген аурудан малдың өлетіні әбден шындық. Салығын төлеп, пайдасын көреміз бе деп отырған малымыз бауырқұрттан не шөлден қырылса, өлсе не болғандығы. Өлген малды «бас садақасы болсын» деп отыра беретін көнбіс қазақпыз ғой.

Мұстажап АЯШҰЛЫ,

зейнеткер

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru