Шеруге шығу шешім емес

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуге ұмтылу - ол адамдардың тыныс-тірлігіне тән нәрсе. Бірақ та, ашындым екен деп, елді ереуілге, халықты көшеге алып шығу, жақсылыққа апармайды деп ойлаймын.

Соңғы күндердегі саяси көзқарастары себепті алаңға шығып, билікке өкпе-назын білдіріп жатқан қандастарымыздың әрекеті жайында пікір көп. Әрине, әркімнің өз ойы бар шығар. Алайда, дәл осы сәтте бізге не істеу қажет? Билік пен бұқара болып екіге бөліну емес, ымырашылдық, мәмілешілдік керек шығар.

Көбіне ереуілге шыққан топтың ашу-ызаға бағытталған психологиясын ол шегіне жеткен кезде басқару мүмкін болмай қалатын дәрежеге дейін жетеді. Бұндайда халықты арандатуға бағытталған кез келген әрекет бейбіт шеруді мүлдем басқа арнаға бұрып жіберуі ғажап емес. Салдарынан қанды қақтығысқа айналып, адам шығыны да орын алып жатады. Ал, ағын селдей толқыған топтың психологиясы бой бермейтін жойқын күшке айналады. Мұның арты Сирия, Иран, Ирак, Қырғызстан, Украина мемлекеттеріндегідей қиын жағдайларға ұласпасына кім кепіл?

Білесіз бе, бұл елдердегі қанды қақтығыстар да бейбіт шеруден басталған. Нәтижесі – әне. Есесіне жағдайымызды түзейміз деп алаңға шыққандар елінің экономикасының қаншама жылға кейін шегінетінін білмеген шығар. Ал, білгендері әдейі арандатты, ел ішіне іріткі салды, отқа май құйып, билікке бұқараны қарсы қойды. Ондай жағдай бізде де бар. Сондықтан, айтаққа ермей, кімнің дос, кімнің қас екендігін ажыратып барып шешім шығарғанымыз дұрыс. Алла бетін әрі қылсын, егер Қазақстанда да әлгіндей бүлікшілік бой көтерсе, оған міндетті түрде сыртқы күштер араласады. Ал, бұл Отаныңнан айыруға апармай ма? Ойланайық. Ақылмен іс қылайық. Шеруге шығу шешім емес.

Ерболат НАСИМУЛЛИН,

ардагер-ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521