шаблоны сайт визитка joomla
Скачать шаблоны Joomla 3.5 бесплатно

Сегіз самбошымыз жеңімпаз атанды

Сенбі күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының күнтізбелік жоспарына сәйкес, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» спорт кешенінде самбо күресінен 2003-2004 жылы туылған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында облыстың іріктеу чемпионаты өтті.

Облыс чемпионатының ашылуында сөз алған аудан әкімі М.Мурзиев ауданымыздағы спорттың бұқаралылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, осы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан өңіріміздің мақтаныштарын атап өтті.

Біріншілікке Атырау қаласынан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері және облыстың 7 ауданынан командалар қатысып, өзара бақтарын сынады.

Жоғары деңгейде өткен бәсекеде аудан атынан өнер көрсеткен жас самбошыларымыз үмітті ақтады. Атап айтар болсақ, 42 келі салмақ дәрежесінде Диана Қойшыбайқызы, 46 келіде белдескен Аңсаған Қазбек, 52 келі салмақта күш сынасқан Гүлжазира Нұрлыбекова, 55 келі салмақ дәрежесінде Ғалым Әбілмансұр, 56 келіде өнер көрсеткен Аяулым Русланқызы, 60 келіде күрескен Дінмұхаммед Қилымов, 65 келіде Айару Шұғұпан, 84 келі салмақта Қадір Абылай сынды палуандарымыз жарыс жеңімпаздары атанды.

Сондай-ақ, 42 келі салмақ дәрежесінде Арсен Ғизатуллин, 65 келіде Гүлжанат Болатова, 72 келі салмақта Қайырлы Шаттан екінші орындарды еншіледі. Ал, 42 келіде өнер көрсеткен Мансур Сырлыбайұлы, 55 келі салмақта Нұрасыл Әнесов, 84 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Бекзат Жұмақұлов үшінші орындарға табан тіреді.

Жеңімпаз және жүлделі екінші орын алған ауданның жас самбошылары енді Ақтөбе қаласында маусым айының 16-18-і жұлдызы аралығында өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдама алды.

- Жалпы облыстағы спорттың бұл түрінің деңгейі жоғары. Оған біздің шәкірттеріміздің де қосып жүрген үлесі аз емес. Мәселен, былтырғы облыс, ел біріншіліктерінен топ жарған Аңсаған Қазбек атты оқушымыз әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанжығаға байлап қайтқан болатын. Бұл – үлкен жетістік. Қазбектен осы жолы да күтеріміз көп, - дейді Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Болатбек Сабиев. Енді ел біріншілігіне жолдама алған оқушылар алда оқу-жаттығу жиындарынан өтеді, елдік додаға дайындыққа кіріседі.

Серікбол Панабердиев

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68, 2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru