Әскерге жарамсыз ұлдар көбейе түскен

Өткен аптада аудан әкімі Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен жиында 2018 жылғы күзгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы талқыланды.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары Бақытжан Төлегеновтің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 28 ақпандағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2018 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» №644 Жарлығын және Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлінісіне сәйкес Исатай ауданы бойынша күзгі әскерге шақыру бойынша белгіленген жоспар 45 адам екен. Алайда, тұрғындар арасында жүргізілуі тиіс үгіт-насихат жұмыстарының шалалығы ма, әйтеуір бүгінгі күні әскерге жіберілген ұлдар саны небары 15 көрінеді. Олар Қорғаныс министрлігіне - 8, ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне 7 адам.

- Жалпы, 1 қарашадағы мәлімет бойынша барлығы дәрігерлік сараптамадан өткен 288 ұлдың 34-і ғана толық әскерге жарамды. Қосымша тексерілуге жіберілгені 81 болса, жарамсызы - 44, уақытша жарамсызы 18 адам. Жылдан-жылға болашақ Отан қорғаушылардың денсаулық жағдайының төмендеп, ұлдар арасында бұрын жиі кездесетін майтабан, көз ауруларының жүрек ауруы, қан қысымы секілді күрделі аурулармен алмасып жатқаны алаңдатады. Оның үстіне әрбір жас жігіттің парызы болып табылатын қасиетті борышты ауылдағы ата-ана да керісінше түсініп, балаларын әскерге жібермеуге тырысатын жағдайлар кездесіп жүр, - деді капитан Төлегенов.

Мәлімет үшін айта кетсек, бұрындары әскерге барса әлімжеттік көрсетеді екен, көз шығып, бас жарылғаны ештеңе емес, тіпті үйіне табытпен оралғандар да көп деп байбалам салатын заман бүгінде артта қалды. Оған Заң талаптарының күшеюімен бірге офицерлік, сержанттық құрамның оқыған, жоғары білімді, сапалы жас-тармен толығуы да көп әсер еткен сыңайлы. Олай болса, балаларыңыздың ынжық, үйкүшік болғанын емес, керісінше, батыл да ержүрек, салауатты болғанын қаласаңыз, мәліметті кері бұрмалап, әскерге шақырылушының мекен-жайын жасырмай, баланы қолынан жетелеп әкеліп, әскерге жолдағаныңыз жөн болар. Сонда әскері қуатты, жас-тары жалынды елге айналарымыз хақ.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521