bannerqaz

Ауыл тойы өтіп жатыр дүркіреп

Ауданымыздың 90 жылдығы аясында әрбір ауылдық округтерде ауыл тойлары өткізіліп келеді. Бүгін де Нарын ауылында өңір тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлаған «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдени шара өз жалғасын тапты.

- Іргетасы 1971 жылы қаланған теміржолшылар ауылы әр жылдары бірде Исатай, енді бірде Жанбай ауылдық округтеріне қараса, 2001 жылдан бастап өз алдына бөлек округ ретінде дамып келеді. Бүгінде 1300-ден астам тұрғыны бар Нарында қазіргі кезде Жаңа Жанбай елді-мекені мен арада тас жолы, жаңа фельдшерлік амбулаториялық пункті ғимараты салынып жатыр. Ауылға кірме тас жолдың сметалық құжаттамасы жасалуда. Алдағы жылдары жаңа Мәдениет үйін салу да жоспарда бар. Жылдан-жылға көбейіп, дамып, іргесі ұлғайып келе жатқан ауылымызда ауызбірлік пен ынтымақ болса, қалған шаруалар біртіндеп реттеледі, - деді ауыл әкімі Рухолла Тәкенов.

Шара барысында ауылдың дамуына атсалысып жүрген белсенді бір топ азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Ауыл мақтанышы» номинациясы бойынша еңбек ардагері Ғайнолла Есмағанбетов, «Үздік өнерпаз» - Көптілеу Меңдібаев, «Үздік отбасы» - Рахымжан Саменов, «Үздік ұжым» - ПЧ-9 мекемесі, «Үздік демеуші» - Нұрғали Хайрсапин, «Үздік спорт жанашыры» - Жалғас Мұғамиллин және еңбек ардагерлері Жолдас Неталиев, Ғалиден Жакешов, Төлеген Абуов, Патих Қазымов, Балқия Сахибеденова, Тоташ Сисеновалар ауыл әкімінің алғыс хаты мен шағын сыйлығына ие болды.

Тереңге тамыр тартқан бабаларым,

Білем ғой, қасиетті дала барын.

Қарттарша сәйгүлікті сайлап мініп,

Биыл жаз, Нарын, сені араладым.

Туған жер, айналайын, ақ босағам,

Қонған ғой даңқ та саған, бақ та саған.

Торқалы топырағыңды иіскеп сүйдім,

Көрейін, енді рахат таппаса жан! – деп жерлес ақын Күзембай Әміров жырлағандай, ауылдың көркеюі мен көсегесінің көгеруі онда тұратын әрбір тұрғынның жауапкершілігіне, өзінің шағын отанына деген махаббатына байланысты екені анық. Нарында оздырылған бүгінгі ауыл тойы соның бір айқын дәлеліндей болғандай. Ауылдың үлкені мен кішісі жан-жақтан қолдау білдіріп, мәдени шаралардың көркін қыздырып жатты. Жастар жағы ән айтса, зейнеткер Көптілеу Меңдібаев Құрманғазының күйлерін тартты. Ал, ауыл жігіттері ежелгі ұлттық ойынды қайта жаңғыртып, қой көтеруден жарысып, Мұхит Қайыржанов есімді тепсе темір үзетін қарулы жігіт бәйгіге тігілген қой малын 75 рет көтеріп, алдына жан салмады.

Сонымен, ауыл тойлары біртіндеп ауылдық округтерімізде өтіп жатыр. Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Исатай, Нарын ауылдары өз деңгейлерінде ауданның 90 жылдығы мерейтойына үлестерін қосты. Ендігі кезек Жанбай мен Забурында. Тойды қорытындылау мерекесі Аққыстауда өткізілетін болады.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz