Ауыл жастары палуанға ат мінгізді

Астана күні мерекесі орталық стадионда өткен кешкілік концертпен жалғасты.

Аудандық "Жалын" мәдениет үйі мен аудандық жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған мерекелік шараның алғысөзінде Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары Ақжол Елеубаев тұрғындарға ізгі тілегін арнады.

Астана қаласының тарихы, бүгінде әлем көз тіккен сұлу шаһардың қазіргі кескін-келбеті, даму әлеуеті тілге тиек етілген құттықтаулар ауыл өнерпаздарының әуезді әнімен, мың бұралған биімен әрлене түсті.

Астана күні қарсаңында елорда төрінде самбодан ел Президенті жүлдесі үшін өткен әлем кубогінде ел намысын қорғаған талантты палуанымыз Еркебұлан Қуанғалиев күміс жүлде иеленіп, абыройымызды арттырған болатын. Еркебұланның бұл жетістігі ауыл жастары үшін де үлкен қуаныш болды. Аталған шарада жас палуанның бұл ірі жүлдесін ескерусіз қалдырмаған тұщықұдықтық белсенді жастар Өмірбек Хайроллаев пен Әди Мажанов күміс жүлдегерге қазақы кеңдік танытып, ат мінгізді. Қолдарындағы «Жарайсың, Еркебұлан!», «Құттықтаймыз!» деп жазылған плакаттар арқылы шашбауын көтере келген спортшының әріптестері де көпке жылы әсер қалдырды.

Одан әрі шара ұлттық ойындарға ұласты. Қол күресінен Асылбек Жанұзақұлы бірінші, Максим Әзіржанов екінші, Ерасыл Ахметов үшінші орындарға ие болды. Ал, арқан тартыстан 1991жылы туылған Аққыстау жастары жеңімпаз атанды. Жарыстың бұл түрінен "Жас барыс" 2002 жылы туылған жастар командасы екінші орын иеленсе, үшінші орын 1998 жылы туылған Тұщықұдық жастарына бұйырды. Кір тасын көтеруден Ербол Қуанышев жеңіске жетті. Абылай Мейрамбекұлы - екінші, Абзал Баташев үшінші орындарды бөлісті. Турникке тартылудан Дулат Ерболатұлы алдына қара салмады. Екінші орынға Ербол Қуанышев қол жеткізсе, Айжарық Азамат үшінші орынды місе тұтты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521