Есілдің екі бетін жалғаған көпір Астана тойына лайықты тарту болды

Арқаның төсіндегі ару қала – Астананың бүгінгі келбеті бөлек, тірлігі ерек.

Елбасының ерен бастамасымен қазығы қағылып, қабырғасы қаланып, қаз тұрып, қадам басқалы жиырма жылды кейінге қалдырған бас та жас қаланың мерейтойлық сәттегі мерейі тіптен үстем. Ал оны айшықтай түскен Елбасының өзі лайықты тарту деп түйген Астана тойына Атырау жұрты сый еткен алып көпір.

Иә, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында көрікті көрініс тапқандай, Атырау облысы Астананың жиырма жылдығына орай осындай айрықша сыйлық жасады. «Өңірлердің елордаға тартуы» жобасы аясында Есіл өзенінің қос жағалауын жалғайтын алып көпір шынымен де айдынды көрінеді. -Көпір саябақ аймағында жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайды. Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады,- деген болатын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оның таныстырылымында.

Ал Елбасымыз болса: «Көпір Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуы тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек» деді. Жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр болатын көпірдің дизайны бойынша қазақстандық және кореялық сәулетшілер жұмыс жасаған. Онда жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілер үшін үш метрлік жолақ, сондай-ақ, ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Салмағы 1920 тонна болатын көпірден бір мезетте 3000 адам еркін өте алады екен. Ару қаланың ажарын аша түскен «Атырау көпірінің» ашылуы сияқты елордалықтар мен қонақтары үшін ерекше сәтте Мемлекет басшысы жаңа нысан Астана тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жыл қызмет ететінін де атап өткені белгілі. Лайым да солай болып, елдіктің бір тірегі – елорда жарқырап, жайнай түскей.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521