Марапат жауған мейрам

Еліміздің байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері үшін Елбасының өзі еншілеген мерекесі – Байланыс және Ақпарат қызметкерлері күні биыл да өз мәнінде аталып өтілді, тіпті сәл ерекшелігі бар деуге болады.

Оқырман «оның ерекшелігі неде еді?» деуі де мүмкін. Ерекшелігі сол, ол марапат жауған мейрам болып есте қала беретін болды. Олай деуімізге себеп, дәп мереке қарсаңындағы маусымның 27-сі күні «Атырау-Ақпарат» ЖШС-інде салтанатты жиын өтіп, онда біздің қос бірдей қызметкеріміз – менеджер Райхан Құбашева еңбегі ерен, тәжірибесі мол қызметкер ретінде баға жетпес құндылығымыз – ел Тәуелсіздігін тұғырлы ету жолындағы қажыр-қайраты мен іскерлігі үшін серіктестік директоры Баязи Әбдешевтің Алғыс хатын, корректор Мәрзия Пазылова да салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан жеке үлесі үшін Атырау облысы мәдениет, спорт және және ақпарат қызметкерлері жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасын алып оралды.

Ал нақ мерекелі күні Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облыстық филиалы ұйымдастырып, облыс әкімі де арнайы қатысып, ізгі ниетін арнаған облыс орталығындағы салтанатты жиында фототілші Әбілмажан Шарапиденов қос бірдей құрмет көріп, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны және ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Одақтың Құрмет грамотасын және облыстық филиалдың ұйымдастыруымен өткен мерекеге орайғы кәсіби байқаудың «Үздік фототілші - 2018» аталымында шығармашылық ерекшелігі үшін Дипломмен марапатталды. Осы жиында байқаудың «Үздік БАҚ қызметкері - 2018» аталымында жеңімпаз танылған корректор Мәрзия Пазылова және жүлделі болып, Диплом иеленді. Мерекелік салтанатта біздің ардагер журналистеріміз де құралақан қалмады, бір кездері «Нарын таңында» жауапты хатшылық қызметте болған белгілі журналист Сейілхан Қайыржанов пен қамысқалалық тұрақты авторымыз, журналист Ибатолла Сәтенұлы мерекеге орай 50 мың теңгеден байрақты болды. Сондай-ақ осы күні газеттің бас редакторы Асылан Мұратов пен тілші Серікбол Панабердиевтің Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданып, қолдарына куәліктерін алуы да сый-құрметтің үлкені еді. Ауылдасымыз, Атырау телеарнасының операторы Ержан Шеруенов те одақ мүшелерінің қатарын толықтырды. Иә, бұл мереке біз үшін марапат жауған мейрам болғаны анық. Ол лайым жалғасын тауып, ел үшін еткен еңбек елене бергей дестік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521