Мешіт маңындағы мереке

Кеше тілін кәлимаға келтірген мұсылман баласының ұлық мерекесі қасиетті Құрбан айт ауданымызда аталып өтті.

Ертемен аудандық «Зинеден ата» мешітіне ағылған жамағат бір-бірімен құлшылық орнында қауышып, Жаратқаннан игі дұға тілесті. Мінберге көтерілген аудандық мешіттің бас имамы Бейбіт Ағыбаев барша жамағатты айт мерекесімен құттықтап, әңгімесін асыл дініміздің негізгі құндылықтары жайында уағызымен бастады.

– Ислам – игілік діні, біз көбіне дінді жақсы жағынан көрсету керек деген сынды сөздерді айтып қалып жатамыз. Дұрысында дінисламда дұрыс емес нәрсе жоқ. Алланың бұл ақиқат діні тек туралықты ғана ту етеді, жақсылыққа ғана бұйырып, екі дүниенің бақытына жетелейді. Ал, кімде-кім бір мұсылманның бойынан оғаш қылық көрсе немесе одан жапа шексе, біліп жүрсін, ол - исламның емес, әлгі дін ұстанушының кемшілігі, пендешілігі. Ал, намазхан бауырларымызған айтарым, өзгелерге үлгі бола білейік. Бойымыздағы жаман қасиеттер арқылы дінімізге күйе жағудан аулақ болайық. Көркем мінезді болуға тырысайық. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранында сүйікті Пайғамбарымызды әлемге рақым қылып жібергендігі туралы айтады.

Осындай әсерлі уағыздан кейін жамағат айт намазына сапқа тұрды, намаз оқып болған соң мешіт ауласындағы киіз үйдегі мерекелік дастарқанға жайғасты.

Одан соң шара спорттық жарыстармен жалғасты. Бес түрлі спорт түрі бойынша сынға түскен жастардың басты мақсаты бір-бірінен асып түсу емес, керісінше, мерекені көңілді өткізу болатын. Дегенмен, сайыста оза шапқан жеңімпаздар мен жүлдегерлер құр қайтқан жоқ. Ауданның спорт мамандары ұйытқы болған бәсекеде озық танылғандар марапаттарға ие болды.

Атап айтар болсақ, Қазақ күресінен Өмірбек Аян қарсыласының бәрін ұтып, жеңімпаз атанса, кір тасын көтеруден Жансейіт Қаженбаевтың алдына ешкім түсе алмады. Үстел теннисінен Әділет Пазылғалиев, белтемірге тартылудан Жангелді Әліби бірінші орындарды еншіледі. Ал, қол күресінен Әліби Шамаров мықтылық танытты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521