Қағаз жүзінде бәрі жақсы ал, іске келгенде шорқақтық көп

Аудан әкімі жанындағы әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысының өткен аптадағы жиналысына аудан әкімі М.Мурзиев қатысып, көптен бері қордаланып қалған мәселелер қамтылып, сала басшылары мен аудан аумағында орын тепкен мұнай компанияларының басшылары және балық өндіру кооперативтерінің жетекшілерінің есебі тыңдалды.

Мәслихаттың күн тәртібінде аудан көлемінде орналасқан ірі мұнай өндіру кәсіпорындарындағы Қазақстан Республикасындағы Еңбек Кодексінің талаптарының сақталуы туралы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету, балық аулауға бағытталған кооперативтердің жергілікті халықты жұмыспен қамту, жұмыс орындарын ашу бойынша еңбек қатынастарының Жанбай, Забурын, Исатай ауылдық округтерінде сақталуы туралы мәселелер қойылып, қаралды.

Аудан әкімі, аудан прокуроры, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары және мекеме-кәсіпорын жетекшілері қатысқан жиылыста алғашқы болып «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысының геологиялық жұмыстар бойынша орынбасары Р.Әбшеев баяндама жасап, басқармадағы кадр әлеуеті бойынша жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, былтырдан бері зейнет жасына шыққан, қоныс аударған және басқа да себептермен қызметтен босатылған қызметкерлердің орнына қазіргі уақытта адам қабылданып жатқан жоқ. Себебі, мұнай скважиналарының ескіріп, компаниядағы жұмыстардың азаюына байланысты мекемеде кадрларды оңтайландыру саясаты жүріп жатыр. «Сазанқұрақ», «Прикаспиан Петролеум» және «Потенциал Ойл» компаниялары басшыларының да есебі тыңдалған соң, белгілі болған жайт – осы. Бәрінің айтатын уәждері – мұнай өндіру көлемінің төмендеп, түсетін табыстың азаюы бәріне себепші. Алайда, өз еріктерімен жұмысшыларды қысқартып немесе уақытша еңбекақысы сақталмайтын еңбек демалысына жібермеген. Дегенмен, «Жайықмұнайгаз» басқармасындағыдай өз еріктерімен қызметтен босатылған адамдардың орнына уақытша ешкім қабылданбайды. Ол жағдайдың қаншаға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Отырыс барысында белгілі болған тағы бір мәселе – мұнай компанияларының барлығы да бос жұмыс орындары туралы мәліметті аудандық жұмыспен қамту орталығына бермейді екен. Қызметке адам қабылдағанда да аталған орталыққа сұраныс жібермейді. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес бұл әрекеттердің заңсыз екенін айтқан аудан басшылығы ол мәселені облыстық еңбек инспекциясы арқылы шешетінін ескертті. Заң барлығына ортақ болғандықтан, еліміз бойынша еңбек ететін кез келген кәсіпорын басшылығы бағынуы тиіс. Сондықтан, әзірге ескертумен шектелетінін айтқан аудан әкімі бұл жағдай қайталанса, құзырлы органдар арқылы мәжбүрлеу шарасын қолданатынын айтты.

Сонымен бірге, қолданыстағы жоғарыда аталған Заңға сәйкес қазіргі кезде өндіріспен айналысатын кәсіпорындарда жазасын өтеу мекемелерінен босатылған және мүгедек азаматтарды да жұмыспен қамту туралы шарттар бар. Ол талаптар да бір мекемеде орындалса, енді бірінде мүлдем жоқ. Ал бірі ол туралы мүлдем естімеген немесе ол талаптарды орындауға жағдайы жоқ. Сондықтан да бұл мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, тиісті шешімдер шығару үшін аудан әкімі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілері бөлімінің басшысы Р.Мұқановқа нақты тапсырмалар берді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша балық аулау маусымында балық аулау жұмыстарын ұйымдастырып жүрген «Амангелді», «Жамбыл», «Ракуша», «Восток» өндірістік кооперативтері және «Абылайхан» ЖШС жетекшілерінің есебі тыңдалды.

Балық мәселесі соңғы уақыттардан бері өршіп, тіпті кейбір кездері ел ішінде алып-қашпа әңгімелер тудырып жүргендіктен, әрбір кооператив басшысын жеке-дара тыңдаған комиссия көкейлерінде жүрген барлық сауалдарға жауаптар ала алды. Балық маусымы кездерінде Исатай, Жанбай және Забурын ауылдық округтері тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылатын кооператив жұмысы соңғы жылдары жанданып келеді екен. Бір уақытта жүзге дейін адам қабылдап, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып жүрген бұл серіктестіктер барынша әділ әрі заң шеңберінде қызмет етіп келеді. Өз иеліктеріндегі қайықтарды жалға беріп, қажетті ау-құралдарды, жанар-жағар майларын сатып әперіп, жұмыстарды тиімді жүргізіп, жұмысшыларға еңбекақы төлеу кезінде барлық талаптарды сақтап, барлығымен келісім-шарттар жасасып, зейнетақы қорына қаражаттар аударып жүрген барлық кооперативтерге дерлік риза болған аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жақсаруына тілек білдірді. Алайда, заң талаптарының барлық кооперативтердегі сақталуын тұтастай қадағалау үшін 2017 жылдың қорытындысы және 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша заңды тұлға ретінде тіркелген аймақтарына ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының талаптарына сәйкес берген сұраныстары және салық, зейнетақы заңнамаларының талаптарына сәйкес мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлердің тізімі, қызметкерлерге аударылған еңбекақыларын және міндетті зейнетақы жарналарын дәлелдейтін төлем тапсырмалары және тағы басқа құжаттарын реттеу тапсырмасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына және аудандық ауылшарушылығы бөліміне жүктелді.

Сонымен бірге, алынған мәліметтер толыққанды әрі шынайы болуы үшін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы да тексерілуі үшін бұл жұмыстарды реттеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілері бөлімінің басшысы Р.Мұқановқа тапсырылды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521