Қамысқалада қолға алар істер бар

Бүгінгідей күрделі уақыттағы ауданның дамуында Қамысқала ауылдық округінің де үлесі мол.

Қазір ауылдық округтің өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, ауыл шаруашылығын, тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылым және әлеуметтік саланы дамыту күнделікті жұмыстың негізгілеріне айналып отыр. Оның нәтижелеріне округ әкімі Р.Тәжиденованың тұрғындар алдында өткен жылы атқарған жұмысынан есеп беруіне арналған кездесуде куә болдық.

Аудан әкімі М.Мурзиев, аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев, аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан, «Қазсушар» РМК Төменгі Жайық өндірістік бөлімшесінің басшысы Б.Бисалиев, «Атырау Жарық» АҚ Аққыстау электр желісі, «Бекасыл» ЖК, газ шаруашылығы мекемелері мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы, аудандық дербес бөлімдер басшылары және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында «2018 жылғы атқарылған жұмыстар және алға қойылған міндеттер туралы» есепті баяндама жасаған ауыл басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарына 4261 бас мүйізді ірі қара, 4881 қой-ешкі, 3673 жылқы мен 1289 бас түйе малдары қыстақтан өтіп жатқан округтегі ауыл шаруашылығы саласына, эпизоотиялық ахуалға тоқталды. Сондай-ақ 154 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген мұндағы кәсіпкерлік саланың дамуы да егжей-тегжейлі айтылды. Баяндамада округтегі коммуналдық сала, «Жергілікті өзін-өзі басқару», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларының орындалысы, жұмыспен қамту жайы да айтылды, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, дін, жастар саясаты, спорт, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету салалары бойынша да жасалынған жұмыстар сарапталды.

Иә, ауылдық округ бойынша жасалынған жұмыс аз емес. Ал, мұнда ауылдастарды толғандырар тағы қандай мәселелер бар? Бұл баяндама бойынша пікірлерін білдіріп, толғандырған сауалдар мен ұсыныс-тілектерін ортаға салған тұрғындар сөзінде айтылды.

Алдымен сауал жолдаған шаруа қожалығы жетекшісі Ж.Сахуалин болды. - Мал сою пункті салынды, 2-3 жылға кетіп барады, жұмыс жасамайды. Аққыстауға апарып сойдыру қиындық келтіреді. Қалыпты жұмыс жасату шарасын алуға бола ма? - деді ол.

Тұрғын сауалына орай жауап берген округ әкімі сенімгерлік басқаруға алған Е.Сапаровтың мерзімі осы жылдың 1 қаңтарынан тоқтатылғанын, пункт жұмысын жолға қоямын деген кәсіпкерлердің конкурсқа түсуіне болатындығын жеткізді.

Ал, тұрғын Э.Мадиева Бақсай өзегінің батыс бетіне мектепке баратын жол, көше жарығы туралы білгісі келді. Сондай-ақ ол жәрмеңкеге әкелінген көкөніс бағасы қымбаттығына тоқталды. Сауалға орай ауыл әкімі: - Алдыңғы жылы 25 көше шамы қондырылды, жаяу жүргіншілер көпіріне күннен қуат алатын шамдар орнатылды, кезең-кезеңімен қаржыға байланысты шешілетін болады. 8,2 км. асфальт жол, 4 км. жаяу жүргіншілер жолы құрылысының құжаттары жасақталып жатыр. Әзірше, мектепке баратын жолға топырақ, тас төселді. Жәрмеңкеге келген ет, көкөніс бағалары қадағалануда, дүкен, базар бағасынан 10-15 пайызға арзан, - деді.

Тұрғындар тарапынан болған дәрігерлік амбулаторияда зертхананың жабылуы, М.Қостамбаев көшесінде электр кернеуінің жетіспеушілігі, жедел жәрдем қызметі турасындағы сауалдарға орай тиісті мекеме басшылары нақты жауаптар берді.

Жарыссөз барысында бірінші болып мінберге көтерілген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ниғметжанов: - Ауыл әкімінің атқарып жатқан жұмыстарын көзіміз көріп отыр. Жұмысын тиянақты атқарып жатқаны рас. Жаяу жүргіншілер көпірі жөнделді, екі көпірге жарық шамдары орнатылды. Жылыжай, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы іске қосылып, халық игілігін көруде,-деді. – Ауылдың екі бетін тең ұстаған дұрыс деп есептеймін, батыс беті тұрғындары жол, жазғы су желісінің игілігін көре алмауда. Ауданның түп қазығы болған ескі Қамысқала қалыс қала бермесе екен деген тілегіміз бар. Атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға беремін.

Зейнеткер И.Сәтенұлы Бақсай өзегінің жаяу жүргіншілер көпірі тұсынан саябақ салуды ұсыныс етіп, ол екі беттің тұрғындары үшін ортақ демалыс орны болар еді деген ойын білдірді.Сондай-ақ, Қамысқала аудан орталығы болған кездегі аупартком үйі ғимараты бұзылғанын, енді сол тарихи орыннан ауылдық әкімдік үйін салса тарихи сабақтастық көрініс табар еді деген де ұсынысын көлденең тартты. Бұзылған үй орындары тұрған көшелерді ретке келтіру, Новобогат орта мектебінің дәлізін қоныс еткен кітапханаға орын тауып беру мәселесін де көтерген зейнеткер ауыл әкімінің жылдық жұмысына «жақсы» деген бағасын берді.

Ардагер ұстаз Б.Мусин жаздың қамын қыс ойлауға тура келетініне тоқталды. Бұған себеп, былтырғы ыстықта 5-6 сағаттап электр қуаты болмауынан тоңазытқыш, салқындатқыштарды пайдалана алмағандықтары екенін айтты. Ол ауылда жазғы су құбыры іске қосылса, «Қиғаш-Маңғышлақ» магистралды құбырынан алып отырған ауыз суды тиімді пайдалануға қол жеткізілер еді деген ойын да бүкпеді. Жазғы су желісінің жоқтығынан тал суару, бау-бақша егу қиынға соғып отыр.

Жиында сөз алған аудан әкімі қамысқалалықтарға басталған жылдың берекелі болуын тілек еткен ізгі ниетін білдірді, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, сөйлеушілердің сөзінде айтылған кейбір жайттарға назар аударды. Ауданда, соның ішінде, қалаға жақын орналасқан Қамысқалада мал ұрлығы көбейіп кетіп отырғанын айтқан аудан басшысы ауыл әкімі жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп, мал бақташысын шығаруды ұйымдастыруы керектігіне тоқталып өтті.

Есепті кездесу соңында ауыл әкімінің жыл ішіндегі жұмысы қанағаттанарлық деген бағаны иеленді, айтылған сын-ескертпе, ұсыныс-пікірлерден шара жасақтау, оның орындалысынан тоқсан сайын ақпарат беру округ әкіміне тапсырылды.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521