bannerqaz

Аққыстаулық отбасы «Бақытты отбасы» арқылы баспаналы болды

Биылғы жыл аққыстаулық Мөлдір Зұлқарнаева үшін ерекше қуанышты сәтімен есте қалды.

Өйткені ол жақында ғана көптен бері армандап жүрген баспанасына қол жеткізді. Басқа, басқа, «ауылдан үйлі болсам» деп армандап жүрген ананың қаланың қақ ортасынан пәтер бұйырады деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Тіпті, ол үшін бұл тосынсый десе де болады.

Мөлдір - үш баланың анасы. Ата-аналарымен бірге тұратын жас отбасы бұған дейін «мүмкіндігі шектеулі баланың қамқоршысы» ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайлы ести сала аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарына жүгіндім. Бәрін тәптіштеп түсіндірген мамандар қажетті құжаттарды айтып, оларды уақытылы рәсімдеп, осы мекемеден «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне жолдама алдым. Енді, міне, Атырау қаласынан бір бөлмелі пәтерге қолым жетті. Қатты қуанып отырмын.

Соңғы жылдары көпбалалы, отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекетіміз көптеген қамқорлықтар жасауда. Өз басым дән ризамын, - дейді Мөлдір.

Азғантай уақыт ішінде бір отбасына бақыт сыйлаған «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайлы білгіміз келіп мамандарды әңгімеге тартып көрдік.

– «Бақытты отбасы» - табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Егер сіз төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы, немесе кәмелетке толмаған баласы бар толық емес отбасы болсаңыз немесе мүмкіндігі шектеулі балаңыз болса, сондай-ақ, атыңызда және сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса, сонымен бірге отбасының әрбір мүшесіне келетін табыс айына 42 мың 500 теңгеден аспаса, аталған бағдарлама бойынша үй сатып алуға заем рәсімдей аласыз, - дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Айкөркем Боранбайқызы.

Білгеніміздей, заемге жаңа салынған үйден жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер және жеке тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар. Ал, ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 10 пайызы көлемінде төленуі тиіс екен. Берешекті екі пайызбен жиырма жылға дейін төлеу қарастырылған.

– Мөлдірдің отбасы - «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ауданымызда алғаш рет баспаналы болып отырған шаңырақ. Дәл осы санатта ауданымызда 118 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Алайда олардың көпшілігінің табыс көздерінің аздығына және бұрынғы несие шарттарының бұзылуына байланысты аталған бағдарламаға қатыса алмауда. Осы тұста бір айта кетерлік жайт, отбасы жаңа пәтер алуды көздесе, оның он пайыздық алғашқы жарнасын мемлекет төлеп бере алады. Бұндағы тағы бір ерекшелік үйді ауданнан немесе облыс орталығынан таңдай аласыз, - дейді Айкөркем Боранбайқызы.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz