«Ара – Атырау» аз көрерменді мәз қылды

Өткен жұмада кезіндегі «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрының белді мүшелерінің бірі, атыраулық талантты әртіс Нұрбек Мадиев жетекшілік ететін «Ара – Атырау» сатира театры Жанбай ауылында болып, тұрғындарға көңілді кеш сыйлады.

– Алғаш өнер көрсетуге келгенде ауданның абызы Ғатих Маштахов ақсақалдың: «Театрларыңның аты түсінікті, ара секілді шағып, халыққа бал бермекші екенсіңдер ғой» дегені есімізде. Қарт енді ғана тұсауын кескен өнер ұжымына қолдау білдіріп, ақ батасын берген еді. Содан бері театр әлі жеткенше жұмыс жасап келеді,-дейді кешті ашқан театр әртісі Қожаберді Піштібаев. Сондай-ақ ол өнер ұжымының үш-төрт жыл төңірегінде елдің он бес театры бақ сынаған өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алғандығын, басқа да жетістіктерін атап өтті.

Жарнамасы жарытымды болмады ма, білмедік, әйтеуір, концертке отыз шақты ғана адам жиналды. Оның жартысына жақыны - балалар. Бұған мән бермеген әртістің: «Біз үшін сіздердің сандарыңыздан гөрі сапаларыңыз маңызды. Өнерімізге баға беріп, қолдай отырыңыздар» дегені аз көрерменді мәз қылды. Сонымен, театрдан не көрдік, не түйдік, соған келейік. Бұрынғыдай емес, «Ара – Атырау» бұл жолғы бағдарламасында елдің мұңы мен ең өзекті деген мәселелерін көрерменге қалжың арқылы қағыта жеткізуді нысанаға алыпты. Бұл сөзімізге «Бала сату» атты қойылымы дәлел бола алады.

Он бес жыл бойы бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыпты бала асырап алу үшін балалар үйіндегі маманның алдына қажетті құжаттарды әкеледі. Барлық құжатты түгендеп, енді ғана аңсаған арманымызға жетеміз деп тұрған оларға ана қағаз, мына қағазды сұрап діңкелеткен қызметкер ақыр соңында ерінің сүндеттелгені жайлы анықтама қағаз керектігін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Жаны алқымға тірелген жігіттің: «Ойбай, біздің кезімізде дәрігер дегенің атымен болмады, ол «шаруаны» ауылдың молдасы бітірді ғой» деген уәжіне «Сол молдадан алсаң да жеткілікті» дейді әлгі міз бақпастан. Молданың өзі түгіл, сүйегі қурап кеткендігін түсіндіріп ақ тер, көк тер болған жігітке бәрібір сол молданың өлгендігі жөнінде анықтама алып келу міндеті жүктеледі. Әлгінде ғана бөріктерін аспанға атардай болып тұрған ерлі-зайыптының қуанышы су сепкендей басылып, бұл тығырықтан шығудың да бір жолын қарастырмақ болып шығып кетеді.

Жоқты сұрайтын балалар үйінің әлгі қызметкері - осы мекеме басшысының балдызы. Оған бұл «әдісті» үйретіп отырған да сол жездесі екен. Бақсақ, бала сатып байып отырғандар екен.

Сәлден кейін сахнаға балалар үйінің директоры бір шетелдікті ала келеді. Әлгі қазақтан бала асырап алмақшы екен. «Таза қазақ, кәдімгі бойында Қабанбай, Бөгенбайлардың қаны бар, текті тұқымнан» деп жарнамасын жетістірген басшы бес бала беріп, бір сөмке ақшалы болды. Шетелдік мәз-мейрам болып аттанысымен, жаңағы қазақ отбасы зар жылап қайта келді. Бір қарасаң - әзіл, бір қарасаң – зіл. Күліп отырып, жылағың келетін көрініс бұл. Қаншама қаракөздеріміздің мұхиттан әрі асып, оп-оңай ділі де, діні де өзге үйдің бір мүшесі, сол мемлекеттің бір азаматы атанып кететіні, ал, өз қандастарымыздың сол бүлдіршіндерді асырап алуға келгенде түрлі қиындықтарға тап бола беретіндігі мәселе ме? Мәселе...

Иә, бұндай салмақты дүниелер көп сахналана бермейді. Өйткені, ой туғызатын туындылар үлкен ізденіс пен шығармашылық жұмысты, бір сөзбен айтқанда, кәсібилікті қажет етеді. Ал, театр жетекшісі Нұрбек Мадиевтің айтуынша, кәсіби маман табу - қиынның қиыны. - Бізде сатириктер жоқ. Сондықтан, материалдар табуда біраз қиындықтар туындайтыны жасырын емес, - деген еді ол концерттен бұрын тілдескенімізде.

Айтқандай, тың идеялар мен жаңа туындылардың тапшылығы да көзге көрінбей қалмады. Қазіргі кездегі жалпы театрлардың ортақ кемшілігіне айналған арзанқол әзіл мен анайы қалжыңдар «Ара – Атырауды» да айналып өтпепті. Мәселен, «Рентген» атты қойылымда сахнада шалдың ішкиімшең тұруы «әттеген-ай» дегізсе, «Шал мен кемпір» әзілінде ақыл айтар ақсақал мен ақ жаулықты әженің бір-біріне қарама-қарсы тұрып алып ерең-серең етіп заманауи би билеп жарысуынан театр режиссерінің не айтпақ болғанын түсіне алмадық. Орысқолды әзілдерге де орын беріліп жатты. Солардың бірі «Менің күйеуім қызғаншақ» атты көрініс кезінде «Бауыржан шоу» сахналаған қойылымның көшірмесі десе де болатындай. Күйеуі іссапарға кетеді, үйінде қалған әйелді құттықтап бірінен соңы бірі келіп жатқан бөтен еркектер есік соққан сайын бір бөлмеге тығылып, күйеуі келген кезде амал жоқ әйелдің киімдерін киіп қашып құтылмақ болады. Әрине, әзіл болған соң әртүрлі оқиғалар сомдалуы мүмкін. Дегенмен, ойнап сөйлесе де, ойлап сөйлейтін елдің ұрпағы бұндай олқылықтарға бой алдырмауы тиіс сияқты. Бұл – біздің пікіріміз. Жалпы концерт көпке ұнады. Әсіресе сахнаға Нұрбек Мадиев шыққан кезде көптің ықыласы бөлек болды. Кеш соңында сөз алған ол Жанбай жұртшылығына, концерттің өтуіне қолдау білдірген ауыл әкіміне ризашылық сезімін жеткізді.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521