Астана келбеті ардагерлерді риза етті

16-19 қыркүйек аралығы облыстық әкімдіктің қолдауымен Астана қаласына сапарлаған атыраулық ардагерлер үшін ерекше күндер болды.

Өйткені, олар осы сапар барысында елордадағы көптеген көрнекі жерлерді аралап, Астананың 20 жылдығына орай атқарылған жұмыстармен, жаңадан пайдалануға берілген нысандармен танысты.

Осынау аға буын өкілдері арасында облыстың өркендеуіне елеулі үлес қосып, айрықша еңбектерімен танылған мемлекеттік қызмет, мұнай, құрылыс, транспорт, су шаруашылығы салаларының мамандары, ғалымдар бар еді. Топ құрамында ауданымыздан осы жолдардың авторы мен мұнайшы ардагер Ботагөз Құлғалиева болды. Атыраулық делегацияны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бастап барды.

17 қыркүйек күні арнайы жоспарға сай елорданың көрнекі жерлеріне экскурсия барысында алдымен «Бәйтерек» монументін араладық, опера және балет театрында, «Хазрет-Сұлтан» мешітінде болдық. Сол күні көңілімізді ғарыш әлемімен жалғастырғандай болған арнайы музейді тамашалаудың да әсері аз болмады. Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі үйінде болған бізді Сенат депутаты Құмар Дүйсембаевтың Мәжіліс үйі алдынан жылы шыраймен қарсылап алуы бек риза еткенін айтқым келеді. Аталған ғимараттағы кіші, үлкен, біріккен мәжілістер өтетін залдарды, кітапхананы аралаған бізге оларды Мәжіліс депутаттары Бейбіт Мамраев пен Бақтықожа Ізмұхамбетов таныстырды. Мәжіліс үйінде арнайы суретке де түскен делегацияны мәжілісмен, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қабылдады. Жүздесуде Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко баяндама жасап, көптеген өзекті мәселелерге тоқталды, қатысушы мәжілісмендер мен ардагерлер осы төңіректегі пікірлерімен бөлісті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов мәжілістегі халық қалаулылары Владимир Божкоға, Абай Тасболатовқа, Бейбіт Мамраевқа, сенатор Құмар Дүйсембаевқа Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова медалін табыстаса, кездесуді қорытындылаған Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлерге «Өмір ғой соның барлығы» атты өз өлеңдер жинағын ескерткіш ретінде ұсынды.

Келесі күні облыс ардагерлері тобы ЭКСПО қалашығын аралап, Астана тойына тарту етілген Атыраудың көпірін тамашалады, «Ата мекен» аталынған аспан астындағы мұражаймен кеңінен танысты. Түстен кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты үйіне арнайы ат басын тіреген делегацияны сенаторлар Сәрсенбай Еңсегенов пен Құмар Дүйсембаев қарсылап алса, Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров арнайы қабылдады. Басқосуда ол тәрбие мәселесі туралы пікірін ортаға салып, кең көлемде баян-даса, қатысып отырған сенаторлар мен атыраулық ардагерлер өкілдері де өз ойларын білдірді. Кешкілік түнгі Астанамен танысқан сапарластар Алматы облысының Елордаға еншілеген сыйы Жетісу паркін аралап көрдік, ертесіне Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен жан-жақты танысу да әдемі әсер қалдырды.

Сапар кезінде топ құрамындағы облыстық телевидениенің тілшісі Нұргүл Рамазанова, телеоператоры Тілекқабыл Ғұмаров, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Гүлдана Жанбозовалар да ардагерлерден Астана әсері, басқа да тақырыптарда сұхбаттар алып, бейнетаспаға түсіріп үлгеріп жатты. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Еркебұлан Мүтиголлин қарапайымдылығы, ізеттілігі, үлкендерді сыйлаудағы ерекше тәрбиелілігімен аға буын өкілдерінің ойынан шықты. Дәрігер қызымыз Гүлайна Құбиева да күн сайын ардагерлердің қан қысымын өлшеп, басқа да дәрігерлік көмектерін көрсетіп, өзінің инабаттылығымен, ашықтығымен ерекше көзге түсті. Облыс әкімі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлібек Олжағалиев әркез ардагерлер арасында болып, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында өткен кездесулерді ұйымдастыруға елеулі көмегін көрсетті. Жалпы ардагерлер сапар кезінде айрықша қамқорлықта болды. Біз бұл сапарда елорданың жыл санап емес, күн санап көркейе түскенінің куәсі болдық. Қазір де метро, көптеген алып құрылыстар мен кешенді тұрғын үйлердің салынып жатқанын байқадық. Сөйтіп, Астананың көрікті келбетіне ардагерлер өте риза болып қайтты.

Аяпберген МҰХАНБЕТОВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521