Ат шаптырып, ауыл жатыр той жасап

Исатай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай Хамит Ерғалиев ауылында «Қамысқала – құт мекенім» атты ауыл тойы өтті.

Ұлысын ұлықтаған, өткенін ұмытпаған Қамысқаладай арайлы мекеннің ораза айт күні ұйымдастырып отырған бұл шарасына жиналғандардың қарасы аз болмады. Шырайлы шарада ауылдың солтүстік-батысында орын тепкен Бәйге төбе басына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ат бәйге, атан жарыс ұйымдастырылып, спорттық шаралар да өткізілді. Ал, ауыл өнерпаздары арнайы дайындаған мерекелік сазды бағдарлама көптің көңілін көтеріп, көптен көріспеген алыс-жақыннан келген меймандар арқа-жарқа болысып жатты.

Көптен күткен өңір мерекесіне жиылған көпшілікті ораза айт мейрамымен құттықтап, әрбір ауыл тұрғынының үлесі бар мерейлі шараға келгендерге «қош келдіңіздер» айтқан Х.Ерғалиев ауылдық округінің әкімі Р.Тажиденова:

– Қамысқала ауылы боп аталып кеткен ауылдың іргесі сонау 1927-жылы қаланып, алғашында аумақтық бөлім боп қалыптасқан еді. Осы жылдар ішінде ауыл тұрғындары біраз қиындықтарды бастан кешірді. Небір тар жол, тайғақ кешуден намысын жоғары ұстап өткен ағаларымыз болды. Республика, одақ көлеміне танылған бүкіл қазақтың ардақты ақыны Х.Ерғалиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері З.Камалиденов, И.Аманғалиев, И.Тасмағанбетов, жоғары дәрежедегі партия қызметкерлері Ә.Бақыраев, Х.Сұлтанов, Қ.Самешов, Е.Есенғалиев, Қ.Ризуанов, А.Кенжеғалиев, еңбек ардагерлері, Ленин орденінің иегерлері Қ.Хисин, Ж.Мүтиев, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткерлері Ч.Зұлқашев, С.Жалмышев, суретші Т.Мұқатовтар сынды ауылымыздың атын әйгілеген тұлғаларға кейінгі ұрпақ өкілдерінің ризашылығы мен құрметі шексіз. Тірлігіне бірлігі жарасқан ауылымыз жыл санап көркейіп келеді. «Елу жылда - ел жаңа» демекші, осы оң өзгерістерді өз қолымен жасаған аға-апаларымыз, міне, бүгін ортамызда отыр,- деді.

Шара барысында ауыл адамдарының еңбегін елеп, бірқатар азаматтар мен азаматшалардың кеуделеріне медальдар тағылды. Атап айтқанда, «Тұрар Рысқұлов» қоғамдық қоры атқарушы ұйымының 2018 жылғы 15-қаңтардағы шешімі бойынша Т.Рысқұловтың 125 жылдығын атап өту барысында мақұлданған «Ауыл еңбегі үшін» медалі ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуына еңбегі сіңген Ұ.Уалиев, А.Еришов, В.Зұлхашев, К.Есенов, Ө.Жағыпаров, Ж.Хасанова, М.Сидахметова, А.Ғизатуллина, К.Нұрманова, Р.Шакесова, Т.Бозшиев, Ж.Қалимұханов, С.Қабдыжановқа және Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Д.Мақсотовқа берілді.    

Арқа қоздырып, алақан соқтырар аламанда бәйге қызып, төрт тұяғы жер тарпып, шаңды көкке көтерген жүйріктер арасынан 1-орын Т.Бозшиевтің Қара ала аяғы (шабандозы Қ.Тастайұлы), 2-орын А.Өтеновтің қоңыр қасқа «Ботакөзі» (шабандозы А.Әлмұратұлы), 3-орын О.Айдаралиевтің Жирен қасқасына (шабандозы Д.Қисамеденов) бұйырды. 18 шақырымды бағындырған жүлдегерлер дипломдармен бірге 200 мың, 100 мың, 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарға да ие болды. Бары екеу ғана демесек, атан жарысы да көптің делебесін қоздырды. Онда Ә.Қадировтың ақ атаны (шабандозы М.Қабдырахманов) бірінші келіп, 50 мың теңгені олжаласа, Б.Сайпеденовтің сары атаны (шабандозы Н.Есеналиев) 30 мың теңгені иеленді. Ал, кір тасын көтеруден М.Оралбеков бірінші, Ғ.Қалиев екінші, Ф.Дәуітов үшінші орындарды бөлісті. Ұлттық спорттың бір түрі - қазақ күресінен жауырыны жер иіскемеген ауыл азаматы М.Лұқпанов бас жүлдені қанжығаға байласа, А.Дүйсекешов пен М.Өтебаев кейінгі орындарды қанағат тұтты. Арқан тартыста да «Себек» тобының күші басым болып, 1992 жылы туған жастар құрамасы мен 1982 жылы туған жігіттер тобы екінші, үшінші орындардан көрініп, ақшалай сыйлықтар алды.

Ләңгі тебуден А.Өтеновтің алдына ешкім түспеді. Ғ.Қасымов пен Т.Қабденовтер де дипломдармен марапатталып, сыйлық алды.

Ал, веложарыста отыздан астам қатысушылар арасынан І.Қоныскереев алда келіп, А.Болатов пен Н.Маратов кейінгі орындарды бөлісті. Жаяу жүгіруден жарыста бірінші болып М.Кенжеғалиев келсе, Д.Мақсотов, Б.Әділжанов, Д.Ермұхановтар да топ жарып, мойындарына медаль тағынды.

Негізгі отырықшы халықтың ата қонысы Новобогат жерінде өткізілген ауыл тойының негізгі өзегі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ерекше атап көрсетілген қазақтың мәңгілік ел тұрғындары боп қалуы үшін рухани құндылықтың, өткен тарихымыздың өшпес кезеңдерін ертеңгі күнге ұштастырып, ұлттық кодымызды ұрпақ бойында мәңгі қалуын қамтамасыз етумен үндесіп жатты. Ендеше, биылғы Исатай ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерейтойы қарсаңында ауданның қарашаңырағы болған бір кездегі Новобогат, бүгінгі Х.Ерғалиев ауылы ел тарихында атауы қалыптасқан ауыл болуы бәріміз үшін зор мақтаныш. Елдігіміз еселенген берекелі белестеріміз тарих төрінен көрінгені бәрімізге мақтаныш, абырой. Олай болса, айтулы шараны ұйымдастырып, әрі демеушілік танытқан ауыл кәсіпкерлерінің, әрі ұйымдастырушыларының еңбегі де ұшан-теңіз.  

Ардагерлер алқасының төрағасы С.Нығметжанов ауыл үлкендері атынан құттықтау сөз сөйлеп, ел тарихынан сыр шертті. Мәселен, ардагердің айтуынша, Бәйге төбе басында ат шабыс осыдан 36 жыл бұрын өткен екен. Ол кезде совхоз директоры Т.Дәулетияров елге бірталай оң өзгерістер әкеліпті.

Қ.Ризуанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қамысқала елінің тумасы:

- Ауылға арнайы шақыртумен келіп, туған жердің торқалы тойын көріп, бір қуанып қалдық. Бала кезіміздегі атқа жайдақ мініп, жалаң аяқ дала кезіп, одан қалса Ақкүтірден оралған арбалардан қарбыз ұрлағанымыз да еске түсіп, кино лентадай көз алдымыздан тағы бір жылжып өтті. Ауылдан жырақ жүргенмен, жүрегіміз ауыл деп соғып, үнемі бір құлағымыз осы жаққа қарай түрулі болатыны да рас. Осындай дүбірлі дода бұл ауылда өтпегелі де біраз болыпты.

Елге деген сағынышымызды басып, бүгін бір жасап қалдық. Барлығына көп рахмет!

Д.Махсотов, Шымкент қаласында өткен белбеу күресінен ел чемпионатының жүлдегері:

- Мамыр айында өткен чемпионаттан екінші орын алып келдім. Ел мерейіне қосқан үлесім үшін, бүгін, міне, кеудеме медаль тағып, ұлықтап жатқан еліме рахмет айтам. Жеңісті күніміз көп болғай!

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521