bannerqaz

Ауылға баршы, бауырым

Есіңде ме, інім, бала күніңде «осыдан мектеп бітірейін, сабағымды жақсы оқып, грантқа түсемін, қалаға барып, қалаған мамандық иесі болып, ауылға қайтамын» деуші едің ғой. «Туған мекенге оралған соң «мынау» деген қызға үйленіп, әке-шешемнің қолын жылы суға малып, өзім ауыл шаруашылығын дамытуға күш саламын. Мал бағамын, егін егемін, атакәсібімізді дамытамын» дейтінің. Армандарың асқақ болатын. Алысқа қарағанда жанарыңнан ерекше күш пен жігерді оқушы едім. Алайда, ренжіме, бауырым, бүгінде сенің көзің түгілі, жүзіңе зер салуға жиренемін. Обалы нешік, оқуыңды өйтіп-бүйтіп тәмамдағаныңмен, дипломыңды газетке орап, сандықтың терең қалтарысына сүңгітіп тастап, бүгінде жоқтан өзгемен айналысып жүрсің. Таңертеңнен кешке дейін шетелдің опа-далабын сатасың. Жақпа мен сықпа майлар туралы пайдалы деректерді жатқа айтқаныңда, молда екеш молда да оқып отырған сүресінен жаңылатын шығар.

Өзің де сән қуған осы екен деп жеңі ұзын, балағы қысқа, теріге жабысып тұратын дүниелерді сәнге айналдырдың. Құлағыңнан наушник, қолыңнан телефон түспейді, жөні түзу әңгіме айта алмаймыз, жын ұрған адамдай аузы-басыңды қисаңдатып, «басқа әлемге» табынып, виртуалды махаббаттың құрбаны болуға барсың. Таласым жоқ, бәлкім, хакім Абай айтқандай, «есектің артын жусаң да» мал тапқан жөн шығар-ау. Дегенмен, қанша тыраштансақ та біз кәріс немесе еуропалық бола алмаймыз ғой. Оларға не істесе де жарасады. Олар он сегізінде бір сөмкесін құшақтаған күйі үйден кетпей ме өз күнін өзі көруге. Содан ата-анасының жаназасына келсе келеді, келмесе өзі әке болған соң, жасы елуге тақағанда бір айналып соғуы кәдік. Ал біздер ше? Бізде «қара шаңырақ», «міндет», «обал», «сауап», «ұят» деген ұлы түсініктер бар. Біз – сонау түркілердің, сақтар мен ғұндардың ұрпағымыз. Қазақ ұлтының кенже ұлы ешқашан да ата-анасын ауылда даңғарадай үйде тастап, өзі «әләулайлымды», ол бітсе,«халәуләйлімді» айтпаған.

Айтып-айтпай не керек, жалдамалы пәтеріңнің халі де келісіп тұрған жоқ. Біреудің қолаңса иісі өкпені қабатын «времянкасын» қоналқа етіп отырсың. Жасың да отызға жетежақ. Енді бір әуп десең, отыздан асып, қырықтың қырқасына аяқ артасың. Естіген елден ұят. Ауылдағы бес бөлмелі үйге қарашы. Қорада азды-көпті бес-алты бас мал бар, уақ жандығын қоспағанда. Өзіңдей Жандосты айтам, сен қатарлы еді ғой кезінде, бүгінде үш баланың әкесі. Теңіне үйленіп, отау тігіп, ата-анасының қолын жылы суға әбден малып қойған. Өзі өкімет ұсынып жатқан түрлі мүмкіндіктерді қалт жібермей, арзан несие алып, бүгінде ауылшаруашылығы құрылымын құрып, өзіндей жігіттердің басын қосып, тұтыну кооперативін ашқан деседі естіген жұрт. Асыл тұқымды мал басын дамытып, жер еміп, бала-шағасының да, өзінің аузы аққа жарып жүрген көрінеді. Тіпті жапан даладағы иесіз тұрған көлді жалға алып, ата-бабам естіп-білмеген жаңа кәсіпті меңгеріп, суда жасанды балық өсірумен айналысады дегенді де естідім. Еңбектенген адамды құдай тағала да жарылқайды ғой, өзі сүліктей «Ауди А8» мәшинесін мінеді екен.

Ал сен болсаң... Таңның атысы, күннің батысы ала дорбаңды арқалап, мекемеден мекеме қоймай аралап, «мәңгілік жастық эликсирі» атты утопияға толы өзің түсініп, жатқа білетін бес-алты ауыз шумағыңды қайталап, адамдардың санасын улауыңды қоймайсың. Тіпті бірді-екілі жерде алаяқтық жасады деп құзырлы органдарға түсіп қалғаныңды бетіңе баспай-ақ қояйын. Ең құрығанда сол ісіңнен нәтиже шығарсаң етті. Тапқан-таянған 60-70 мыңыңды бір күн, бір сәтте онлайн казиноға ұттырып жіберетінің шаршатты. Рулеткадағы 36 сан, кенодағы 80 санның бірін дөп табамын деп, теңгелерді уыстап шашып, айдаладағы бәзбіреулерді байытасыңдар өзің секілді нақұрыстар жиналып алып. Соңында қолыңдағы барыңнан түгел ұтылып, ертесі маған келіп, пәтерақыңа тиын сұрайсың. Өзіңше маған білдірмегеніңмен, тентек судың иісін де сезіп қалам. Шалақұрсақсың. Түрің анау, шашың өскен, жүзің әлемтапырақ. Ішіңе ел қондырған соң тағы аттанасың жөніңе сосын. Жөніңді білдір десем, қолыңды сілтей саласың, «анаааау» жаққа барам деп... Артыңнан күрсініп мен қала берем.

Бауырым, мен саған бір ақыл айтайын. Сен асылы мына жұмысыңды доғар. Қимайтын ештеңең жоқ. Түр-әлпетіңді түзе. Үстіңе тәуірлеукиім ки. Жалдамалы пәтеріңнің бұрышында үйіліп жатқан қоқыр-соқырыңды жина да ауылдың автобусына отырып, ата қонысқа тура тарт. Әуелі ауыл шетінде мәңгілік қоныс тепкен ата-бабамыздың басына бар. Желеп-жебеп жатқан ата-әже, тума-туыс, тамыр-таныс, көрші-қолаңның ішінен өзің танитын о дүниелік болған аруақтардың бірін де қалдырмастан аттарып атап, түстерін түстеп аят оқы. Еш қомсынба. Туған жердің өзіңе бала кезден таныс бұйрат топырағына тізерлей отыр да, шарт жүгін. Бәлкім көзіңе жас та келер. Опа таптырмаған отыз жылыңда өзің біліп-білмей, әдейі немесе қасақана жасаған күнәларың мен кінәларың жіптей тізіліп лентаға айналар. Сонда тәубаңакеліп, көңілің жай табуы тиіс.

Қара шаңырақта аунап-қунап, сағынышыңды басып, шешеміздің сүт қатқан күрең шайына қанған соң ертесімен көшеге шығарсың. Қанша жылдан бері ат ізін салмадың,ауылдағы ағайын мен туысқа, көрші-көлемге, сыйлас ақсақалдарға, мұғалімдеріңе барып сәлем бер. Сәлем бере жүріп қазіргі ауыл жастарының немен айналысып, қай саладан нәпақа тауып жүргеніне де мән берерсің. Бәлкім, сандық түбіндегі дипломыңа сәйкес қызмет бұйырып қалар дегенім ғой. Оның реті шықпаса, мойымай-ақ қой. Қазір мүмкіндіктердің заманы. Қолы қимылдап, келер күннен үміттеніп, еңбек еткендер жерде қалып жатқан жоқ. Қазір екі шоқып биге шығатындар емес, адал еңбектен нәтиже көретін жастарға мемлекет тарапынан көмек көп. Әгәрәки, атакәсіпке ден қойып, мал бағам десең, қолжетімді несие бағдарламалары бар, тіпті тегін гранттар да бар, соларға біртіндеп қатысып, ұшпаққа шығуға болады. Сусыз қайтіп мал өсірем деп те басыңды ауыртпа, әсте. Қазір құдық қазғандарға мемлекет шығынның сексен пайызына дейінгі мөлшерде субсидия береді. Құс асырап, жұмыртқа өндірсең, қой өсірсең, сүтті бағыттағы аналық мал басын бір жолға қойып, мемлекетке сүт тапсырсаң да мемлекет ұсынатын көмекқаржылар бар. «Қаз Агро Қаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылылығын қаржылай қолдау қоры» мекемелері арқылы жаңа техникаларды лизингке алып жатқандар да көп. Ауылға барып, жас маман болғандарға жергілікті әкімдік тарапынан берілетін бір жолғы көтермелеу ақысы бар. Баспана мәселеңді шешкің келсе, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы дайын. Одан қалды, атшаптырым ауланы күтіп, баптап, минералды тыңайтқыштар салып, тұқым сепсең, көкөніс пен бақша дақылдарының неше түрін өсіруге болады. Қорада жұмыртқаң мен сүтің, етің тағы бар. Былтыр емес пе еді, ауылда тұрып, күркетауық бағып, «Мерседес гелендваген» мінген қазақ жігітін баспасөз бен интернеттің жарыса жазатыны. Қысқасы, кісі есігінде күнелтіп, тапқаны қаққанына, айлығы шайлығына жетпейтін қалалық тірлігіңді ауылдық кәсіпке айналдырсаң қор болмайсың.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz