«Ауыл - ел бесігі» - жақсылығы мол жоба

Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқан қазақ ауылдан қол үзіп кеткен жоқ.

Өйткені, қадым замандардан-ақ ауыл – қазақтың қасиетті мекені, береке-бірлігінің ордасы болып келді, қазір де солай. Сол ауылдағы ағайын ауылының замана көшінен қалмағанын да қалайды. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасы олардың көңіліндегі сенім мен үміт отын үрлей түсті десек болады.

Өткен жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аталған Елбасы Жолдауында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосу тапсырылған болатын. Әрине, бұл жобаға дейін де ауылдарды дамытуды, сөйтіп уақыт талабы мен замана көшіне ілестіруді көздеген түрлі жобалар мен бағдарламалар болғанын білеміз. Ілгеріректе үш жылдың «Ауыл жылы» деп жарияланғанын да ауылдастар әлі ұмыта қойғаны жоқ. Мұның бәрі ауылдың ел бесігі екендігін айшықтай түскені анық. Ал жаңа жоба сол ауылға нендей жақсылықтар ұсынып жатыр?

Деректерге қарағанда, ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл - ел бесігі» жобасы қазір қай өңірде де қарқынды жұмыс істеуде. Жобаның бір жақсылығын өз ауданымыздың өмірінен де мысалға келтірсек болар еді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінен алынған мәліметте, аталған жоба бойынша Аққыстау ауылында газ желісін жүргізу жобасы ұсынылған. Аталған жобаға республикалық бюджеттен 26 494,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 22 276,0 мың теңге бөлінген. Жалпы құны 48 770,0 мың теңгені құраған бұл жұмысты жүргізуші мердегер мекеме – «Болат-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы жылдың тамыз айында басталған Аққыстау ауылындағы газ желісін ұзарта түсетін бұл жұмыс қараша айында аяқталады деп күтілуде. Иә, ауылға жақсылық жасауды ойлаған жобаның жақсылығы көбейгей дейік.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521