Ауыл тазалығы әкімге ғана керек пе?

Ауылдың тазалығы тұрғындардың салауаттылығын, қоршаған ортаға деген құрметін білдіреді.

Ал, көпшілік ауылда тазалық деңгейі төмен екендігі жасырын емес. Оған округ басшылығын кіналай беру дұрыс емес, әрине. Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев ауыл тұрғындары алдындағы есептік жиынында ауыл тазалығы туралы ашына айтты.

653281

- Дамимыз деп жатырмыз. Жылдан-жылға өркендеп келеміз. Осындай өркениетке ұмтылған кезеңде ауыл тазалығына көңіл бөлмей жататынымыз қалай? Қоқыстарды шашып, әртүрлі сусындардың бөтелкелерін лақтырып жүре беру салиқалы, сауатты азаматтың ісі ме? - деді ауыл басшысы.

Одан әрі Мәди Өтеғалиев ауыл шаруашылғы, кәсіпкерлік, тағы да басқа салалар бойынша мағлұмат берді. Тәртіп мәселесінің де тұрақты екендігін атап өткен округ әкімі алдағы жоспарларымен де бөлісіп, тұрғындарды ашық диалогқа шақырды.

69581

Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Кәки Сапаров тұщықұдықтықтардың атынан әкімдеріне риза екендігін білдіріп, тұрғындарды ауыл тазалығын сақтауға шақырса, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенов көшенің жарықтанғандығына көңілі толатынын айта келе, көшелерге бейнекамералар орнатылуы қажеттігін, бұл тазалық пен тәртіптің күшеюіне септігін тигізеді деген ойын жеткізді. Ал, Алтынбек Сабиров балалар ойын алаңқайы, жолдарды тазалап тұру мәселесін көтерсе, Жарқынай Бекболатова жаяу жүргіншілер жолы салынса, Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі филиалы ғимаратын жөндеуден өтсе деген сауалын жолдады. Сондай-ақ, ол кәсіп ашу үшін тиісті мекемеден жер сұрапты. - Олардан: "Тұщықұдықта жер жоқ" деген жауап алдым. Шынында игерілмей тұрған бос жер көп. Олар пайдаланбаса, неге тапсырмайды мемлекетке? Жасайтын адамдарға берсін. Осы мәселені шешкендеріңіз жөн, - деді Жарқынай Бекболатова.

Жеке кәсіпкер Рүстем Танабаев Смағұлов көшесіндегі такси тұрағының күрежолды тарылтып тұратынын, қалаға қатынайтын жылдамдықты асыра пайдаланатын көліктер апат тудыруы мүмкіндігін айтады.

Жиын соңында аудан әкімі Марат Мурзиев тұрғындардың көтерген мәселелеріне шын ықыласын білдірді. Аталған түйткілдердің түйінін заңдық негізде шешуге тырысатынын айтып, тұрғындарды тазалыққа, салауаттылыққа ауызбіршілікке шақырды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521