«Бағытымыз – Лондон». Үндістандық туристер Аққыстауға аялдады

Аққыстаудағы "Сәуір" шұбатханасының алдында қаз-қатар тізілген шетелдік мотоцикл мен жүк артқан жеңіл автокөлікті көріп, іштегілер ел аралап жүрген саяхатшылар шығар деп шамаладық.

Кері бұрылып, шұбатханаға кірдік. Айтқандай, түскі ас ішіп отырғандар шетелдік азаматтар екен. Шұбатхана қожайыны Гүлбарша апайдың қызы Лаураның көмегіне жүгінуге тура келді. Ағылшын тілінде орташа тілдесе алатын Лаура арқылы біраз нәрсеге қанық болдық.

Туристер үнді азаматтары екен. Үшеуі - ер, үшеуі - әйел адам. Үндістаннан жолға шыққан саяхатшылардың алған беті Лондон қаласы екен.

t

"Қазақстан сіздерге ұнай ма?" деген сұраққа "ес, ес" деп жамырай жауап берген жолаушылар, әсіресе, Атырау мен Бейнеуді ерекше жақсы көретіндіктерін айтады. "Қонаққа тән жуастық танытып тұр-ау, әйтпесе, қалың Қазақстанның ішінен ауасынан халқының өзі қаша жаздап жүрген Атырауды мақтағаны несі?" деген оймен "Не үшін?" деп үстемелей түстік. "Ресейге осы облыс арқылы шығамыз, сол үшін әрі Бейнеу мен Атыраудың халқы ерекше ұнайды" дегенді жеткізіп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастыра қауқылдай жөнелді. Онысы "бауырмалсыздар, қонақжайсыздар" дегені екен. Пендеміз ғой, мақтағанды кім жек көрсін, ішіміз жылып қалды, енді.

t

Жер көріп, елдермен танысуды мақсат тұтқан шетелдіктердің жеке бизнестері де бар екен. Мүмкіндікті құр жібермей, сатылымдағы мотоциклдерінің жарнамалық карточкаларын да үлестіріп үлгеріп жатыр.

Лаурамен ескі танысындай арқа-жарқа әңгімелесе жөнелген Ханним есімді үндіс жігіті шұбатхана атауының неге "Сәуір" екендігін де сұрады. "Бұл отбасылық бизнестеріңіз бе?" дегенді де түсіндірді-ау әупіремдеп.

t

Сәуірде түйе төлдейтінін, ұлттық сусынымыз шұбаттың сол түйе малының өнімі екендігін естігенде Ханним таң-тамаша болды.

Гүлбарша апайдың айтуынша, жолаушылар еті бар тамаққа тапсырыс бермепті. – Етті тағамды мүлдем жемейді екен, күріш, басқа да тамақтар алдырды. Ал, ыстық тамаққа өздерімен бірге алып жүрген тез әзірленетін астарын дайындап алды, - дейді апай.

- Шетелге шығам десең, ағылшынша үйрен, сен жақсы сөйлейсің, - деп Лаура қарындасымызға ақылын айтып та үлгерді әлгі Ханним.

Айтпақшы, сұрағымыздың бәріне мәз-мейрам күйі "бәрі жақсылап" жауап берген саяхатшылар күрежол жайлы сауалымызға кібіртіктеп қалды. "Мотоциклмен жүру қиын" деген шетелдік қонақтар келген жерін "әлен-бәлен" деуге айыпсынған шығар. Не болмаса дәл сол уақытта не айтқанын біз дұрыс ұға алмай қалдық.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521