bannerqaz

Батагөйлер сайысынан топ жарды

Ауданымыздағы дуалы ауыз батагөй қарияларымыздың бірі - зинедендік Уақит Әділов жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын батагөй қарттар сайысында олжа салып, ауданымыздың абыройын асырып жүр.

Естеріңізде болса, ол былтыр өткен осы сайыстың облыстық кезеңінде бірінші орынды қанжығасына байлап қайтқан болатын. Биыл да облыстан үздік танылған батагөй аталған жарыстың батыс аймақтық кезеңіне жолдама алған еді. Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен аймақтық бата-гөйлер сайысына Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан қариялар қатысты.

Жарыстың алғашқы бөлімінде үміткерлерге талапқа сай би-шешендердің баталарын жатқа айтуға міндеті қойылды. Келесі айналымдарда батагөйлер туындыларын, яғни, өздерінің жүрекжарды баталарын ұсынып, қазақы салт-дәстүрлер атауының мән-мағынасы мен тәрбиелік қырын тарқатуға тиіс болды. Осы сындардың қай-қайсысынан да сүрінбеген исатайлық батагөй 21 қарттың ішінен суырылып алға шағып, сайыстың бірінші орнын жеңіп алып, арнайы диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады.

– Бұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор деп есептеймін, - дейді бұл жайында бізге хабар берген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Қибашев.

– Ауданымыздан осындай қарттарымыздың шығуы, батагөй қарттардың ішінен дараланып, алдыңғы жүлдеден көрінуі біз үшін үлкен мәртебе. Бір жағынан жастарымызға да тәрбие, - дейді ол. Ақ батасы арқылы ақ пейілін ақтарып, аймақ қарияларының алды болған қазыналы қартымызға алған жүлдеңіз құтты, берер батаңыз мол, оны құлағына құяр ұрпақ қатары да көп болсын деген тілегімізді білдірдік.

Серікбол Панабердиев

Суретті түсірген Ә.Шарапиденов

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz