Бейбіт күнде Отан үшін сапқа тұр

Әскерге бару – бой түзеу, ой түзеу ғана емес. Ол, ең алдымен, Отан алдындағы азаматтық парызыңды өтеу.

Сондықтан да жастар ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ұлан-байтақ даламыздың қорғаны болуға әркез дайын болуы керек.

Әскерден жақында ғана оралдым. Бұл менің ең ұмытылмас сәттерім десем қателеспеймін. Өйткені, әскери өмірімнің алғашқы айларын ару Алматыда өткізіп, Отан қорғаушылар күніндегі үлкен жауынгерлік шеруге қатыстым. Кейін Ақтау қаласындағы 25744 теңіз жаяу әскері әскери бөліміне жіберілдік. Онда Каспий теңізінің шекаралық аумағын анықтау жайында болған тарихи оқиға – үлкен саммитте болдық.

Әскери борышымызды ойдағыдай атқардық деп ойлаймын. Ең бастысы, бұнда темірдей тәртіп. Бәрі заң шеңберінде. Бұрынғыдай бір-біріне әлімжеттік жасауға жол берілмейді. Тәртіп бұздың ба, жазаланасың. Сондықтан, кейбір ата-аналарымыздың уайымдауына еш негіз жоқ. Жылы киім, жарық, жайлы бөлме. Барлық жағдай жасалған.

Әскерге қызығушылық әр жас өскінде болуы тиіс. Оларды қызықтырып тұру да керек сияқты. Мәселен, әскерден келген жігіттермен болмаса жоғары әскери оқудағы азаматтармен жиі кездесулер ұйымдастыру керек шығар. Олай дейтінім, бір ғана жылы жүздесудің өзі көптеген жастың отаншылдық сезімін оятуы бек мүмкін. Өз басым борышын өтеп келген бір сарбаздың әскери киім үлгісіне қатты қызықтым. Сол арқылы солдат болғым келді.

Тағы бір ойым, өз уақытыңда, өз қатарларыңмен әскери борышыңды өтеп келгенге жететіні жоқ. Бастысы, Отаныңа деген сүйіспеншілік болу қажет деп есептеймін. Кейбір азаматтарымыз Отан қорғауға құлықсыз. Алланың өзі сақтасын, «жаман айтпай, жақсы жоқ», егер ел басына күн туа қалса, сол жігіттеріміз өз еркімен Отан үшін сапқа тұра ала ма? Әй, қайдам. Отан үшін бейбіт күнде қызмет етпеген адамға қиын-қыстау кезеңде елін сату оңай болар. Сондықтан, жігіттер, ойланайық. Бізді мәпелеген Отанымызды қорғайық.

Мирас ҚАДЫРЖАНОВ,

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521