Елді асыраған Нарын еді немесе газет көтерген мәселеге үнқосу

«Нарын таңы» газетінің осы жылғы 9 тамыздағы №32 санында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектеновтің «Нарыннан су қашса, елден ырыс кетеді» деген мақаласын оқып, үлкен ойда қалдық.

Бірден айтайық, жазылған жайттарды толық құптаймыз. Қолға қалам алып, редакцияға хат жолдауымыздың да бір себебі сол. Кезінде дүйім елді асыраған ен Нарынның қасиетті сары құмын баспаған, тап-таза ауасымен тыныстамаған, мөлдір бұлақтай тұщы суын сіміре ішпеген аға буын өкілдері кемде-кем болар-ау. Қасиеті бөлек өңір ғой ол. Басқаны айтпағанда, Махамбет бабамыздың «Қайран Нарын» деп жырлауы тегіннен-тегін емес десек, Насихат Сүгірұлының өз жырында, қателеспесек, «Мыңтөбе деген тау еді, Тау айналдыра ну еді. Құбыласына қарасаң, Каспийский море еді» деп келтіруі Нарын құмы түгелдей нулы, сулы өлке болғанын айғақтай түседі.

Мұрат Бектенұлының да айтуы өте орынды, кезінде екі өзеннің ортасында солардың арнасынан жайылған суынан нәр алып, астын тұщы сумен толтырған Нарын құмы кейін сол өзендерге салынған түрлі бөгеттердің салдарынансуы тартылып, тереңде қалды, азайғасын ашыды. Біз де көп берідегі адамдар емеспіз, ойлап отырсақ, Нарынның кешегісін көре қалыппыз. Өйткені, кеңшардың малын баққан малшының баласы болдық. «Мал бақсаң қонысымен» дегендей, ол уақыттағы малшылар жаз бойы үш-төрт рет құдық ауыстыратын-ды. Бірақ ол мол су үшін емес, ол кезде су құмның барлық жерінде бар әрі тұщы болатын, әкелеріміз тұяқкесті болған жайылымды жаңарту үшін көшіп-қонып отыратын. Ол үшін алдын-ала шөбі мол, соны жайылымдық жерлерді қарап келетін, қыстыра кеткен күректерімен құдығын да қаза келетін. «Жері от, айтатыны жоқ. Құдықты да қазып тастап келдім, тереңдігі белден келеді» деп айтып отыратындары әлі күнге құлағымызда тұр. Ертесіне көшіп барып, кеңшардың малымен қоса азын-шоғын жеке малын да сол құдықтан түгелдей қандыра суарып шығарып жататын.

Насихат ақын жырлағандай, Мыңтөбенің де суын көзімізбен көрдік. Таудың шет жағынан құдықтар қазулы тұратын, суы мұп-мұздай, тұп-тұщы болушы еді. Мыңтөбе ауылы тұрғындары түйеге артқан битондарымен су тасып ішетін. Кеңшардың шаруасымен бара қалғанымызда битондарын машинамен жеткізіп алуларына көмектесіп те жүрдік. Қазір ол жерлердің де суы ащы, малға да жарамсыз деп естиміз. Мынау қатқылдан өткеннен кейінгі құм шетін жиек шағыл, жиек құм дейміз, сол өңірдің де ішінара болмаса, кез келген жерінен мұздай тұщы су көздері шығатын. Тек соңғы кездері құдық тереңдеп кетті, тұщы су шығуы да екіталай болып қалды. Айтпай кетуге болмайды, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңына қарай кеңшар директорлары Батыс Қазақстан облысындағы әріптестерімен келісіп, «24-учас-ток» деген жердегі қалың отты, тұщы сулы қоныстарға жылқы малын, жаз жайлау кезінде қой отарларын да апарып қоныстандыратын. Теңізден ол жерге дейін – 250 шақырым, шөптің арасынан, қазандықтың түбінен, еңкейіп қолмен іліп алатындай тереңдіктен ауыз су қазып қойып отырғандарын көргеніміз шындық. Кейін сол құдықтар жыл өткен сайын тереңдей бастады, ақырында ашып кетті. Мұны Мұрат Бектенұлы да дәл айтып отыр.

Газеттегі мақалада айтылғандай, екі өзеннен жайылған су Нарын құмына сіңіп отырған. Кейін, балық қорғалды ма, өзектер бітеліп, жайылма арналарға бөгеттер салынулы. Ал, шындығында, біздің балықпен байып отырған ештеңеміз жоқ, байысақ, жер асты мұнайымен, жер үсті малымен, егінімен байып отырмыз. Егер бөгеттер ашылмаған жағдайда, Нарын құмының теңіз жақ етегін жағалай канал қазу арқылы тұщы су неге жеткізбеске? Әлде, өзіміз тұщының бәрін тауысып, ұрпағымызға ащысын қалдырып кете береміз бе? Осы ауданда үш-төрт жыл турасында әдеби-танымдық, ақпараттық-жарнамалық «Өркенді өңір» газеті шығып тұрды. Сол басылымның 2015 жылғы 7 шілдедегі санында осы жолдардың авторларының бірі М.Аяшұлының «Құмға қарай канал қазылса» деген мақаласы жарық көрді. Ауылдастар жылы қабылдаған сол мақалада да Нарын құмының мүшкіл жағдайы шет жағалап әңгіме болған еді. Алайда, мақала жазылды, бірақ бәрі сол күйінде қалды. Міне, енді оны Мұрат Бектенұлы тағы да тереңдете қозғап отыр, бірақ оның нәтижесі нешік болары белгісіз, ол басшылардың назарына ілігіп, ғалымдардың талқысына түсе ме, жоқ па? Жоқ, әлде, құдықтардың ашуынан шаруа баққан жұрт ауа көшіп, төрт түліктің өлім-жітімі өсіп отыра береміз бе? Халқымыз «Түйе сұрасаң, бие береді» дейді, бұл мәселені жоғары жаққа жеткенінше көтере беруіміз керек сияқты. Әрине, мақала авторы жасы 70-тен асқанда құмда құдық қазып, мал асырайын деп жүрмеген шығар, елге, жерге, ұрпақ болашағына титтей болса да пайдам тисін деген ниеті екендігі анық. Біз де сол ниетпен қолға қалам алдық. «Бұдан жаманымда да тойға барғанмын» депті бір атамыз, қазір көп жұртпен иығы теңескен егемен елімізде бұндай мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік бар деп есептейміз. Әйтпесе, елді асыраған Нарын еді, ертеңгі күні не болмақ деген сауалды ой маза берер емес.

Мырзажан БАЛПАНОВ, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Бақытжан ТАЛИПОВ, зейнеткер,

Мұстажап АЯШҰЛЫ, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі,

«Нарын таңының» штаттан тыс тілшісі

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521