Электр желілерінің тозығы жеткен

Есеп беру жиналысы сол күні Исатай ауылында да болды.

Онда ауылдық округ әкімі Ұ.Хисым баяндама жасап, өткен жылғы жүзеге асырылған жұмыстар бойынша есеп берді. Баяндамашының айтуына қарағанда, өткен жылы ауылдық округ бойынша қыруар істер тындырылған. Мәселен, округ бойынша 34 адам қайта даярлаудан өтсе, 54 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 3 адамға несие берілсе, 71 адам қоғамдық жұмысқа жіберілген. 24 мұғалім қысқа мерзімдік курстан өтіп, біліктілігін арттырған. 1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мен қамқорлықтағы 36 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балалары қатарынан 4 оқушы Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологінде», 3 оқушы «Тұлпар» лагерінде, 1 оқушы Орал қаласындағы демалыс лагерінде тынығып қайтқан.

Сәбилер өлімі жоқ. Жүкті әйелдер жергілікті дәрігерлік амбулатория қарауында есепте тұр. Жағдайы қиын отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылғандарға, зейнеткерлерге ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары жетекшілері тарапынан үнемі көмектер көрсетіліп келеді. Күнелтісі төмен қарттар да назардан тыс қалған емес.

Округ бойынша 7 шаруа қожалығы бар. «Қанат» және «Адилова Айжан» шаруа қожалықтары жылқы, мүйізді қара және қой тұқымын асылдандырумен айналысуда. Төрт түлік малдар бірдейлендіріліп, компьютерлік дерекқор базасына енгізілген.

Үй жануарларына ветеринариялық -профилактикалық тексерулер тұрақты өткізіліп тұрады. Елді мекенде көгалдандыру кезінде көшелер маңы мен тұрғындар үйлерінің айналасы лас қоқыстардан тазартылып, тал-теректер отырғызылған. «Бекасыл» жеке кәсіпкерлігі кәріз айдау қондырғысының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген.

Округ әкімі сонымен бірге өткен жылғы есеп беру жиналысында тұрғындар тарапынан берілген ұсыныстардың да оң шешімін тапқанын сөз етті. Сондай-ақ жергілікті балабақша мен клуб үйі сонау 1969-1970 жылдары салынған ғимараттар болғандықтан тозыңқырап, ескіріп тұрғанын, баян, домбыра сыныптарына орын тапшылығын, емдеу-сауықтыру кешенін салдырту және кіші аяқдоп алаңына жасанды төсеніш қажеттігін баяндады.

Баяндамашы есебінен соң аудан әкімі М.Мурзиев сөз сөйлеп, өткен жылы ауылдық округ бойынша көптеген жұмыстардың жүзеге асқанын айтып берді.

Ауыл ардагері, зейнеткер Қ.Көпбергенов «Забурын-Кобяково» каналындағы қараусыз қалған «Жалын» өткелін жөндеуден өткізсе деген тілегін жеткізсе, зейнеткер А.Құрманов ауыл әкіміне көше тренажерін салып бергені үшін шын ризашылығын білдірді.

Ауылдық округі әкімі аппаратының нұсқаушы әдіскері Н.Пауеденов күні кеше ғана ауылға келген жас маман екенін, жастарды ауылда тұрақтандыру мақсатында көптеген игілікті істерді қолға алып жатқанын айта келіп, енді спорт кешенін салдыртып берсе деді.

Ал, «ЭЧ-4» мекемесінің аға механигі М.Уахитов кейбір электр бағаналары желілерінің ескіруіне байланысты қосымша трансформатор қажеттігін қаперге берді.

Жиналыста бұдан басқа да ұсыныс-тілектер ортаға салынып, тиісті жауаптар алды. Соңында округ әкімінің бір жылғы есебіне қанағаттанарлық деген баға беріліп, қаулы алынды.

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521