bannerqaz

Ембі мұнайшылары қайырымдылық жасады

Кеше, яғни, 7 тамыз күні Аққыстау орта мектебінде қайырымдылық шарасы өтті.

Онда «Мектепке жол» акциясы аясында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бастамасымен аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына оқу құралдары мен мектеп формалары үлестірілді.

Компания басшылығы атынан алғашқы сөз кезегін алған «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының әлеуметтік бөлім басшысы Н.Дауылбаев пен компания өкілі Ғ.Қаражанова бұған дейін де қайырымдылықтан қол үзбеген ембімұнайлықтардың әркез әлсізге қамқор, жоқ-жітікке жәрдемші екендігін атап өтті. – Рамазан айында басшымыз көтерген бастамамен ембілік мұнайшылар бір күндік жалақысы есебінен 5 аудандағы 8 аз қамтылған отбасыға баспана сыйлап, шаңырақтарын шаттыққа кенелткен еді, - деген Ғ.Қаражанова енді сол отбасылардың балаларын киіммен, мектеп құралдарымен қамтып, жақсылықты бүтін қылуды қалағанын айтады. Осылайша биыл баспаналы болған ауданымыздағы қос отбасының 7 баласы оқу құралдары мен мектеп киімдерін тегін алып, тағы бір қуанды.

aksia6

Сондай-ақ ол өндіріс өкілдерінің Арыс қаласына болған сапарын да тілге тиек етті. – Ақпарат құралдары арқылы естіп-білу бір басқа да, апатты аймақтың ортасында болып, ондағы жағдайды көзбен көру мүлдем бөлек. Барып, көз жеткізгеніміздей, қалада 80 пайыз үй тұруға жарамсыз. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы А.Жақсыбековтің бастамасымен 5000-ға жуық мұнайшы өз көмегін ұсынып, жиналған қаржыға Түркістан облысы басшыларымен кеңесіп, Арыс қаласындағы балаларды мектеп құралдары мен киім-кешекпен қамтуды жөн көрдік. Қаладағы 40 мектептің 16-сы қираған екен. Сол 16 мектептің бастауыш сыныбында оқитын 402 оқушысына көмек көрсетіліп, оқу құралдары мен киім кешектер берілді, - дейді Ғ.Қаражанова.

aksia8

Жақсылықтың жаршысы болған мұнайшыларға Исатай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Маргарита Тимралиева мен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Б.Құлғалиева алғыстарын айтты.

Айта кетейік, биыл «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы 1-шілдеден басталған болатын.

Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz