bannerqaz

Газет алдырмайтын үй болмағаны абзал

Газет қызметкері Жоламан Дәулетиярдың «Нарын таңының» №43 санында «Жазбасқа болмады» деген айдармен жарияланған «Менің мақалам шықты ма?» деген мақаласын оқып, кейбір оқырманға қайран қалып, қолыма қалам алған жайым бар.

Біздің отбасымыз аудандық газетті сонау Новобогат ауданы кезінде «Малшылар үні» болып алғаш шыққан сәтінен бастап оқып келеміз десек те болады. Ол кезде тиражы аз ба білмейміз, алғашқы жылдары бізге жаздырып алуға қол жетімді болмады. Бір күні әкеміз Айбастағы Абай бас-тауыш мектебінің директоры әрі Айбас ауылдық советіне қарайтын төрт колхоздың бастауыш партия ұйымының хатшысы, менің алғашқы оқытушым Мағаз Неталиев ағайымыздан «Малшылар үні» газетінің бір данасын бір күн оқуға ғана сұрап алып келгені есімде. Анамыз араб пен латын әрпін танитын-ды. Газеттің кириллица жазуын жылдам оқи алмады. Мен, барымша ежіктеп, оқып берген болдым. Осыдан былай әкеміз қайдан болса да газетті тауып әкеліп, үйдегілер оқып болғасын алған кісісіне апарып тастайтын еді. Кейін, бертін келе, шамасы жазылған шығар, құм өресіндегі елге газет жиналып келіп тұратын болды. Біз, балалар, газетті асыға күтіп жүретінбіз.

1956 жыл болатын. Бірінде әкем маған колхозда ешкі бағатын ағайынды Ақберген, Аяпберген Абдоловтар жөнінде мақала жаздырып, оны Мағаз ағайға апарып берді. Ол кісі редакцияға жолдап, сол мақала, өзі кішкентай ғана болса да, газет бетіне жарияланды. Біз отбасымыз болып оқып, қуанғанымыз күні бүгінгідей есімде сақталып қалды. Қазіргі заманда теледидар, интернет қаншалықты дамыса да жаңалықтарды, өзекті жайттарды, тағы басқа да хабар- ошарды тап газеттей жеткізеді деп айтуға келмес. Олар жалт етеді де, көз алдыңда ғайып болып жатады, газеттегі дүние сақталып қалады. Газетті өңіріміздің бүгінгі жетістіктері мен кешегі тарихын, толағай сөз ұстасы болған би-шешендер сөзін, асыл мұрамыз – салт-дәстүрімізді, тіршілігімізбен тамырлас әдет-ғұрпымызды сақтауға септесетін және оны келешек ұрпаққа жазба түрінде қалдыратын бірден-бір теңдесі жоқ құрал деп ұққан жөн.

Біздің үлкен-кіші ауылдастарымыз сол газеттер легіндегі «Нарын таңын» әр отбасындағы жаңалық жаршысы, ақыл қосар ақылшысы, пікірлесер кеңесшісі, қойны толған сыр сандығы, оқығанға нәрін берер таусылмас рухани азығы деп білгені, соған ден қойғаны жөн дер едім. Соны терең түсінгенде ғана өңір жаршысы - «Нарын таңы» газетін әр отбасы жаздырып алып, оны оқыған әр оқырманның ой-өрісі өсіп, ата-аналардың ұрпағына берер тәлім-тәрбиесі толығып, жас-кәрінің пайым-парасаты, рухани байлығы артып, мерейі үстері сөзсіз. Жалпы, аудандық газетті алдырмайтын үй болмағаны абзал.

Реті келгенде айта кетуіміз керек, «Нарын таңы» соңғы кездері күнделікті сан алуан мәселелерді түрлі тақырыпта қозғап, жазуы өз алдына, тарихқа да бойлап, өңірімізде өткен ардақтыларымыз жайында да қалам тартып, ұрпағымыз үшін тәлім-тәрбиелік маңызы бар жайттарға жиі тоқталуы да құптарлық жағдай. Ал, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсам, «Нарын таңы» газеті - әр отбасының жаздырып алып, сүйіп оқитын басылымы болғанын және әркім оның бетінде өзекті мәселелерге орай өз ой-пікірлерімен бөлісіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мұрат БЕКТЕНОВ,

Тұщықұдық ауылы

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

тамыз 2019
ПВСЧПСВ
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz