Ішімдікке салынған ері отбасын әбден ығыр қылды

Аудандық соттың ұйымдастыруымен «Отбасылық сот» тақырыбында ашық есік күні өткізілді. Оған арнайы билер кеңесі құрылып, мүшелігіне Аяпберген Мұханбетов, Гүлбану Кабулова, Ерболат Насимуллин секілді белсенді ардагерлер таңдалды. Ашық есік күнінде қос отбасының мәселесі қаралып, оны билер кеңесі тиімді жолмен шешуге тырысты.

Бір шаңырақтың шайқалуына маскүнемдік себеп екен. Арыз беруші Г. деген азаматша Н. деген азаматының ащы судың құрығынан шыға алмай жүргеніне қынжылып, ажырасуға шешім қабылдаған. Алайда, 13 жыл бойы отасқан отбасы мен араларындағы қос бірдей баланың ертеңін ойлаған билер кеңесі бұл істі сотқа жеткізбей, татуластыруға бел буды. Нәтижесінде, Н. деген азамат ащы суды ұрттамауға ант-су ішіп, отбасынан кешірім сұрап, сот ісін 1 ай көлемінде созуға рұқсат алды.

Екінші мәселе - алимент жайы. Бұл жолы арызданушы Ж. деген азамат, бұрынғы некелескен жары А. деген азаматшадан алимент пайызын азайтуды сұрап шағымданған. Өйткені, ажырасқаннан кейін қайтадан шаңырақ көтерген ол жүз мың теңге көлеміндегі айлық табысын 3 баласы мен ауру анасына қалай жеткізерін білмей, алаңдаулы. Ал, қарсы тараптан А. деген азаматша, мүгедектігіне байланысты еңбекке араласа алмай, алимент пен мүгедектік жәрдемақыға күнелтіп отырғанын баяндап, қарсылық білдірді. Ұзақ талқыға сала келе, билер кеңесі Ж. деген азаматтың өзі де, қазіргі таңдағы некелескен жұбайы да жұмысқа қабілетті екендігін негізге алып, алимент пайызын сол күйі қалдыру жөнінде бір жақты келісімге келді.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521