Көргенді адам коррупцияға бармайды

Сыбайлас жемқорлық еліміздің алға басуына кедергі келтіреді және біздің қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып табылады. Сондықтан, осы қатерлерді болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Алайда, сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша күшейтілгенімен, жемқорлықтан бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің саны азаятын емес.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз не? Лауазымды адамдар мен жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын шенеуніктердің өзіне берілген арнайы өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы немесе басқалардың оларды теріс әрекеттерге итермелеуі сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, көбінесе, парақорлықпен қызмет бабын пайдаланып қиянат жасаумен тығыз байланысты. Өйткені, ол – лауазымды адамдардың жеке басының немесе белгілі бір топтың заңсыз баюының бірден бір тәсілі. Қоғамда мемлекетке ең қауіпті сыбайлас жемқорлықтың бірі – парақорлық. Өкінішке орай, осы қылмысты жасаудың қатарында үлкен қызметтегі лауазымды тұлғалар да жоқ емес.

Сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырушылар заң бойынша жазаға тартылуы тиіс. Заңда көрсетілген лауазымды адамдардың басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне заңсыз араласуына және мүдделеріне, өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдалануына, жоғарыда тұрған ресми адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсетуіне, қызметі мен жұмысы жөнінен жоғары немесе төмен тұрған не өздерімен өзге де түрде тәуелді лауазымды адамдармен немесе мүлік салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебінен мемлекеттілік және шетелдік туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдауға, өзге де мүліктер сатып алуда заңдарда көзделген артықшылықтарды пайдалануға тыйым салынып, кінәлі адамдар тиісінше тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал заңсыз алынған сыйақылар мемлекеттік бюджетке табыс етіледі. Мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде шаралар қолданбағаны үшін оларға сот әкімшілік тәртіппен айыппұл салуға құқылы.

Ел ертеңін ойлап, келер ұрпақ пен кемел болашақтың санасы сыбайлас жемқорлық дертінен айығып, салауатты өмірге бастау алсын десек, ел экономикасы мен әлеуметінің тұрақталуы үшін заңның көндіре алатын күші болғаны абзал, әрине. Десек те, бірінші кезекте әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ойын таза ұстай білсе, мәдениеті жоғары болса, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмесі анық. ЕсболАбдраманов, аудандық соттың судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521