bannerqaz

Ұлы мереке ұрпаққа өнеге болды

Көктем келіп, көрісіп арқа-жарқа болып күн мен түннің теңелген киелі сәтіне жеттік. Самарқанның көк тасы жібіп, береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың бастауы болған, жаңа күннің жаршысы — Әз-Наурыз мейрамын аудан жұртшылығы биыл да дүркіретіп өткерді. Күннің ызғарлығына қарамастан, орталық алаңға жиналған халықтың қарасы көп болды. Қаз -қатар ақ отаулар тігіліп, үйлердің іші ұлттық сән-салтанатпен безендіріліп, үлкен сахнада жергілікті көркемөнерпаздар өнер көрсетті. Екі күн бойына бас алаңда бас қосқан жұрт бір-бірімен жадыраса жүздесіп, құшақтаса көрісіп, аман-саулық сұрасты.

Мейрамға арналған шараның бірінші күнінде орталық алаңда тойшыл қауым аудандық білім бөлімі, орталық емхана қызметкерлері және жастар ресурстық орталығы белсенділері ұйымдастырған әуезді ән мен күмбірлеген күйлерді, ұлттық нақыштағы мың бұралған билерді тамашалап, жастар легі «Алтыбақан» тепті.

Ал екінші күнгі мерекелік шара Ш.Шәріпов атындағы саз мектеп оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күймен басталды. Жер - анаға нәр берген «Көктем бәйшешектері», «Көктем қыздары», «Көктем Аруды» бейнелеген театрландырылған көрінісімен жалғасқан той аудан әкімі Марат Мурзиевтың ізгі тілегіне ұласты.

- Қадірлі жерлестер! Тура 1 жыл бұрын әкім лауазымына бекітіліп, әуелден құт пен берекенің Отаны бол-ған Исатай ауданына келген едім. Міне, содан бері талай қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларды сіздермен бірге атқарып келеміз. Аудан өміріндегі экономикалық- әлеуметтік жұмыстардың атқарылуына да өздеріңіз куәсіздер. Ендеше, алдағы қызметіміз Наурыздан ұласып, өңір дамуына тікелей қатысы бар өміршең жобаларды бірге атқаруға, жеңісті де жемісті күндерді көруге нәсіп етсін. Той тойға ұлассын! - деп өзінің ақжарма тілегін білдірді.

Дүбірлі думанның сәнін келтірген кимешекті әжелер тәттіден шашу шашса, күн мен түн теңесетін әдемі көрініс көпшілікті ерекше әсерге қалдырды.

Біз ынтымағы жарасқан сан ұлтты бауырға басқан халықпыз. Ел, жер дегенде білегін сыбанып, іске дайын тұратын азаматтарымыз бар. Әсем әнін, күмбірлеген күйін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін сақтаған ұлтымыз бар. Міне, біздің басты байлығымыз осы. Оған «Әр ұлттар» қойылымының сахнадан көрініс табуы дәлел.

Мұнан әрі Қыдыр ата мен Ұмай ана қалың көпшілікті құттықтады. Наурыз күнімен бірге бақыт, бірлік, татулық, ынтымақ, құт- береке, шаттық тілеп, ақ батасын берді.

Күй өнері – ұлтымыздың бренді, асыл мұрамыз, киелі өнеріміз. Күй атасы Құрманғазы бабамыз да – заманында ұлттық өнерімізді өресіне жете меңгеріп, көпке танытқан қасиет қонған күй дәулескері. Сахараның саңлағы – күйші Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерейдей жайсаң күйшімен сырлас, Байжұма мен Баламайсаңнан өнеге алған Құр-манғазы Сағырбайұлы да Динадай талантты шәкірт тәрбиелеп, батасын берген. Күй әлеміндегі Дина ананың домбыра тартысы бөлек, иісі қазақтың күй өнерінің биігі саналған. Халық батыры Исатай Тайманұлының қасына ілесіп, отаршылдыққа қарсы күрескен Құрманғазының алғашқы күйлерінің бірі Исатай ағасына арнаған «Кішкентай» күйі екені белгілі. Заманының дүлділі болып, күйлері кейінгі ұрпаққа жеткен Құрманғазы мен Дина көрінісін сомдаған көркемөнерпаздар күй әуенімен думанды тойды әрлендірсе, қыз бен жігіт айтысы жиылғандарды әсерлі қызыққа бөледі.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен қазақ күресінде ауданымыздың бірқатар білекті жігіттері боз кілемге шықты. Онда Алтынбек Зейнолла бірінші, Расул Таукен екінші, Ренат Аманбаев үшінші орындарды иеленді.

Мейрам күні тігілген киіз үйлерде көпшілікке арналып дастарқан жайы-лып, ұлттық дәмдер ұсынылды. Сонымен қатар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің аудан халқына арналып азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Балық, ет, сүт өнімдері арзандатылған бағамен тұрғындарға ұсынылды.

Тұрғындар тілегі

Мәдина БЕКЕНОВА

Жанбай ауылы тұрғыны

- Мерекелік көңіл-күй сыйлағандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осынау Ұлыстың ұлы күні баршамызға мерекелі, бақытты өмір берсін, заманымыз тыныш болсын, халқымыз аман болсын. Келер Наурызға дейін амандықпен қауышуға Алла нәсіп етсін. Құтты мереке болсын!

Нұрлан ХАМИДУЛЛИН

Аққыстау ауылы тұрғыны

- Аудан халқы мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Елімізде байлық, береке, тыныштық болсын. Салауатты өмір салтын насихаттап, боз кілемде бақ сынасқандарға, гір тасын көтерушілерге, арқан тартысқа қатысушыларға риза болдым.

Әрдайым сайыпқыран ерлеріміз бен қаракөз аруларымыз аман болғай! Мейрамнан мейрамға жете берейк!

Сырт көз

Малик БАММАТОВ

дағыстандық жолаушы

- Мен «Атырау-Астрахан» тасжолы бойында жұмыс барысымен көп жүремін. Бүгін күтпеген жерден жолшыбай өтіп бара жатып, осындай жиынның куәсі болдым. Халық жиналған әрі доғал тәріздес ағаш үйлер тігілген орталық алаңдағы мәдени-көпшілік шараға қызығушылық танытып, арнайы аялдадым. Сәнді киінген арулар мен ақжаулықты аналарды көріп, қазақтың ұлттық киіміне қызыға қарадым. Тау халқында Рамазан айы мен Құрбан айт мейрамы ғана тойланатын болғандықтан, бұл мейрам маған өте әсерлі көрінді. Көппен бірге ұлттық дәмнен де ауыз тидім.

 

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz