bannerqaz

Мұнай өндіру үдерісіндегі цифрландыру

«Atyrau Oil & Gaz 2018» халықаралық көрмесі аясында «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде Компанияның бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына цифрлы технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған форум өтті.

Форумға салалық министрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қызметкерлері, халықаралық сарапшылар және IT саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қатысты. Шараның модераторы болған «Ембімұнайгаз» АҚ келешекті дамыту жөніндегі Басқарушы директоры Әлихан Байдүйсенов бұл басқосудың Ембі үшін емес, жалпы мұнай-газ өндіруші компаниялар мен ІТ технологияны қолданушы кәсіпорындар үшін маңызы жоғары екендігін атап өтті. Әсіресе, ҚР Президенті Н.Назарбевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еліміздегі цифрландыруға қатысты мәселелерді жедел қолға алу бүгінгі кезек күттірмейтін шара екені даусыз. Соған орай, форум барысында көптеген баяндамашылар өздерінің ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.

Әнуар Жақсыбеков, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы:

- Құрметті форумға қатысушылар! Ғасырдан астам тарихы бар қарт Ембінің шаңырағына қош келдіңіздер. Алдымен, осы форумды өткізуге қолдау білдірген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-на алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік интеллектуалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелері бар. Мәселен, «Ақылды кен орындары» (”Smart Fields”) Shell компаниясы, «Болашақ кен орны» (“Field of the Future”) BP компаниясы, Chevron компаниясының “iFields” т.б.Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кең алаңдарын құруға алдағы 5 жылда 1 млрд. доллар қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан, біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық та сапалы пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық сандық технологияларды таныстыру мақсатында аталған форумды ұйымдастыруды жөн санадық. Өздеріңіз білетіндей, «Ембімұнайгаз» АҚ 2016 жылдың ақпан айынан бастап «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Уаз кен алаңында «Цифрлы кен орны» пилотты жобасын бастады. Ембінің «Цифрлы кен орны» жобасы Елбасының қатысуымен өткен экономиканы цифрландыру кеңейтілген кеңесінде таныстырылып, «Цифрлы Қазақстан» республикалық бағдарламасына енгізілді. Ал, 2017 жылы бұл жоба IX бүкілресейлік «Мұнай-газ саласындағы 10 үздік ІТ-жоба» байқауында үздік деп танылды. Біз басқа да мұнай-газ өндіру компанияларының цифрландыру тәжірибесін үйренуге дайынбыз. Сонымен қатар, ІТ компаниялардың жаңа технологиялары туралы естиміз ден ойлаймын. Форум бәрімізге де қай жағынан да пайдалы болады деп сенеміз.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Елбасының тапсырмасына сәйкес, индустрияландыру шеңберінде ең жаңа цифрлық, өнеркәсіптік және басқару технологияларын тарту қажет. Ресурстық әлеуметтің одан әрі дамуы өндірістің энергиялық тиімділігі, сондай-ақ, шығарылатын ресурстардың үлесі мен оларды қайта өңдеу тереңдігін арттыру есебінен мүмкін болады. Қазіргі уақытта бүкіл дүниежүзі бойынша мұнай және газ индустриясының компаниялары әр түрлі қызмет түрлерінің қауіпсіздігін, экологиялылығы мен үнемділігін жақсартатын техникалық, цифрлық сипаттағы инновацияларды енгізіп жатыр. Мысалы, бірқатар жетекші мұнай компаниялары «Интеллектуалдық кен орны» жобасын пайдалануды таратуға кірісті, мұнай құбырларының инспекциясы үшін пилотсыз ұшу аппараттарын, суға тұрақты сүңгу, қымбат көлік құралдарын жұмылдыруды талап ететін суасты жүйелерін техникалық жөндеу мен қызмет көрсетуді орындау үшін батареядан қоректенетін роботтарды пайдаланады. ҚР Энергетика министрлігі квазимемлекеттік сектор компанияларымен бірлесе отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына 4 мұнай-газ жобасын енгізді. Олар – мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін құру; «ПМХЗ» ЖШС, «АтМӨЗ» ЖШС автоматтандырылған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін енгізу («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ); «Цифрлық (интеллектуалдық) кен орын» («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ); «ҚР жер қойнауын пайдаланудың біріңғай мемлекеттік жүйесі» бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту – «Кен орындардың онлайн-аукционы» шағын жүйесі. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық (интеллектуалдық) кен орын» жобасы және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ автоматтандырылған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін енгізу «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шаралары тізіміне енгізілді және мұнай-газ саласының басты бағыты болып табылады. Бүгінгі форум да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына ықпал етеді.

Талғат Махамбетов, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ ақпараттық технология ТПАБЖ департаментінің директоры:

- «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіруші активтерінде «Цифрлық (интеллектуалдық) кен орын» жобасы енгізілуде. Жобаны енгізу толық түрде кеніш мәліметтерін автоматтандыру жүйесін құруға, ұңғымалар мен кеніш жабдықтарын интеллектуалды технологияларды қолдану есебінен оңтайландыру, кен орнын игеруді шын мәніндегі режимде бақылау, талдау, жоспарлау және мониторинг жүргізуге ықпалдастырады. «Интеллектуалды кен орын» жобасының негізгі мақсаты - «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіруші активтерінде өндірісті басқарудың қазіргі заманғы кешенді жүйесін құру. Бүгінде Ембіде жобаны Прорва тобы кен орындарында кеңейту; Өзенде ГУ және ЦДНГ желісінің жедел есебін алуды қайта жаңарту; Қазгер-мұнайда кен орындарын автоматтандырылған жүйеде бақылау және басқару, Қаражанбасмұнайда мұнай айдау цехтарында сұйықтық балансын есепке алудың автоматтандыру жүйесі орындалуда. «ҚМГ БӨ» АҚ-да 2017 жылы Талдау және шешім қабылдау Орталығы құрылып, ол барлық өндірістік ақпаратты шын мәніндегі режимде қамтамасыз ететін аудио-видео жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Интеллектуалды кен орын» жобасының периметрі «ҚМГ БӨ» АҚ-ның басым кен орындарынан алынатын мұнай-газ қорының 90%-нан астамын қамтиды.

Болат Нсанбаев, «Ембімұнайгаз» АҚ өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технология департаменті директоры:

- 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында Уаз кең алаңында «Сандық кең алаңы» пилотты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Электр энергиясын қолдану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қорын пайдалану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Жинақталған тәжірибеге орай «Қаз-МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы кіретін бірқатар негізгі кең алаңдары іріктелді. 2017 жылы ЕМГ-да «Сандық кен алаңы» тұжырымдамасы Прорва кен алаңдары тобына да таратылып, биылғы жылы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңаталап кен орнына енгізілуде.

Форум барысында қатысушы делегат-тарға 11 баяндама оқылып, таныстырылды. Оның ішінде, 8-і – «Microsoft», «IBM», «Schlumbereger» сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-министрі Б.О.Ақшолақовтың, халық-аралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшыларының қатысуымен пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды.

«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz