bannerqaz

МҰСТАФА ШОҚАЙ – әлемге танымал қазақ қайраткері

ХХ-ғасырдың бас кезіндегі Ресейдегі саяси оқиғалар қазақ зиялылары мен ұлтшылдарын да саяси күрес алаңына шоғырландырды. Сол бір қилы кезеңде қазақ зиялылары алдарына үлкен мақсат қойып, бар күш-жігерлерін ойлаған мақсаттарына жету жолында жұмсады. Мақсат – тәуелсіздікке қол жеткізу, қазақтың ұлттық мемлекетін құру. Осы саяси күрестің басында Алаштың ардақтылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды тұлғалар болды.

Сол кезеңде осы тұлғалармен қатар, өзінің саяси көзқарасымен, білімділігімен, іскерлігімен көзге түскен көрнекті тұлға – Мұстафа Шоқай.

Ол 1890 жылдың 25 желтоқсанында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Шоқай Мұстафаның жастайынан зеректігін, қабілеттілігін байқап, білім алуына жағдай жасайды. Әуелі Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқиды. Оны үздік бітірген соң, 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. Студент бола жүріп, саяси шараларға да, баспасөзге де белсене қатысады.

1914 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен ІV Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының хатшысы қызметіне тағайындалады. Фракцияның отырыстарында қазақтың мәселелері жиі талқыға түсіп отырған. 1917 жылдың сәуірінде Орынборда өткен қазақ құрылтайына қатысады. Одан кейін, маусым айында Ташкентте өткен Түркістан халықтарының құрылтайына қатынасады. Осында қазақтар мен өзбектердің ұлттық орталығы құрылып, Мұстафа Шоқай оның төрағалығына сайланады. Осы кезден бас-тап қазақтардың ынтымақтастық ұйымының органы болған «Бірлік туы» газетінің редакторы болады.

1918 жылы Мария Горинаға үйленеді. Жары Мария Мұстафаға өмірлік серік болып, қиын-қыстау шақтарда үнемі қасынан табылады.

1919 жылы Грузияның астанасы – Тбилисиге келіп, саяси-ағартушылық жұмысын да жалғастырады. «Вольный горец» газетінде қызмет істейді. Онымен қоса, «На рубежке» дейтін журналдың редакторы болады. Большевиктер Кавказды басып алған соң, Мұстафа Түркияға өтеді. Одан кейін Францияның Париж қаласына қоныс аударады. Мұстафа Шоқай – Түркістан халықтарының бірлігін көксеген. Ол Түркістанды Батыс Түркістан, Шығыс Түркістан, Оңтүстік Түркістан деп шартты түрде үшке бөлген. Батыс Түркістан – қазіргі Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері. «Оңтүстік Түркістан – қазіргі Ауғанстан аумағы. Шығыс Түркістан – қазіргі Қытайдағы Шыңжаң өлкесі. Және Түркістанды тұтас мемлекет емес, федерация түрінде құруды дұрыс деп ойлаған. Бұл үлгіге Швейцария мемлекетінің құрылымын мысалға келтіреді.

Мұстафа Шоқай – қазақ, орыс, француз, түрік тілдерін еркін меңгерген. Көптеген еңбектерін осы тілдерде жазған. Ол дін мәселесіне де қатты көңіл бөлген. Діни сауаты да айтарлықтай мол болған. Діннің халықты біріктіруде үлкен рөлі барлығына көзі жеткен. 1938 жылы Цюрихте жасырын кездескен жапон елшісі: «Орталық Азияда ынтымақтастық орнатуға қандай жағдайлар, мәселелер көбірек ықпал етеді?» деген сұрағына «Әрине, дін. Орталық Азияда әртүрлі ұлттар тұрады. Түбі бір түркі халқы болғанымен, олардың өзіндік ұлттық, мемлекеттік дәстүрлері бар. Ал, дін илаһи, мұсылмандық қағидаға сенеді. Сондықтан, діннің ықпалы молырақ» деп жауап берген.

Осы жерде 1938 жылы Берлинде Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінен үзінді келтірудің реті бар. «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан және Тәжікстан, Өзбекстан деп алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айырылмас бір өлке. Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей, бұл түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы». Бұл нақылды ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің алмайтұғын қамалымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз!».

Мұстафа Шоқай елдің азаттығын, тәуелсіздігін аңсады. Өзгелермен терезесі тең мемлекет құруды армандады. Алайда, ол арманына қол жеткізе алмады. Қазақтардың тұтастығын армандады. Сол кезде қазақтардың бір бөлігі Дала өлкесіне, бір бөлігі Түркістан өлкесіне қараған болатын.

М.Шоқай эмиграцияда өткен 20 жылында өз Отанынан қол үзбеген. Елдегі Алаш арыстары да жолын тауып, Мұстафамен хабарласып отыруға, елден жырақтағы оның жағдайын білуге ниетті болған.

Мысалы, Парижге көрмеге бар-ған Әміре Қашаубаев жазған хатын ұлтарағының астына жасырып, Мұстафаға берген деген де дерек бар.

Әлихан Бөкейхановтың өзі Мұстафаның эмиграцияға кетуін қолдаған. Шетелде де түрік халықтарын біріктіретін тұлға керек деп есептеген.

Алаш арыстары жазықсыздан «халық жауы» болып атылып кетсе, көп кешікпей 1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқайдың да жүрегі соғуын тоқтатты. М.Шоқайды «Түркістан легионына» қатысы бар деп айтылып жүрді. Шын мәнінде «Түркістан легионына» ешқандай қатысы жоқ. Легион 1942 жылдың шілдесінде құрылған. Кейіні-рек неміс армиясының группенфюрері С.С.Иылхимге жазған хатында: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен сияқты ұлылары бар ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқарудан бас тартамын» деп жазған. Мұстафа Шоқайдың өліміне қатысты екі болжам бар. Біріншісі, сүзектен десе, екіншісі уланып өлген делінеді. Екінші болжам шындыққа келіңкірейтіндей. М.Шоқайдың мәйіті Берлиндегі мұсылман бейітінен мәңгілік орын тепкен.

Украинаның сол кездегі сыртқы істер министрі А.Шульгин: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Кемаль Ататүрк сияқты қайраткер болар еді» дейді. Сол сияқты жапон ғалымы Уяма Томохико: «ХХ-ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және төңірегінде көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлері шоғыры пайда болды. Тіпті осы жұлдыздардың ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» деген болатын. Осы пікірлердің өзі Мұстафа Шоқайдың әлемге танылған қазақтың саяси қайраткері екендігін нақтылай түседі.

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz