Маринаның маңдай тері

«Жайықмұнайгаз» басқармасындағы мыңнан астам ұжым мүшелері арасында нәзік жандылары да көптеп саналады.

Олардың ішінде жаздың аптабында, қыстың аязында өндірісті алаңдағы жұмыс басында жүретіндері де аз емес. Біз әңгімелеп отырған Марина Нұрғалиева - солардың бірі. Оның осы бір мамандықты меңгергелі бергі көргені – өндірісті орта. Басын шұлғудан бір танбаған ұңғымалар, алып қазандар мен айқыш-ұйқыш тартылған темір құбырлар, әрбірі бөлек- бөлек қызмет атқаратын неше түрлі үлкенді-кішілі бұрандалар. Мұнайшы аға- апаларының маңдайындағы әжім іздеріндей алаңдарда жол қалдыра жүйткіген арнаулы техникаларға да алғашқы кездері жатырқай қарағаны жадында қалыпты. Кейін бұл да күнделікті куә болар көріністерінің біріне айналды. Бастапқыда ерте кетіп, кеш қайтатын қызметке қапелімде төселе алмай жүргені есіне түссе, іштей жымиып қояды. Сол сәтте бұл өзінің бойындағы төзімділікке, еңбекқорлыққа риза жанның жылы жымиысы екені аңдаған адамға анық байқалар еді.

Мұнай өндірісінде қырық жылға таяу маңдай терін төгіп келе жатқан еңбек жолдарына өзі де осылай риза болып отыратын «Жайықмұнайгаз» мұнай- газ өндіру басармасының С.Балғымбаев атындағы №1 мұна-газ өндіру цехының қабат қысымын сақтау операторы Марина жөнінде әріптестері де жақсы пікірде.

– Әр жұмыс күні кемінде 7-8 ұңғыманы қарап, жұмыс істеуін қадағалайтын ол өз ісіне тиянақты. Өз мамандығын мақтаныш етіп жүретіндердің бірі де осы Марина, - дейді қабат қысымын сақтау шебері Жансейіт Мұхиденов бізбен әңгімесінде.

Жерасты байлығы алына бастағалы қос өзен аралығында мұнайшылар отбасы қатары да көбейгенін айтсақ, жолдасы Төлеу Қонысов «Сазанқұрақ» кәсіпорнында еңбек ететін Марина да мұнайшылар отбасының отанасы, сүйкімді қос немеренің сүйікті әжесі. Біз өндірісті ортада болған кез шыжғырған шілденің орта тұсы еді. Қайтқан жолда себелей жаңбыр жауып өтті. Көлік терезесінде тербелген там­шылар ел дәулетін арттыруға елеулі үлес қосып жүрген мұнайшы ағайынның маңдай терін ойымызға оралта беріп еді.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521