bannerqaz

«Мен өлеңсіз сүре алмаймын өмірді»

Рамазан айының алғашқы күні аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен Сәт ата ұрпақтарының бірі, халық емшісі Уалитхан Құрасұлының ұлы, жас дарын Еркебұлан Зинеденовтің тырнақалды туындылар жинағының ашылу салтанатында көрерменнің көптігінен ине шаншар бос орын болмады.

Олардың арасында кешке арнайы шақырыл-ған өнер адамдары, айтыс, поэзия ақындары да бар. Еркебұлан – жастайынан жырды жанына серік еткен талантты ұлдардың бірі. Бұған дейін бірнеше рет жыр мүшәйраларында бақ сынап жүрген жас ақынның туындылары жергілікті басылымдарда жарық көріп жүр. Бүгінде ол – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 3-курс студенті. Кештің алғашқы сөзін алған аудан әкімі М.Мурзиев алдымен жиналған көпшілікті мұсылман халқының қасиетті айы – рамазанның келуімен құттықтады. – Қасиетті рамазан айының бірінші күнінде Сәт ата ұрпағы, жас ақын Еркебұлан Зинеденовтің шығармашылық кеші өтуде. Қасиетті Нарын топырағы, оның ішінде Исатай ауданы өңірі - талантты тұлғаларға, небір дарындарға бай өлке. Осы топырақтан туған Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Мақсот Неталиев сынды қаламгерлер елі мен жерін, қайсар ұлты мен қаймана халқын жырларына арқау етіп өткен. Солардың өшпес ізін жал-ғап жүрген жастарымыздың бірі Еркебұлан ініміздің бүгінгі алғашқы кітабының жарық көруі әкеден қал-ған аманатты жалғау деп білемін. Бауырымызға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеймін, - деген аудан әкімі жас ақынға Алғыс хатын табыстады. -Әкем халқы үшін қалай қызмет қылса, сол көшті жалғау мен үшін де ұлы мұрат әрі аманат. Сондықтан да алғашқы кітабымның атауын «Әкеден қалған аманат» деп атадым, - дейді жас қаламгер. Оның бұл игі бастамасына жан-жақты қолдау білдіргендердің де көксегені осы тілек. Кеште Еркебұланның атасы Күнтуған Құрасовтың сәлемін жолдай келген ұлы Бауыржан бауырының өлең өлкесіне аттаған қадамына сәттілік тіледі. -Сананы тұрмыс билеген қазіргі заманда әке мен ұлдың сырласқан сәтін көп көре бермейтініміз шындық. Ал, бақилық әкемен сырласу бұдан да қиын екен, - деп қиял құшағына берілген жас ақын кештің беташар жыры ретінде «Әкемен сырласу» атты өлеңін көпке тарту етті.

Әке! Қазір мен көп ойлаймын анам жайлы,

Бала көңіл бір аунап алаңдайды,

Бақытты қылмай кетсем жарыңызды,

Кешірме мен секілді сормаңдайды.

Әке... Балалық махаббат, әкеге деген сағыныш, арман, қиялдан өрілген өлең жолдары ақынның болашаққа деген асыл мұратын суреттейді. Жарының артында қалып, ұл-қызын адамасыл еткен анаға да бала-жүректен жыр төгілді: Апа! Білесің бе, мен бүгін бақыттымын, Келіп тұр есік қағып бақыт бүгін. Мен, міне, өстім, өндім сіз арқылы, Алдымда жарқырап тұр жарық күнім. Жыр жинағының тұсауын аудан әкімі Марат Мурзиев пен елге танымал ақын, композитор Жәкен Омаров кесті. Автор жинақ тұсауын кескен ағаларына қолтаңбасы жазылған кітабын тарту етті. Су жаңа топтамадан «Өлең» атты алғашқы жыр оқылды. Бұл өлеңдегі «Өлең менсіз ғұмыр кешер, бірақта, Мен өлеңсіз сүре алмаймын өмірді» деген түйін ақынның жастық жалынымен қатар, поэзияға деген құштарлығын аңдатты.

Белгілі журналист Сейілхан Қайыржанов, ақын, сазгер Жәкен Омаров, ауданымыздан шыққан айтыскер Саадат Нұрманов, ақын Адайбек Есекеш, Асантемір Қаршыға сынды кеш қонақтары ізгі тілектері мен пікірлерін ортаға салды. - Сөздің құны арзандап, бөздің құны қымбаттаған, қазақы құндылықтардың бәсі төмендей бастаған қазіргі заманда баламыздың жиырмаға жетер-жетпес жаста өлеңдерін кітап қылып қаттап, көпшілікке ұсынуы – сүйінші сұрарлық қуаныш, - деді жанбайлық ақын Адайбек Есекеш. Ағалық тілегін білдірген айтыскер Саадат Нұрманов: «Өлең бұл – өмір. Өмірдің түрленуі, гүлденуі болады. Шарықтау шегі, құлдилар сәтін де көресің. Алла жазса, солардың барлығынан өтесің, сол жолдарда жарықтық Рақымжан Отарбаев ағамыз айтқандай, «мықтының сағын сындырғанша, жақсының бағын қайтарғанша мігір таппайтын «қумүйіз сығырлар» кездеспей тұрмайды», сен солардан биік бол, - деп батасын берді. -Кітапты парақтап шықтық. Алғаш-қы жыр жинағы ғой. Күні ертең-ақ, өзі кейбір өлеңдеріне ұялып қарайтын, айнаға қарағанда өзінен-өзі қысылып-қымтырылып отыратын сәттері болады әлі. Бастысы, талабы оң болсын. Талпынысы жақсы, -дейді дендерлік ақын Асантемір Қаршыға кітапқа қатысты кәсіби көзқарасын білдіріп.

-«Өлең менсіз ғұмыр кешер, бірақта,

Мен өлеңсіз сүре алмаймын өмірді».

Деп бұл бала жазған екен бір өлең.

Құдай енді ашық қылсын жолыңды,

Сен өлеңге аздап керек болғасын,

Сөз-патшаның қоңырауы соғылды, сол, ұзағынан болсын, -деп түйді ол тілегін. Жылы лебіздерді кешке арнайы ат арытып келген шайыр Жәкен Омаров Майлықожаның «Ата-ананың қадірі» атты термесімен жалғады. Шарада Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары ағаларының өлеңдерін оқыса, ақынның ұстаздары Гүлнар Мәмбетова, Гүлнар Есмурзина, Ләззат Мәжитовалар жылы лебіздерін жеткізді. Жыр кешіне куә болғандар болар баланың бетін қақпай, белін буып, кітабының жарық көруіне қол ұшын берген Абат Бақтығалиұлы, Сағидолла Қабижанұлы, Әбілқасым Қанапашұлы, Есенаман Рысбайұлы сынды ағаларға алғыс білдірді. Ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимовтың аталық ақылы, Майра ананың аналық ақ тілегі айтылған кітаптың тұсаукесері исатайлық әнші Еммат Ғарифоллаұлының орындауындағы Адайбек Есекештің сөзіне жазылған Мұстахим Мұхтаровтың «Зинеден ата ауылы» атты әнімен қорытындыланды. Кеш «Арай» мейрамханасында жайылған ауызашар дастарқанына ұласты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz