«Менің мақалам шықты ма?»

Газет жұмысында да қарбалас сәт аз емес.

Аяқ асты бір жиналысқа кете барасың, болмаса, бірінен енді келіп жатасың, кейде нөмірге шұғыл мақала не хабар дайындайтындықтан бір қолыңды екі ете алмай әлек боласың не көптен ойыңда піскен бір дүниені сәті түскен екен деп жазып тастауға отыра кетесің. Сондайда ғой, әшейінде сағаттап мелшиіп тұратын сұр телефон шар ете қалады.

Жырақтағы біреу бір жаңалық жеткізіп жатса ештеңе емес, оған қуанамыз қайта. Жоқ, олай емес, көбінесе тұтқаның арғы басынан «менің мақалам шықты ма?» деп дүңк ете қалады. Шамасы, редакцияға бір хабар не мақала жолдаған, оны қырнап-жонып дегендей әбігерге түсе жүріп жарияға берген біз, енді, соның қай күні, қай санға шыққанын да әлгі қоңырау иесіне айтып беруіміз керек екен. Сауалға жауап берілуі керек, амал жоқ, ойыңды үзіп, газет тігіндісін сүзіп, әлгінің жазбасы қашан шыққанын іздейсің келіп. Іздеп жүріп, «өздері газетті жаздырып алса қайтеді екен» болмаса «жазылса, неге тігінді жасамасқа» деп қарадай күйіп-пісесің.

Міне, бейсенбі күні газеттің кезекті саны шықты, жұма күні тағы біреулер қайта-қайта телефон шалды. Мақаласының шыққан-шықпағанын білгісі келеді, айнала беріп тақырыбын сұрап тағы мазалайды, соңында көшірмесін сұрап және жүйкеңді құрыстырады. Жүйкең құрыспағанда қайтеді, соның бәрінде ойың онға бөлініп, жазып отырған дүниең жайына қала берсе. Оны қайта жалғастыру үшін тағы да он ойланып, тоғыз толғануың керек. Қайталап айта беріп қайтеміз дейсің де, бәріне керегін тауып беріп құтыласың. Бірақ, осы жолы үнсіз қалғымыз келмеді.

Иә, осы жолы үнсіз қала алмадық. Себебі, міне, алдағы жылдың газет-журналдарына жазылу жүріп жатыр. Дер шағы, кім болса да, мүмкіндікті пайдаланып, аудан айнасына жазылып қалудың қамын жасаса, ғанибет-ақ қой. Сөйткенде ғана, өзі бар, отбасындағы өзге де үлкен-кіші бар дегендей, күнделікті аудан жаңалықтарынан құлағдар болады, ауылдастың қуанышы мен ренішін бөлісе алады, рухани сусыны да қанады. Сосын, сосын қайсыбіреулері мақаласының қашан, қай санда, қандай тақырыппен шыққанын сұрап біздің мазамызды да алмайтын болады. Аз айтайық, көп айтайық, бәрінің бір ғана жолы – дер кезінде газетке жазылып қалу. Ендеше, соған құнттылық танытсақ, қанеки.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521