bannerqaz

«Министр болғым келеді». Аққыстаулық «Алтын белгі» иегері арманын айтты

Армансыз адам бар ма? Бала шақтан болашаққа бет алғалы тұрған жас түлектердің алға қойған мақсат-мұраты ортан қол азамат болу, еліне еңбек етіп, кірпіш дүниенің кетігін тауып, қалану болуы тиіс.

Сол жалынды жас түлектердің бірі - аққыстаулық Ақерке Рамазанова адам денсаулығына алаң. Ғылым, техника дамыған сайын қоршаған орта ластанып, адам ағзасына келетін залалдардың көбейетінін зерделеген ол аурудың дені ұялы телефоннан туындайды деп есептейді. – Ұялы телефондарды көп пайдалану денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Әсіресе, оның көзге шектірер зардабы мол, - дейді Ақерке. – Арманым – болашақта денсаулық министрі болу, - деген «Алтын белгі» иегерінің бұл батыл ұстанымы көпті таңғалдырды.

Бүгін Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежанның қабылдауында болған ауданымыздың 13 «Алтын белгі», 5 «Үздік Аттестат» иегері алға қойған арман-мұраттарымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

a

«Ұлы даланың өсіп-өркендеуі үшін еңбек етуге дайынбыз» деп құлшынып тұрған түлектер алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде таңдаған пәндері мен көздеп отырған мамандықтарын да айтып өтті. Жастардың арасында мұғалім, оның ішінде тіл маманы болғысы келетіндердің қатары көп екен. Логистика, ақпараттық технология, басқа да салалардың маманы болуды мақсат тұтқан түлектерге Нұрғайша Абежан сәттілік тілеп, ақыл-кеңесін де айтты. - Ауданымызға көптеген маман керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, медицина, ветеринария салаларына білікті мамандар қажет болады. Бұл мамандықтарды таңдаған түлектерге облыс әкімінің гранты барын да айта кетейін, - деген аудан әкімінің міндетін атқарушы түлектердің алдағы жоспарларына құлақ асты. Соның ішінде болашақ «Денсаулық министріне» ерекше разы болған ол: «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес», «болмасаң да ұқсап бағып», бәрі де қолымнан келеді деп, биікке ұмтылған адам қай асуды да бағындырады» деді риза кейіпте.

Абай атындағы орта мектептің «Үздік Аттестат» иегері Асылзат Балтабекқызы мемлекет қызметкері болуды армандайды екен. «Қандай маман болғың келеді?» деген аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежанның сауалына: «Сіздердің қатарларыңызда болсам деймін» дейді ол ағынан жарылып.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ауданымыздан 13 «Алтын белгі», 5 «Үздік Аттестат» иегері шығып отыр. Аталған түлектердің бәрі де өздерін жылы қабылдаған Нұрғайша Халидоллақызына алғыстарын жеткізді. Аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы Гүлайна Құрманғалиева да аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, түлектерге тілегін арнады. Ал, ардагер ұстаз Ерболат Насимуллин үлгілі жастарға қол жайып, бата берді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

тамыз 2019
ПВСЧПСВ
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz