Оқырманның пейілі үшін қызмет етеміз

Құрметті оқырман! Өткен ит жылы біз үшін жаман болған жоқ.

Бұл жылы «Нарын таңы» газетіне 65 жыл толды. Ат шаптырып, дүрілдетіп атап өтпесек те, оқырманның ыстық ықыласына бөлендік. Арнаулы сан шығарып, сонау сексенінші жылдарға шегініс жасап, бұл күнде о дүниелік болған Нұралы Әжіғалиев, Шапхат Хұсынов сынды газетке тер төккен азаматтарды еске алдық. Солар туралы, олардан басқа да газетімізге бір кісідей еңбектері сіңген қаламгерлер туралы толғандық. «Басылым белесі» деп аталатын бет ашып, бір кездері газетімізде еңбек еткен, бұл күнде тіршіліктің басқа салаларында қызмет етіп жүрген байырғы әріптестермен сұхбат құрдық. Сол арқылы оқырмандарымыздан талайлы хаттар алып, рахметтерін айтқан ілтипатын сезіндік. Әрине, жасырып-жабатыны жоқ, аудан болып осынау аудан айнасының мерейтойын бір кісідей өткізуге болатын еді, онымен елеусіздеу өтіп кеткен мерейлі жасымызда ешкімге бұл туралы өкпе артпадық.

1928 жылы қадасы қағылып, ресми түрде аудан болып өмір сүре бастаған Исатай ауданының 90 жылдығын да басқасын айтпағанда аудандық газет толыққанды ашып, өңіріміздің көмескілене бастаған шежіресін қайта жаңғыртып, өткен-кеткенді еске түсіріп, тарихи оқиғалар мен аудан дамуына атсалысқан тұлғалар еңбегін айшықты түрде бейнелей алды деп топшылаймын. Ескі суреттер сырына үңіліп, бұл күнде сүріліп кеткен ғимараттар тарихын кейінгі өскелең ұрпақ біле жүрсін деп тағы бір мәрте газет бетінде мәселе етіп көтеріп, сол турасында әңгіме өрбіттік. Одан бөлек, батыр баба атындағы ауданда дүниеге келген Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Мақсұт Неталиев сынды ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінділер келтіріп, өлеңдерін бастық. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, өткен жыл қалам тербеген аудандық газеттің шығармашылық ұжымы үшін тоқырау жылы емес, өрлеу жылы болды деп есептеймін. Бұл тұрғыда газет редакциясына үнемі оң көзбен қарап, өздерінің тырнақалды туындыларын әкеліп, үнемі қарбалас үстінде жүретін ұжымға шығармашылық қолғабыс берген аузы дуалы Жұмажан Қадимов, Мұрат Бектенов, Ибатолла Сәтенұлы сынды ақсақал-қарияларымызды, солардың ізінен еріп, жылт еткен жаңалығын өздерінің сүйікті газетімен бөліскен Мұстажап Аяшев, Мұхамбет Сиықов, Адайбек Есекеш, Жайнарбек Бержанов, Аяпберген Мұханбетов, Мирамбай Дүйсенов, Гүлбану Қабылова, Талғат Сәтмағанбетов секілді азамат-азаматшаларға алғысымыз шексіз. Енді бұл қатарға жастар қауымы да сүбелі үлесін қосып, алдыңғы толқын ағалар салып кеткен сара ізді жалғастырса деген тілек бар.

Газет ұжымында да ауыз толтырып айтатын жаңалықтар баршылық. Жыл басында дизайнер-бет құрушы Нұрғабыл Дәулетияровтың шаңырағында сәби дүниеге келсе, көлік жүргізуші Тілектес Қисамединовтің ұлы үйленіп, шаңырақ көтерді. Жарнама менеджері Райхан Құбашева екінші рет ана атанды. Жыл соңында 1-санатты тілші Жоламан Дәулетияр мен фототілші Әбілмажан Шарапиденов «Исатай ауданына - 90 жыл» медалімен марапатталса, 2-санатты тілші Серікбол Панабердиев Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына арналған Индер ауданы, Жарсуат ауылында өткізілген облыстық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алды. Ал, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Аяпберген Салихов аудан газеттері арасында «Үздік жауапты хатшы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен бірге газетте ұзақ жыл қызмет атқарып, корректор болған Мәрзия Пазылованы мерейлі зейнет жасына шығарып салдық.

Біреу түсінер, біреу түсінбес, газет шығару дейтін түбі жоқ тұңғиық шексіз әлем сынды. Күнімен, кейде түнімен мақала жазып, оны фотосуреттермен үндестіріп, қатесін қарап, материал оқырманның санасына толыққанды жету үшін күрделі тұстарын жеңілдетіп, бөтен сөзбен былғанып кеткен жері болса қайта өңдеп, толықтырып, жас балаша мәпелеп, үкілеп дайындайтын газетіңнің бетінен оқыста, байқамай жіберіп алған қатеңді келесі күні бетіңе басып, айдай әлемге әйгілеуді мақсат тұтатын, содан ләззат алатын кейбір оқырмандарды көргенде іштей налып, өкпелейсің. Барлық еңбегін бір ғана қатесі жуып-шайып кеткен шығармашылық ұжымның да еңсесі түсіп, қабағына кірбің ұялайды. Сол үшін тәртіптік жаза алып, мерекелік сыйақыдан айырылады. Дегенмен, ел ішінде болмай тұрмайтын алып-қашпа әңгімелердің барлығына бірдей бас ауыртып, балтыры сыздай берсе, одан да зор қателікке ұрынатынын біліп, барлық негативті бойынан сілкіп тас-тап, жаңа рухпен, жаңа жігер, екпінмен жұмысына кіріседі.

Тарих қойнауына сүңгіп бара жатқан ит жылын шығарып салып, жаңа доңыз жылын қарсылап тұрып, жыл тоғысында оқырмандарымызбен сырласа отырып, бірлескен шығармашылық ортақ табысқа бірге жетуге шақырамыз. Өзіңді мазалаған оқиғаны немесе жағдайды мәселе етіп көтеріп, мақала жазу үшін кәнігі қаламгер немесе қалыптасқан журналист болу міндетті емес. Тек жай ғана айтқыңыз келген мәселені артық сөз қоспай, аса бір әсірелемей, кем-кетігін жасырып-жаппай тіліңіздің жеткенінше жазып әкелсеңіз жетіп жатыр. Қалған жетпейтін тұстарын байытып, артық кеткен жерлерін күзеп, байланбай тұрған сөз ырғақтарын жіптей етіп есіп беретін редакция қызметкерлері бар. Олар - бұл ұжымда алды отыз жылдай, арты бес-алты жыл қызмет атқарған, тер төккен жандар. Сондықтан оларға толықтай сенім артуға болады, қадірменді оқырмандар!

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521