bannerqaz

Ойын алаңы жөнделіп жатыр

Күні кеше «Нұр Отан» партиясының бастауыш партия жиынында ауыл әкімі Ғаділ Боранбаев «Мұнайшы» шағын ауданындағы балалар алаңына биылша ағымдық жөндеу, ал келесі жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі дегенді айтты.

Аққыстау ауылының ішкі жолы да келесі жылы кәріз желілері құрылысы біткен соң 24 шақырым болып қайта төселеді екен. Ардагерлер паркі мен «Жайықмұнайгаз» басқармасы арасынан жаңадан «Жастар алаңы» да салынбақшы. «Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей, айтылған жағымды жаңалыққа қуанысып қалдық. Жазылған жайдың жаңғырығындай болып қолға алынып жатқан қай-қай оңды іске де ақ батамызды беріп, кеңінен қолдау білдіруге дайынбыз. Тек өндірісті өңіріміз көлденең апаттар мен жебір сұғанақтардан аман болып, осы алған бағытынан таймаса екен.

Естеріңізде болса, анабір әзірде ауданымыздың мерзімді үнпарағы «Нарын таңы» газетінің биылғы жылдың 12-сәуіріндегі №15 санында газеттің бас редакторы Аслан Мұратұлының «Балалар ойын алаңдарын жаңғырту қажет» деп аталатын мақаласы жарияланған болатын. Аудан орталығының көптен бері жөндеу көрмеген әлеуметтік мәселесі қозғалғанда сол шағын ауданда тұратын қалың көпшілік іштей разы болғанымызбен, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» жыры болып, бұл айтылғаннан да еш нәтиже шыға қоймас деп күбірлегенбіз іштей. Бірақ, газеттегі мақала түрткі болды ма, әлде жоспарлы жұмыстар ма, әйтеуір бір аптадан бері жөндеу бригадасы келіп, аталмыш алаңға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған дейін жұлым-жұлымы шыққан тор сымдарды алмастырып, бағандарын сырлап, айналасын абаттандырып, көз тартарлық күйге жақындата түсті. Жақсыны жақсы деп, жасалған жағымды жұмыстарға тиісті бағасын берген дұрыс қой, сондықтан аудандық газет арқылы бүгінде аудан орталығында айтарлықтай шаруалар тындырып жатқан азаматтарға алғыс айтқымыз келеді.

Ишанғали Ермеков,

зейнеткер

Аққыстау ауылы

Cуретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz