Пішеннің 60 пайызы көрші ауданнан келген

Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы атакәсіп саналатыны белгілі. Бұрынғылар мінсе - көлік, кисе - киім, ішсе ас қылған сол төрт түлікті төскейінде өргізген ауданымызда да уақыт талабы, заман ағымына қарай алға басып жатқан шаруа аз емес. Оған жасалып отырған қолдау мен көрсетіліп жұрген көмек те баршылық десек болар еді. Сол атакәсіп – елге нәсіп болмағын ойға алғанда шаруа баққан ауылдағылар қытымыр қысты артқа тастап, жер аяғы кеңір шаққа таялғанын да ескеріп, ондағы тыныс-тіршілікке тағы бір үңіліп көруге тырыстық.

Қой қоздап, қорада шу болады енді

Міне, қыстың да соңғы күндері сырғып, көктем таяды. Аудан бойынша 17877 бас мүйізді ірі қара, 48942 бас қой-ешкі, 17877 бас жылқы, 8347 бас түйе түседі деп күтілген қыстақты өткеріп бола келген шаруаның қой қоздап, қорада шу болып жататын шағы ол. Осындайда «сын шақтан сүрінбей шыға алдық па» деген сауалды ой да көлденеңдейді.

Қыстаққа қанша мал түскенін жоғарыда айттық. Оның қалыпты өтуі, алдымен, қажетті жемшөп қорының жасалуына тәуелді екені белгілі. Ол үшін 73140 тонна пішен, 2700 тонна құрама жем керек болды. Қажетті пішеннің өткен жылдан қалған 2514 тоннасы қолда бар еді, әзірленуі керек 70626 тоннаның 60 пайызы (42376 тонна) көршілес облыстар мен аудандардан, 40 пайызы (28250 тонна) ауданымыздың өз аумағынан дайындалып, тасымалданды. Жемшөп дайындау науқанындағы бір ерекшелік жаздың қуаң, шөптің аздығына байланыс- ты шаруагерлер мен жекелеген тұрғындар қажетті мал азығын қамдап алуға ертерек ден қоюы еді.

- Аудан бойынша алғанда шаруагерлер 185 қыстақ орнында малды сын шақтан өткізеді деп жоспарланды. Оны ұйымшылдықпен және шығынсыз өткізу мәселесі күнделікті бақылауға алынып, әсіресе, мал азықтық қорын жасауға мән берілді, тасымал жұмысында кідіріс болмауына жұмыстандық,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қыдыржан Ермұханов қажетті құрама жемнің кәсіпкерлер арқылы үзіліссіз жеткізіліп тұрғанын, әлі де тасымалданып жатқанын тілге тиек етіп. Аталмыш бөлімнен алынған деректерге қарағанда, мекемелерден, жеке сектордан қар тазалайтын 25 техниканың да есебі шығарылуы сол сын шақтан сүрінбеудің қамын көздегендік еді.

Десек те, бұл қыс шаруа адамдары үшін жайлы болғаны анық. Нәтижесінде «алдымыз - жаз» деген қыр мен құмдағы ағайынның көңілі көтеріңкі қазір. Бәрінің де тілегі қыстың соңы созылып кетпеуі. Ендігі іс есебі күштінің есесі кетпейтіндігінде, яғни, әу баста бір малын екеу етуді ойлаған шаруа үшін қой қоздап, қорада шу болады енді. «Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді көлденең тартатын шаруа адамы биыл шөп те қалың шығып, төл де көп болуын қалайды. Лайым солай болғай дейік.

Толығырақ газетіміздің №8 санынан оқи аласыздар

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521