Сағыныш селт еткен сәт

Тұщықұдық ауылының шығысындағы Едіге талы аталатын жасыл аумақтан бері шыққаныңда Боқсақтан бөліне ауылға бағыт алған Попашной өзекшесі бар.

Өзекшені бойлай бой көтерген шоқ-шоқ жиде талдары көлікті адамға көзкөрім жерге дейін ілесе созылып жатыр.

Кедір-бұдыры көптеу кездесетін дала жолы өз алдына, кезінде кеңшардың егін егетін, табиғи шабындықты аумағы болғасын да тартылған канал, жылғалары орны ойлы-қырлы болып жатқан жерлермен көлігіміз шабандау шаңдатып келе жатқан. Кенет жүргізушіміз: «анау тұстан қаз ба, үйректер ме, көзіме шалынып қалғандай болды» деді ілгері жақты нұсқап. Көліктегі қалған үшеуіміз де елең еттік.

Алдымыздағы быдырдан асып түскенде, анадай жерден бір топ қаз көрінді, нобайы жиырмашақты екен. Кәдімгі үйдің асыранды қаздары. Біз жақын келгенше жайыла жүріп, маң-маң басқан олар, әбден таялғанымызда кейінге үрке қарағыштап, ата қаздың алдына түсе дедектей жөнелді. Сол беттерімен топырақ балға тырмыса шыққан бәрі тобын жазбастан топырлай өзекке қойды да кетті. Біз болсақ, көз алдымыздағы көрікті көрініске қарап қалыппыз. Енді қауіптің жоғын білгендей су бетінде сызыла қозғалған қаздарға қараған сәт көкіректе көмескі тартқан сағыныш шіркін бүлк ете қалды...

Одан бері де елу жыл зымырап өте шығыпты-ау. Ол кезде атам жарықтық қаз өсіретін. Тек біздің үйде емес, көршілеріміздің бірсыпырасында азды-көпті қаз болушы еді. Алты-жетілердегі баламыз, қаздарды осы Попашнойдың бойына айдап шығаратынбыз. Маң-маң баса жүріп болмағасын шыбықпен жасқай айдаған бізді ата қаздар қуалай жүріп тістеп, талай «қан-қақсатқаны» еске түсіп кетті. Тізбегінің орта тұсында сап-сары балапандары тізіле түсіп бара жатқан әп-әдемі бір сурет көз алдыма келіп, көңілді сағыныш сазы тербеп өткенін қайтерсің. Атам марқұмның кешкісін қазды үйге айдап қайтуға бізді ілестіре шығатыны, кей-кейде қаздар туралы қызықты әңгіме қылатыны ғажап еді ғой.

Көліктегілер болмағанда, бұл күйімнен біразға дейін ажырағым жоқ-ты. Алайда, фототілші Әбекең суретке басып үлгерген мына қаздар сызыла қозғалғандағы судың әдемі сылдыры әлі құлаққа келеді. Осыдан елу жыл бұрын да оның үні осындай еді-ау. Соны ойлағанда, өткінші өмірде ілуде бір болса да өзгермейтін дүниелер кездесетініне қуанатын болдым қазір...

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521