Тағы бір қазақ үйлі болды!

Өткен аптада жергілікті кәсіпкердің Тұщықұдық ауылынан көпбалалы отбасына 4 бөлмелі үй алып беріп, қуанышқа кенелткені туралы жаздық. Сол үрдіс тағы да жалғасын тауып, ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан аумағында мұнай өндіретін, өңір экономикасына қомақты табыс әкеліп отырған «Сазанқұрақ» ЖШС Аққыстау ауылынан мүмкіндігі шектеулі спортшы Медет Сұпығалиевтің жанұясына 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Мүгедектер арбасына таңылып, өздігінен жүріп-тұруы қиын болса да өмірден күдерін үзбей, керісінше қол-аяғы сау жандардың бірде жасап, бірде жасай алмағанын жасап, паралимпиадалық жарыстарға қатысып, ол сайыстардан жүлделі орындарға ілігіп, аудан намысын көтеріп жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет туралы, оның тұрмыстық қиындығы, баспананы қажет ететіндігі туралы газет бетінде осыған дейін жазған болатынбыз. Алайда, әзірге жоғарыдан қаржы бөлініп, Өркен ауылынан енді салынатын 60 пәтерлік 3 үй құрылысы салынып бітпейінше сірә үй ала алмас деген де күмәніміз болғанын жасырмаймыз. Десе де, жақсылық жасап жарысқан аудан кәсіпкерлерінің таңдауы Медетке түскені кездейсоқтық дей алмаспыз. Бұл туралы әлеуметтік желі бетінде аталған кәсіпорын директорының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты, меценат Әлібек Семғалиев былай деп жазды: «Исатай ауданының тұрғыны Медет Сұпығалиевтің тағдыры туралы алғаш рет әлеуметтік желі бетінде оқып, мүмкіндігі шектеулі азаматтың қайсарлығына таң қалғанмын. Оның жігері жасымай, отбасын құруы, спорт саласында үлкен жетістікке жетуі көпшілікке үлгі боларлықтай.

Үш баласымен әр жерде пәтер жалдап жүргенін әрі тұңғышы сирек кездесетін қан аурына шалдыққанын естігеннен кейін көмек қолын созуды ұйғардым. Бүгін Медетке өзі қалаған жайлы пәтерді сыйға тарттық. Егемен еліміздің тағы бір отбасы жағдайын түзеп, еңсесін көтерді. Жақсылық жасап жарысайық, ағайын! Қонысың құтты болсын, бауырым!»

Шүкір ғой, қазір жағдайы дұрыс, табысы тұрақты кәсіпкерлер мен кәсіпорындар баршылық. Әрине, барлығы бірдей жарым-жарты отбасыларға баспана алып бермегендерімен, әр уақыттарда қолынан келгенше жәрдемдерін жасап жатыр. Бұл орайда аталған жұмыстарды үйлестіріп, шебер ұйымдастырып отырған аудандық әкімдіктің жұмысын да оң бағалаған дұрыс болар.

Осымен екінші мәрте баспана сыйлап отырған ауданның әкімі Марат Мурзиев бұл жұмыстардың әлі де жалғасы болатынын айтып отыр. Бастысы пейіл тарылмасын.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521