bannerqaz

Теңізге тамған тер

Айтуға оңай, жегенге жеңіл болғанымен, пісіп, алдыңа келіп түскенге дейінгі балықтың қиындығы көп-ақ.

Оған ыстығы мен суығына төзіп үйренген кәнігі балықшыдан басқалардың төзуі екіталай. Соны көзбен көріп, сезініп көрсек деген ниетте, Жанбай ауылын бетке алдық. Бірақ, түске жақын барған соң шығар, жағадан ешбір жан баласын байқамадық. Сөйтсек, теңіздің тіршілігі таң атысымен-ақ басталып кетеді екен.

– Мұнда балықшылар ерте келеді, кеш шығады. Ауа-райы болжамынан күннің балық аулауға қолайлы екендігін білсе болды, балықшыларда үйде жату жоқ, - дейді жанымыздағы балықшы өмірінің жай-жапсарын білетіндердің біреуі.

Каспий жағасында қараңдаған оншақты қайықтан басқа ештеңе көрінбейді. Ол - бүгін теңізге шықпаған балықшыларды көлігі. Қалғандары күнделікті жұмыстарына ерте кіріскен. Балықшылардың жағаға келуін біраз уақыт күтуге тура келді. Түс ауа сүйіртұмсық қайықтар біртіндеп келе бастады. Ертеден қара кешке дейін су үстінде жүру қайдан оңай бола қойсын? Жігіттердің жүзі шаршаңқы. Кейбірі біздің қоймақ болған сауалдарымызға жүре жауап беріп, әңгімелесуге құлық та танытпады. Қайықтардың бірінен түскен балықшылардың соңғы жағынан жағаға қарай аяңдаған жігітті әңгімеге тарттық. Қарашаның суығына қыңқ демеген жігіттің жүзі де жылы екен. Өзін Сағынбай Құспанов деп таныстырған ауыл азаматы осы жылдың көктемінен бері «Амангелді» кооперативінде қызмет ететіндігін айтады.

-Бүгін балық қалай болды, ағасы? -Аздау енді, шүкір ғой, бірақ. Балық деген бірде жақсы жүреді, ал, кейде қанжығамыз майлана қоймайды. Әр кезде әртүрлі ғой. Ауа райын болжау-шылар «ертең күн тымық болады» десе болды, келесі күні ертемен жағаға жетеміз, -дейді балықшының бір күндік өмірі жайында сырын ақтарған азамат. – Содан қайықпен теңізге тартып отырамыз. Бізге жағадан он шақырым шамасында ғана тереңдікке баруға рұқсат бар. Ал, жағаны жағалап, 8-10 шақырымдай жол жүреміз. Оңай болмайды, әрине. Бастысы, күннің желсіз болуы, - дейді ол. Аяқ астынан күн құбылып, табиғат тосын мінез танытқан жағдайда қамыс жағалайтынын атап өткен балықшы ондайда арнайы қауіпсіздік құралдарын пайдаланатындықтарын айтады.

Ауланған балық жағаға шыққан бойда сол жерден кооперативтерге тапсырылады екен. Аудан бойынша Каспий теңізі жағалауынан «Амангелді», «Жамбыл», «Ракуша» өндірістік кооперативтері, «Абылай хан», «Восток», «Қызылбалық», «Каспий рыба Евразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері белгіленген лимит көлемінде жұмыс жасайды. Бұл мекемелерде 371 жергілікті тұрғын маусымдық жұмыстарға тартылады. Оның 137-сі - Жанбай ауылының балықшылары. Оларда қызмет көрсететін заңды 96 қайық тіркелген.

Жалпы балық кооперативтеріне бөлінген жылдық лимит мөлшері - 1942, 311 тонна. Алайда, балықшылар аталған лимитті толық қамтып отыр дей алмаймыз. Оған балықшыларға бөлінген жұмыс маусымы кезіндегі балық аулауға ауа райының қолайсыздық тудыратыны, сондай-ақ, балықтардың ұсақталып кетуі себеп болып отырған көрінеді.

-Жалпы балық шаруашылығы жаныма жақын, - дейді Сағынбай Құспанов. – Қанша қызметтерде жасадым, бірақ, айналып теңіз жағасына қайта келемін,-деген балықшы үшін судан «маржан» сүзуден артық кәсіп жоқ. Теңізге тері тамған адал еңбек иелеріне жеңіл-желпі жұмыс та жаға қоймайтын сықылды.

Серікбол Панабердиев

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz