bannerqaz

Темірден түйін түйген

Шағын және орта кәсіпкерлік – мемлекет экономикасының тірегі. Ал, бизнестің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілуі керек.

Осыған байланысты бизнес бастаманы қолдау және жеке бизнесті дамытуды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан әр түрлі қолайлы экономикалық және құқықтық жағдайлар жасалуы тиіс.

Айта кетсек, ауданда 2017 жылы 1968 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, ол 2016 жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Оларда жұмыс жасайтындар да 4,2 пайызға өсіп, 2116 адамды құраған. Есепті мерзімде 7 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 17 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 4 нысанның бірі «Бизнес аймақ» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілген темір ұстаханасы. Темір бұйымдарын шығарумен айналысатын жеке кәсіпкер Айнагүл Жаулыбаева 2016 жылдан бері осы кәсіппен айналысып, темірден түйін түйіп, аудан халқына бір кісідей қызмет көрсетуде. Өзге саладай емес, табиғатына келіңкіремейтін кәсіп түрін таңдаған жергілікті кәсіпкерді орайы келгенде қысқа ғана әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Айнагүл ханым, қандай өнімдер өндіресіз және неліктен бұл кәсіп түрін таңдадыңыз?

- Өз ісін ашқысы келетін кез келген адам ең әуелі жергілікті нарыққа зерделеу жүргізеді деп ойлаймын. Біз де ауданда не бар, не жоқ деген сауалмен көп ойландық. Байқасақ, темір бұйымдарының қолөнер шеберханасы ауданымызда дамымай қалыпты. Ойлана келе халыққа пайдамыз тисін деген оймен темір ұстаханасын аштық. Бүгінгі күні түрлі дизайндармен қақпалар, тербелмелі орындықтар, аяқ қырғыштар және басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаймыз.

- Дайын бұйымдарды кімге ұсынасыз және қалай жеткізесіз?

- Жергілікті тұрғындардың сұранысына байланысты жасалған бұйымдарды жалдамалы көліктермен жеткіземіз.

- Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

- Күні бүгін 3 адамды жұмыспен қамтып, уақытылы еңбегін төлеп отырмыз.

- Бизнесіңізді бір жолға қою ісінде қандай қиындықтар болды?

- 2015 жылы осы жобаны қолға алғалы бері кәсіпті ашқанша көп қиындық көрдім. Адам бір күнде кәсіпкер бола салмайды. Әлі де жұмыс жасауға кедергі келтіріп, қиындық туғызып отырған жайттар бар. Жасыратыны жоқ, ауданымызда бүгінгі күні бизнесмендер үшін инфрақұрылым жүйесін тарту қиынға түсіп тұр. Монополист мекемелер оны алыстан ұсынады. Және онысы тым қымбат. Бізде газ желісі қосылмаған, сол себепті қазан айынан сәуір айына дейін жұмысымызды тоқтатуға мәжбүрміз.

- Мемлекеттен қаржылай көмек алдыңыз ба?

- Иә. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 5,4 млн. теңге қаржылай несие алдым.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Әзірге қолға алған осы ісімізді дамыта береміз. Қалған жоспарлар алдағы күннің еншісінде.

- Жастарға қандай кәсіппен айналысуға кеңес берер едіңіз?

- Кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету, қолдау шараларын түсіндіру, ақпараттандыру шаралары мүдделі мемлекеттік органдардың ұйымдастыруымен жиі өткізіліп жүр. Қазіргі таңда кез келген адамға қалаған кәсібімен айналысуына мүмкіндік мол. Ал, қандай кәсіп түрін таңдаған дұрыс деген сауалға келетін болсақ, мәселен, көршің мақта өңдейтін цех ашса, сен де тап сондай кәсіп түрін ашпайсың ғой, өйткені бәсекелестік болуы керек. Сондықтан шама-шарқыңыз келгенінше өңірде бұрын-соңды қолға алынбаған жұмысты таңдаған дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін көп іздену қажет. Қазір интернеттің дамыған заманы, сол арқылы өзге қалалардың, тіпті көрші мемлекеттердің нарығын неге зерттемеске?! Қысқаша айтқанда, ерінбегенге нәсіп көп.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА,

суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz