Теміржол маңы ойын алаңы емес

Теміржол бойы аса қауіпті аймақ болып есептелетіндігіне байланысты оны кезкелген жерден кесіп өтуге қатаң тыйым салынады.

Егер көрсетілмеген жерлерден теміржолдан өткен жағдайда «Жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 559-баптың 5 тармағына сәйкес 3 АЕК айыппұл салынады деген заң да бар. Алайда, теміржолдан өту қауіпті екендігі қанша ескертіліп жүрсе де, тұрғындар рельстің үстімен өтуді доғарар емес.

2018 жылдың 27 тамызы күні 16 сағат 55 минутта Аққыстау-Бақсай жол аралығындағы 255 км 10 пикетте пойыз №7781 СКД-9С машинист Умирзаков 60км/сағ жылдамдықпен келе жатып, жолда бөгде адам болуына байланысты жедел тежегішті қолданып, тоқтайды. Нәтижесінде, жол жиегінде әйел адам жарақаттанған күйінде табылды. Кейіннен бұл әйел адам Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылының тұрғыны, 1946 жылы туылған азаматша Е Қуандыкова екендігі белгілі болды. Уақытында «Жедел жәрдем» шақырылып, азаматша аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке орай алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болады.

Осыған орай, Атырау жол дистанциясы қызметкерлері тұрғындарға теміржолды белгіленген және жабдықталған, жаяу жүргіншілер өткелі, көпір, жол өтпесі, төсемдер арқылы, сонымен қатар «Жол арқылы өту» көрсеткіштері орнатылған жерлерде ғана өту қажеттігін ескертеді. Пойыз 400 метр қашықтықта келе жатса, өтуге мүлдем тыйым салынады. «Тальго» жүрдек пойызы көрінсе, жолдан 5 метрге дейін қашық тұру керек, ал жүк пойызы мен жолаушылар пойызы өткен уақытта 2 метрге дейін қашық тұруымыз шарт. Пойызға мінетін болсаңыз, пойыз толық тоқтамай тұрып жақындамайсыз және пойызға отыру, түсу тек перрон немесе отырғызу платформалары жақтан жүргізіледі. Теміржол адамдар жүретін немесе балалар ойнайтын ойын алаңы емес, ол аса қауіпті аймақ болып саналады. Салғырттық пен немқұрайдылықтың кесірінен адамдар түрлі апаттарға түсіп жатады. Сондықтан теміржолдан өткен кезде, қауіпсіздік ережелерін сақтау аман қалудың кепілі екендігін естен шығармауымыз керек.

Сонымен қатар, еліміз бойынша теміржол өтпелерінде орын алған оқыс оқиғалар көбеюде. Өткен жылы Өзен-Бастау теміржол өтпесінде тепловоз бен микроавтобустың соқтығысуынан бірнеше адам қаза болып, қоғамда резонанс тудырғандығы белгілі. Енді, жақында, 2018 жылдың 12 қыркүйек күні, ашық-жарықта Аққыстау-Бақсай жол аралығының 251км.-де орналасқан күзетілмейтін теміржол өтпесінде «КамАЗ» автокөлігі мен пойыздың соқтығысуы орын алды. Яғни, «КамАЗ» автокөлігі жүргізушісі К.Кабиев асығыстық жасап, дыбыстық және қызыл белгіні елемей, пойыздың алдына шығып, апатқа себепкер болған. Дистанция қызметкерлері өтпедегі апаттардың алдын алу мақсатында ай сайын автокөлік жүргізушілерімен теміржол өтпесінен өту ережелерін таныстырып, профилактикалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер жүргізіп тұрады. Рейд барысында жүргізушілерге теміржол өтпесінен өту ережелері жазылған парақшалар таратылады. Бірақ, өкінішке орай, көп адамдар теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан жарақат алып, қайтыс болып жатады. Экономикалық, материалдық шығындар әкеліп жатады. Ойлап қарасаң таңертең үйінен сап-сау шыққан адам біраз уақыттан кейін апатқа ұшырап, қайғы-қасірет орын алады. Қайғының алдын алуға болатын да еді... Осыған орай, Атырау жол дистанциясы теміржол бойындағы апаттардың алдын алу мақсатында жаяу жүргіншілерден, автокөлік иелерінен теміржол маңында жүру, өтпелер арқылы өту ережелерін бұзбау, теміржол өтпесінде жол қозғалысы ережелерін сақтап, аса сақ болуларын сұрайды.

Аманқос ЖЫЛҚЫБАЕВ,

Атырау жол дистанциясы басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521