bannerqaz

Өткен күнде белгі көп

Ауданымызға белгілі өлкетанушылар Мұрат Бектенов пен Мұхамбет Сиыховтың «Қызыл үй – менің мекенім» атты кітабы қазіргі таңда Алматы қаласындағы «Сардар» ба­спасында басылып жатыр.

Өткен тарихымыздан сыр шертетін, аудан жылнамасында өзіндік орны бар, әлі оқырман қолына тимеген жаңа кітап жазбасы­нан үзінді ретінде Нарын құмында, оның ішінде Айбас топырағында өмірге келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақ жылдар үлес қосқан, 40 жылға таяу аудандық деңгейде депутат, оның 22 жылын аудандық мәслихат хат­шысы болған Жұмажан Қадимовпен Нарын құмының кірер ауызы саналатын Қызыл үй елді мекені жөніндегі сұхбатты авторлардың рұқсатымен жариялаймыз.

РЕДАКЦИЯДАН – Қызыл үй елді мекенін қай кезден бастап білесіз, ол мекенге қашаннан бастап ел қоныстандырылды?

– Құба қалмақтардан босап, тусырап жатқан Нарынға 1800 жылдардың басынан бас-тап Бөкей көшіне ілескен Кіші Жүз рулары қоныстанып, ішкі Орданы құрғаны тарихтан белгілі ғой. Үйренісе келе, олар қыста теңіз жағасына қыстап, малдарын қалың қамыстың ықтасыны мен шүйгін шөбіне жайып, балық аулап, көктемде кері Нарын құмына жайлауға көшіп отырған. Құмға кірер алдында кідіріп, қажеттерін жинақтап алуы үшін жағада ел қоныстанбады деп айтуға болмайды, себебі Қызыл үй сияқты қатқылдың құмға кірер қақпасы ежелден құмға жүргендегі ұрымтал тұс, тұщы су көзі болуы арқылы ел қоныстануға сұранып тұрған мекен. Тарихтан белгілі болғандай, ұзақ жыл дос болған Исатай мен Жәңгір ханның арасы 1834 жылы бұзылады. Хандық дәуірінің 10 жылдығын тойлаудың аяғындағы билер сайлауында Исатай тек қана Қарауыл Қожа мен Балқыға ғана қарсы шықпай, ханның өзінің де көптеген жолсыздықтарын сынап, одан әрі әңгіме ушыға келе қатты сөзге келіп, нәтижесінде хан Исатайды үй қамақта ұстауға жарлық шығарады. Ақыры билер кеңесімен 60 атан айып төлеп, босап шыққаннан кейін Хан жарлығымен Исатай жайлап келген бес аралды (Қарақамыс, Күйген, Көлденең, Түйе арал, Кемелі арал) Қарауылқожаға алып беріп, өзін Мыңтөбеге көшіретіні тарихтан белгілі. «Міне, осы бес аралға ие болғаннан кейін Қарауылқожа ол аралдарды жалдап, сатып, қатты байиды да, малдары теңіз жағасына сыймаған соң Бекетай құмына дейінгі арада екі жерде мал қыстайтын орын, ал құм мен қатқылдың жиегінен күйдірілген қызыл кірпіштен үй салдырды» деп жазады архив құжаттарына сүйенген исатайтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжәлиев. Демек, теңіз жағасынан құмға шығар қақпаны осы күнгі Қызыл үйдің орны деп бағамдауға болады. Қариялардың айтуынша, қазіргі Қызыл үйдің орнынан қыстау орнын салып, алғаш қоныстанушылар Майтөбені жайлаған Жастабан Таз руының азаматтары болған, ал, қоныстану кезеңдері 1900-1910 жылдар шамасы деп айтылады. Құмда қатты саз алынатын тақырлар болады, оны қазып, атпен бастырып, иін қандырып, тас басады, үйдің сыртын майлайды. Құрамына қарай қатты қызыл күрең сазбен үйдің сыртын майласа, ол алыстан қызарып көрінеді. Алғашқыдағы Қызыл үй атауы осыдан шығуы да мүмкін.

– Бұл мекенге елдің негізгі шоғырлануы қай кезеңдерден басталады?

– Бүгінде аталық жасқа жеткен біздің өзіміз де кешегі Ұлы Отан соғысының соңынан кейін өмірге келген ұрпақпыз ғой. Сондықтан арғы тарихын жете біле бермейміз. Менің білетінім, Орталық Партия Комитетінің 1954 жылғы Сентябрь Пленумының «ауылшаруашылығын жедел өрге бастыру туралы» мәселе қарауына байланысты елде үлкен өзгерістер болды. Тың игерілумен қатар, ұсақ колхоздар ірілендірілді, кейіннен совхозға айналдырылды. Осы кезеңнен, яғни өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап Қызыл үй орталыққа айнала бастады деп білемін. Онда 1954 жылы бастауыш мектеп, дүкен, кейіннен құм өңіріне тасылатын заттар үшін сауда қоймасы, почта бөлімшесі ашылды. Мектеп директоры Мұқыш Жүнісов, дүкенші Ыдырғали Зұлхашев, пошта қызметкері Ғайнолла Ихсанов болды. Бұлардың үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер еді.

– Чапаев атындағы совхоздың атын шығарған №2 ферма туралы не айтасыз?

– 1954 жылдан бастап ұсақ колхоздар екі дүркін ірілендіріліп, 1957 жылы Молотов және Чапаев атындағы колхоздар есебінен Чапаев атындағы совхоз құрылғаны белгілі. Оның Көшерқарадан Шәуіптенге дейінгі жаға бойы, Бегайдар аумағы №2 фермаға берілді. Фермаға алғашқы жылдары Өлдан Мералин жетекшілік етті. Жартылай қылшық жүнді қазақы қойдан құрылған ферманың алғашқы жылдардағы көрсеткіші онша болған жоқ. 1960 жылы Шымкенттен Совет Партия мектебін бітіріп келген Хатима апай өзі жұмсалған Жанбай ауылдық Кеңесі төрағалығына бармай, артта қалған осы ферманы сұрап алып, оны 1985 жылғы қараша айына, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін басқарды. Апай басқарған жылдары ферма алғашқы кезеңдерден бастап қаракөл қойын өсіру бағытына мамандандырылды және бес бесжылдық қорытындылары бойынша облыста барлық көрсеткіштерден көш басында болды. 1966 жылы ферма бойынша әр жүз аналықтан 148 қозы алған рекорд бұдан кейінгі жылдары жаңартылған жоқ. Хатима апай ферманың экономикалық көрсеткішімен ғана шұғылданбай, әр шопанның тұрмыстық жағдайын, өмір сүру мәдениетін көтеруге, жеке шаруа жағдайының жақсаруына да тікелей қамқорлық жасады. Әр шопан үйінің қажетін тізіп алып, сауда мекемесіне сұраныс беріп алдырып, әр үйге өзі таратып отырушы еді. Ел халқының құрметіне бөленген Хатима Дайырова Ленин, Октябрь революциясы бастаған бірнеше ордендермен марапатталды, СОКП ХХIII съезіне делегат, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне мүше болды. Ол тәрбиелеген Ермек Борашев өзінен кейін он жыл осы ферманы басқарса, мамандар Сұңғат Имашев, Шәріп Сыдиховтар апайдың ұзақ жылғы сенімді көмекшілері болды. Шопандар Қабес Уақитов, Нұреден Уақитов, Ғапурын Мақсотов, Нәбидолла Мәдіғалиев, Батан Ыбыраев, Мұхси Досқалиев, Ғайни Досқалиев, Қалаубай Сарин, Ғарифолла Хамзин, Машан Нұреденов, Іскендір Ғұмаров, Сағидолла Матишев секілді тағы басқа да осы ферманың даңқын асырған майталман малбегілер қызмет етті. Олардың көбі мемлекеттік орден-медальдармен марапатталса, Батан Ыбыраев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Қызыл үйде мектеп ашу, оны орталыққа айналдыру жөнінде көп қамқорлық жасаған, екі дүркін Новобогат, Махамбет аудандарында ауатком төрағасы болған Уәли Жайықов құм өңірін аралап келгеннен кейін аудандағы бір жиында сөйлеген сөзінде «Чапаев совхозының №2 фермасының кез келген шопанын басқа шаруашылықтарға ферма басқаруға жіберуге болады» дегені сөзі бар.

– Құм өңірімен өзіңіздің байланысыңыз қандай, қай жылдары бұл өңірден аудандық мәслихат депутаты болдыңыз?

– Мен Айбас ауылының Чкалов колхозындағы Бөлтікей шағылында өмірге келдім. Әкеміздің мал дәрігері болып, құм өңіріндегі ветучаскелерге жиі жұмыс ауыстыруына байланысты Айбас, Орпа, Сазды, Үштаған, Күкіртті, Бегайдар мекендерінде қыста шеген қыстау, жазда түйемен көшіп, құдық ауыстыру кезеңдерінде құм өңіріндегі қатқылдан мүлде өзге тіршілік дағдыларын бас-тан кешіп өстік. Айбастағы Ақ школ, Үштағандағы ескі Жанбай, Күкіртті, Бегайдардағы Каганович кейіннен Чкалов мектептерінде 7-сыныпты бітіргенше білім алдық. Бегайдардағы Әмірғали қыстауынан он екі шақырымдық қашықтықтағы орталау мектепке күн сайын жаяу қатынап оқыдық. Елуінші жылдары аудан халқының тоқсан пайызы құм өңірінде қоныстанды. Тұщықұдық, Бабан, Жамбыл, Орпа, Айбас, Мыңтөбе, Бегайдар, Кетешағыл ауылдық кеңестері аумағындағы он жеті мектепте құм өңірінің балалары білім алды. Міне, осы халықты жедел совхоз орталықтарына көшіріп, мектептерді түгел жабу сияқты науқанды сая-сат та жемісті болған жоқ. Тоқсаныншы жылы совхоздар тарап, өз үлестерін алған шаруагерлер Тұщықұдық ауылдық округінің Айбас ауылына дейін қайтадан құм өңіріне қоныстанды. Мен 2003 жылдан 2016 жылға дейін үш шақырылым бойы құм оңіріне қарайтын Қызыл үй округінен аудандық мәслихат депутаты болып сайландым. Құм өңірін қоныстанатын шаруагерлер село орталығы халықтарындай жылу, су, пәтер, жұмыс, т.б мәселелерді ешкімнен сұрамайды, өздерін өздері қамтып, отырған село. Өз өнімдерін, аудан орталығына шығарып сатуды әдетке айналдырған. Оларға керегі мерзімді, сапалы дәрігерлік қамту, байланыс, жолдың жөнделуі, балаларының жақындау жерден оқуына мүмкіндік болуы. Ең басты мәселелері – үлкен бейнетпен өсірген малының белгісіз індеттен жаппай өлуі, оған ешқандай өтемақы төленбеуі, аудан, облыс орталығына апарып малын етке өткізудегі делдалдармен, малды союдан бас-тап кездесетін кедергілерге және жол шығынына сол малының тең жарты бағасын жоғалтатынына қынжылады. Бұл мәселені зерделеп, шаруагерлердің мал өнімдерін өзіндік құнын ақтайтындай етіп өткізулеріне жағдай жасайтын мезгіл жетті деп ойлаймын.

– Қызыл үй елді мекенін көркейту жөнінде кезінде жоғарыға қойған қандай мәселелеріңіз жүзеге асуда?

– 1986 жылы Беркалиев Жанай ағамыз Чапаев атындағы совхоздың директоры кезінде мен совхоз партия комитетінің хатшысы едім. Көптен жабылып қалған Қызыл үй мектебін қайта ашу қажеттігін зерделеп, тәуекелмен шаруашылық қаржысына екі үйлік екі пәтер салып, оны тиісінше бейімдеп мектеп аштық. Мектеп жылдан-жылға дамып, бүгінде 45-ке жуық бала 7-сыныпқа дейін білім алуда. Алайда, жатақханасымен негізгі, яғни 9-сыныптық жаңа типті мектеп салуды аудан, облыс басшылығы алдына қойып, облыстық сессияда мәселе қою арқылы типтік жобадағы 80 орындық екі қатарлы мектеп өткен жылы басталды. Ол осы жыл аяғында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Қызыл үй елді мекені тұрғындары жаға бойындағы ауыз су көзінің тартылып, құдық суының ашуына байланысты көп жылдан бері қиындық көруде. Аққыстаудан тасылатын су қымбат, жол қиындығына орай қатынас болмай қалатын кездері де бар. Сондықтан мәселе қоюдың арқасында Нарын разъезінен Қиғаштың суын Жасқайратқа дейін тіке тарту жобасы жасалып, биылғы жылы мамыр айында Қызыл үй елді мекеніне таза су жетті. Көпжылғы тұрғындар тілегі ескеріліп, енді бұл елді мекенге газ желісін тарту жобасы жасалуда. Елді мекенде клуб, кітапхана, дүкен жұмыс жасайды, жаңа типті медициналық пункт салынды, биыл оған арнайы автокөлік бөлінді. Шалғай елді-мекеннің мұқтаж азаматтарына Парламент Сенатының депутаттары болған жерлестеріміз Қайрат Есжанов, Сәрсенбай Еңсегенов мырзалар да әркез қолдау білдіріп отырды. Әсіресе, бұл азаматтардың қолдауымен Бақберген Қарабаев, Нұрлыбек Ожаев мырзалар аудан әкімі болған кезеңдерде Нарын құмындағы әр учаскелерге радио-телефон байланыстары, желден энергия алатын қондырғылар сатып алынып, орнатылды. Біздің ауданнан үш дүркін облыстық мәслихат депутаты болған жерлесіміз, меценат Өнербек Жанбала құм өңірін жиі аралап, қолдан келген көмегін көрсетіп отырады. Көп жылдар бойы Қызыл үй мектебінің оқу жылы қорытындысына орай Хатима Дайырова, Уәли Жайықов, Батан Ыбыраев атындағы стипендиялар тағайындалып, оны Өнербек Жанбала, Ғизатолла Мүрсалиев және осы жолдардың авторы болып жүзеге асырып отырдық. Өнербек шаруагер Ғапу Есенғалиевке қуатты ток беретін трансформатор, Қызыл үй медициналық пунктіне шетелдік массаж кереуетін тарту етті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

– Құм өңірін игеру мен Қызыл үй елді мекенін дамытуда алға қарай қандай жұмыстар жүзеге асырылғаны жөн деп ойлайсыз?

– Бүгінде Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай, Нарын округтерінің әрқайсысының құм өңірінде халықтары тұрады. Әрқайсысы дәрігерлік қамту, мал сырғалау, санақ, егіс, сайлау, т.б. мәселелері бойынша жеке-жеке құм өңірлерімен байланыста болады. Осы құм өңіріндегі барлық мың жарым халықты бір округке топтастырып, орталығын Қызыл үй етіп белгілеу мәселесі өзінен-өзі сұранып тұр. Бұл өзіндік проблемалары бар Нарын құмы шаруагерлеріне өте қолайлы болған болар еді. Сондай-ақ, құм өңіріне заманауи жетістіктерге орай байланыс, күн көзін қуатқа айналдыратын қондырғының қолжетімді түрлері қажет-ақ. Ең бастысы, Қызыл үй елді мекеніне газ желісін тарту мен оған дейінгі жолдың сай-сала, сор сияқты көктем, күзде өтуі қиын жерлерін биіктетіп өткелдер салу қажеттілігі бар. Қызыл үйде мал өнімдерін тұтыну тауарларына айырбас-тайтын тұрақты жәрмеңке ұйымдастыру да бүгінгі күннің талабы деуге болады. Жалпы әңгімені түйіндеп айтар болсақ, бұл елді мекеннің қазақи дәстүрді сақтауы, өзара сыйластық өнегесі, қонақжайлылығы, ұйымшылдығы кешегі өткен Ғайнолла, Қаженбай, Мұқыш, Өлдан, Қаден, Хатима, Оқас, Қалаубай, Ғибрат, Қабес, Ермек, Таумандар бүгінгі Сұңғат, Тілекқабыл, Амангелді, Батан, Есенгелді, Шәріп сияқты аға буындарға жалғасса, ол рухани түрде жаңғыра отырып, келешекке жол салады. Мен алға қарай да бүгінгі жастардың бұл өнеге-тәрбиені келешекке жетелеп, Қызыл үйді өнегелі, өркениетті, салауатты, сән-салтанатты елді мекенге айналдыратынына еш күмәнім жоқ.

Құм өңіріндегі барлық мың жарым халықты бір округке топтастырып, орталығын Қызыл үй етіп белгілеу мәселесі өзінен-өзі сұранып тұр. Бұл өзіндік проблемалары бар Нарын құмы шаруагерлеріне өте қолайлы болған болар еді. Сондай-ақ, құм өңіріне заманауи жетістіктерге орай байланыс, күн көзін қуатқа айналдыратын қондырғының қолжетімді түрлері қажет-ақ. Ең бастысы, Қызыл үй елді мекеніне газ желісін тарту мен оған дейінгі жолдың сай-сала, сор сияқты көктем, күзде өтуі қиын жерлерін биіктетіп өткелдер салу қажеттілігі бар. Қызыл үйде мал өнімдерін тұтыну тауарларына айырбастайтын тұрақты жәрмеңке ұйымдастыру да бүгінгі күннің талабы деуге болады. Бұл елді мекеннің қазақи дәстүрді сақтауы, өзара сыйластық өнегесі, қонақжайлылығы, ұйымшылдығы кешегі өткен Ғайнолла, Қаженбай, Мұқыш, Өлдан, Қаден, Хатима, Оқас, Қалаубай, Ғибрат, Қабес, Ермек, Таумандар бүгінгі Сұңғат, Тілекқабыл, Амангелді, Батан, Есенгелді, Шәріп сияқты аға буындарға жалғасса, ол рухани түрде жаңғыра отырып, келешекке жол салады.

Әңгімелесіп, сұхбат жүргізген Мұрат БЕКТЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz