Ынта болса, қолдау бар

Жуырда ауданымызда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларымен таныстыру бойынша көшпелі мәжіліс өтті.

Оған облыстан арнайы келген топ құрамында ішінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі Г.Шоханова (топ басшысы), жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Д.Әбішева, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары М.Латифов, “Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ облыстық филиалының менеджері А.Жанұзақ, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” Атырау облыстық филиалының өкілі М.Хамиев, “ҚазАгроҚаржы” АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Қ.Есенғалиев, “Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басқармасының өкілі М.Сұлтанов, “ҚазСушар” РМК “Төменгі-Жайық” суландыру филиалының басшысы А.Рысжановтар болды. Сонымен бірге, аудандық дербес бөлімдердің, аумақтық басқармалар мен коммуналдық мекемелердің басшылары және округ әкімдері қатысты. Облыстан келген өкілдер алдымен өз салаларына байланысты мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсініктер беріп өтті.

Мәселен, топтың басшысы Г.Шоханова, грантқа түсетін жобалар жөнінде, осы жылға бөлінген қаржыға сай облыс бойынша жұмыс жасап отырған жобаларға да тоқталды. Оның айтуынша, 2015 жылы осы ауданнан грант ұтып алған макарон өнімдерін шығарушы жергілікті кәсіпкер З.Наурызбаева, өткен жылы Қызылқоға ауданынан грант иеленген бір кәсіпкер қан құрамын анықтау құрылғы сатып алып, бүгінде жұмыс жасап жатқан көрінеді. Осындай деректер келтірген ол грант иелену мен үкіметтен қайтарымсыз қаржы алудың артықшылықтары жөнінде түсінік берді. Үш бағыт бойынша іске асырылып, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында жұмыс жасап келе жатқан “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған” бағдарламасы бойынша сала маманы Д.Әбішева түсіндірді.

Өз кезегінде қаржы институтары өкілдері де өз бағдарламалары мен жобалары жөнінде толық мәліметпен таныстырып, сұрақ-жауап алаңында жиналғандарға тиісінше жауаптар берді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамушы елдер экономикасын дамытушы фактор кәсіпкерлік болып табылады. Шағын кәсіпкерлікті дамытудың басты мақсаты – ел экономикасын қарыштап дамытып, халық қажеттілігін қанағаттандыру, сонымен қатар нарыққа өтімді тауар жіберу. Жалпы елімізде шағын кәсіпкерлік дамыса, қоғамда бәсекелестік те дамиды, қосымша жұмыс орындары ашылып, тұтыну секторы да көбейеді. Осындай көшпелі жиналыстар жоспарлы өтіп, халыққа тетіктері жете түсіндіріле берсе, оның біздің ауданда да өркен жая түсері сөзсіз.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521