Құртқашаштың қасиеті

Қазақ халқы төрт түліктің, соның ішінде ойсылқара сүтінің (шұбатының) адам саулығына пайдасы туралы ежелден-ақ білген.

Шұбат – түйе сүтінен алынатын, қоректік және емдік қасиеті жоғары, халқымыздың қашаннан бергі сусыны. Соңғы уақыттарда осынау шипалы сусынның құрамы, құнарлылығы ғылыми тұрғыда дәлелденіп, айтылып та, жазылып та жүр. Менің айтпағым ол емес, анамнан көрген шұбатты ыстау әдісі жайы.

Біреу білер, біреу білмес, құмды, шөлді аймақта, тау бөктерінде, ормандарда құртқашаш (лат.Iris) деп аталатын өсімдік өседі. Ол көктемде, сәуір-мамыр айларында гүлдеп, маусым-шілде айларында піседі екен. Менің анам болса, осы құртқашашты қырға барған адамдарға үнемі аманаттап қосып, алдыртып қоятын.

Бір ғажабы, құртқашаш қанша уақыт сақталса да пайдалануға жарай береді. Қураған құртқашаштың аздаған бөлігін қызыл шоққа салып, үстіне шұбат құйылатын ыдысты төңкеріп қоятын. Шөп болса түннен таңға дейін жаймен бықсып жанып, ыдыс әбден ысталады. Ыдысты осылайша ыстау оған құйылған шұбатқа таңдайдан кетпес дәм, ерекше хош иіс беретін, тәбетіңді ашатын. Анам ақтың (шұбаттың) ыдысын ауық-ауық осылай ыстап тұратын.

Бала кезімде көктем жетіп, мал төлдей бастағанда ысталған шұбаттың дәмі ауызға келіп, түйелер боталап, шұбат дайын болар күнді асыға күтетінмін. Мен үшін шұбат бояғыштар қосылған, зиянды химиялық қоспалары бар қазіргі кездегі түрлі шырындардан мың есе артық, аңсап ішер хош иісті қадірлі сусын әлі.

Гүлдана ХАЙРУШЕВА,

студент

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521