Ауылдық мәдениет үйіне Нариман Үлкенбаевтың аты берілді

Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, Атырау өңіріндегі алғаш халық театрларының негізін қалаушылардың бірі Нариман Үлкенбаевтың аты салтанатты түрде беріліп, мәдениет үйі алдындағы жаңа маңдайша ашылды.

Мәдениет үйінің алдында басталған шараның ашылуында сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев еліміздің әр өңірінен арнайы ат терлетіп келген меймандарға қош келдің айтып, жиылған көпшілікті құттықтады. Құм Нарын төсінде туып, күллі алашқа танылған ардақтылардың алдыңғы қатарында тұратын қайраткердің есімі өзі тер төгіп, Ғатау Рамазановпен бірге осы халық театрының негізін қалаған азамат Нариман ағамыздың атының өнер ошағына берілуін оң бастамаға балаған аудан басшысы ҚР Үкіметінің биылғы 24 қаңтардағы №9 қауылысының көшірмесін табыстады.

Одан әрі сөз кезегі қонақтарға берілді. «Ардагерлер қоғамы» республикалық ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары белгілі ғалым академик, тарихшы Өмірзақ Озғанбайұлы жалғаған жылы лебіз Қазақстан Жазушылар Одағы өлке баспасының директоры Мереке Құлкенов пен әке аманатын жалғаушы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Айгүл Үлкенбаеваның тілектеріне ұласты. Ал, Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің маңдайшасын ашу құрметі өнер иесінің үзеңгілес жолдасы, белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлы мен зайыбы Шолпан Қарақойшықызына жолданды.

n

Мәдениет үйінің сахнасында жалғасын тапқан ауқымды мерекелік шара жергілікті ақын Серікбол Панабердиевтің арнау жырымен ашылды. Одан соң Аққыстау халық театры әртістерінің дайындаған қойылымы мен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілерінің, ауылдағы әжелер ансамблінің өнерлері көптің көңілін көтерді. Аудан әкімі Марат Мурзиев Үлкенбаевтар отбасына тілек хатын тапсырып, күйші Айгүл Үлкенбаеваның иығына құрметпен қазақы камзол жапты.

n

Шарада мәдениет саласының бірқатар ардагерлеріне әр деңгейдегі марапаттар табысталып, меймандар ақ тілектерін ақтарды. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы меценат Бекет Тұрғараев пен «Дарын» сыйлығының иегері, белгілі ақын Светқали Нұржан өнер қайраткерінің өлең-жырлары мен ән-күйлері жинақталған «Нариман Үлкенбайұлы» атты жаңа кітаптың лентасын қиып, көпшілікті топтамамен қысқаша таныстырып өтті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521